Қазіргі күні балам шығармашыл болсын деп оны ана үйірмеден мына үйірмеге сүйрейтіндер бар. Оған қоса балалар мен жасөспірімдердің мінезі көп талқыланады. Үлкен буынның «қазіргі балалардың мінезі қиын», «қазіргі балалардың мінезі ауыр» деген пікірін де естіп қаламыз. Бұл нәрсені әлеуметтік желі мен смартфонның ықпалы деп түсінетіндер де аз емес.
Baribar.kz тілшісі бала психологы Ахгуль Хусаянмен, психолог Әсел Садумен, логопед-дефектолог Қаламқас Асқарқызымен және бес баланың әкесі Әуен Керейбаевпен сөйлесіп, баланың ата-анамен қарым-қатынасы, бала психологиясындағы ерекшеліктер, бала шығармашылығын дамытудағы проблемалар туралы сұрады.
«Баладан күтетін талаптар да балаға әсер етеді»
Қоғамда балалардың мінезіне қатысты түрлі пікір айтылады. Бала теріс іс-әрекет істесе, «қазіргі балалар осындай», «қазіргі буын бұзылған» деп айыптауға құмар үлкендер жоқ емес. Осы тұста «Қазіргі балалар шын мәнінде өзгеше ме?» «Өзгеше болса, неліктен өзгеше?» «Баланың өзгеше болуына не нәрсе түрткі болады?» деген заңды сауалдар туындайды. Балалар психологы Ахгуль Хусаянның айтуынша, баланың мінез-құлқына әсер ететін көптеген фактор бар.
Технологиялық дәуірдің әсері мен барлық нәрсе өте жылдам өзгеретіндіктен, балалардың даму кезеңдері де аса тез өзгеріп жатыр. Себебі қазіргі балалар тым аз уақыт ішінде көп нәрсе үйренеді әрі балаға жан-жақтан әсер ететін импульстар да бар. Бала бұл нәрсенің барлығын сіңіріп, өмірін жалғастыруға қиналады. Бұл сөзімізге дәлел ретінде балалар арасында көп кездесетін зейін қоя алмау сияқты проблеманы атауға болады. Ересек адамдардың құндылықтары, баладан күтетін талаптар да балаға әсер етеді. Әр жаңа буын технологиялық құрылғыларға жақын болатыны түсінікті. Осы себепке байланысты ата-аналар баланы өз уақытымен салыстырмауы қажет. Бұл әділ салыстыру болмайды. Бұл жердегі ең маңызды мәселе – баланың технологиялық құрылғылармен өткізетін уақыты баланың мінез-құлқына қалай әсер етіп жатқаны, – дейді психолог.
Логопед-дефектолог, баланы дамытумен айналысатын маман Қаламқас Асқарқызы жас ата-аналар балалары арқылы өз жарасын емдеп жатқанына тоқталды.
Қазіргі балалар қиын емес. Қазіргі балалар эмоциясын еркін білдіреді. Біздің буынның әке-шешесі балаға осындай еркіндік бергенде травмаға толы буын болмайтын еді. Қазіргі уақытта жас ата-аналар балалары арқылы өз жарасын емдеп жатқанын байқаймыз. Негізінде балаға мінез-құлқына байланысты тәрбие берген жөн. «Қалыптасып қалған стиль бойынша тәрбие беру керек» деген пікірде емеспін. Балалар неше түрлі болады. Баламен кей кезде дос ретінде сөйлесіп, кей кезде «авторитет» ретінде де сөйлесу керек. Ең бастысы – бала тәрбиесінде фанатизмге ұрынбау. Еркіндікті де дұрыс бере білу керек, – дейді ол.
«Біз баланы өзгертуге емес, оны түсінуге зейін қоюымыз керек»
Психолог Әсел Саду бала тәрбиесіне қатысты төрт стиль бар екенін атап, сол стильдерге жеке-жеке тоқталды.
Ата-ана баламен қарым-қатынас жасағанда құрметпен сөйлесуі керек. Баланың жас ерекшелігін ескеру де маңызды. Үш жасар бала қарапайым сөзбен түсіндіруді талап етсе, жасөспірім бала күрделі нәрселерді жеңіл түсінеді. Негізі бала психологиясында тәрбиелеудің төрт стилі бар. Ол – құрметпен тәрбиелеу, авторитарлық стиль, тәрбиеге кіріспеу және либералдық стиль. Осы стильдердің ішіндегі салауатты тәрбиелеу түрі – құрметпен тәрбиелеу. Құрметпен қалай тәрбиелейді? Бұл стиль бойынша ата-ана баланың жасына, даму ерекшелігіне, эмоциясына, мінез-құлқына назар аударып, қолдау көрсетеді. Баланың жақсы жақтарын қолдап, теріс әрекеттерін қабылдайды. Ата-ананың ең бірінші функциясы – баланы қабылдау, жақсы көру. Екінші функциясы – қорғау. Үшінші фукнциясы – таңдау құқығын ескеру. Бұл үш функция ескерілгенде бала жеке тұлға ретінде қалыптасады. Үш функция да баланың болашақта өз жолын табуына, бақытты өмір құруына жақсы жол болады. Авторитарлық стиль – баланы толық бақылау, ойын ескермеу, эмоциясын қабылдамау. Кіріспеу стилі бойынша ата-ана бала тәрбиесіне мүлдем араласпайды. Бұл жағдайда бала өзін жалғыз сезініп, ата-ана мен бала арасында салқын қарым-қатынас орнайды. Түсініспеушілік өте көп болады. Либералдық стильде ереже болмайды. Бұл стиль түрі ата-ананың көңіл-күйіне байланысты өзгереді. Бұл дұрыс емес. Тәрбиелегенде міндетті түрде ереже мен шарт болады. Осы ереже мен шартты ата-ана да орындауға тиіс. Осы арқылы ата-ана балаға үлгі болады, – дейді маман.
Психолог Ахгуль Хусаянның сөзіне қарағанда, ата-ана баланы өзгертуге емес, түсінуге мән беруі керек.
Баламен қарым-қатынасқа жасағанда ерте орындалатын іс-әрекет – баламен байланыс орнату. Ата-ана мен бала арасындағы сенім және қауіпсіз байланыс зақымдалса, бала қарсы шығу, қашу, елемеу сияқты жолдарды таңдайды. Бала бұл іс-әрекеттерді қорғану үшін істейді. Сенімге негізделген байланыс екі адам бір-бірінің сезімін көріп, жай-күйін түсіне алғанда ғана басталады. Осы себепке байланысты біз баланы өзгертуге емес, түсінуге мән беруіміз керек. Гүл оған мән бергенде ғана гүлдейді, ашылады, өседі. Бүгінгі таңда баланың шекарасын құрметтеу сәнге айналды. Шын мәнінде, жеке шекара деген – баланың шынайы болмысы, кеңістігі, жан-тәні, – дейді ол.
«Телефонға телмірмесін деп балаға бос уақыт қалдырмау дұрыс емес»
Әуен Керейбаев – музыкант, бес баланың әкесі. Музыканттың бес баласы да өнерге жақын, шығармашылыққа бейім болып өскен. Әуен Керейбаев бала шығармашылығы дамуы үшін ең әуелі жақсы жағдай керек екеніне тоқталды.
Менің бес балам бар. Бес балам да шығармашылыққа, өнерге жақын. Бірінші ұлым көп уақыт өзге салада жұмыс істесе де, шығармашылыққа оралды. Қазір сценарий жазып, фильмдерге түсіп жүр. Екінші қызым Астана опера театрында скрипкашы болып істейді. Қалған ұл-қыздарым да өнер мектебіне барып жүр. Өзім музыкант болғандықтан балаларым да өнерге жақын. Бірақ менің ойымша, бала тәрбиесіне ата-ана ғана жауапты емес. Бала тәрбиесіне мектеп пен үкімет орындары да жауапты. Үкімет жөнделмей, отбасы жөнделмейді. Несиесін жаба алмай, отбасын асырай алмай жүрген адам қалай бала тәрбиелейді? Баласын базарға апарып «сен мынаны сат, мен мынаны сатамын» деген адам баласына қарай ала ма? Әрине, бұл нәрсенің түпкі ойы дұрыс. Бұл еңбекке баулу да шығар. Бірақ бала шығармашылығы бұлай дамымайды, – дейді ол.
Қаламқас Асқарқызының айтуынша, баланың шығармашылығын дамытқысы келетін ата-аналар балаға мүлдем бос уақыт қалдырмайды.
Ата-ана баланы әр секцияға бере бермей, қалаған жеріне жіберуі керек. Телефонға телмірмесін деп балаға бос уақыт қалдырмау дұрыс емес. Баланың шығармашылығын дамытқысы келетін ата-ана баланы тыңдап, баланың икемін байқап, соны дамытуы керек, – дейді маман.
«Қазіргі балалардан үйренеріміз көп»
Ахгуль Хусаян отбасы мен ата-ананың бала өміріндегі маңызына тоқталды.
Адам өмірінде талай қиындық болады. Сол кезде адамның қауіпсіз сезініп, пана табатын орны – отбасы. Өмірдің қиындығына кезіккенде көмек күтетін жері де – отбасы. Зерттеулер балалық шақтың адам қалыптасуы мен дамуында аса маңызды рөл атқаратынын түсіндірді. Баланың әлеммен байланысы ата-анасымен байланысынан басталады. Бала өмірдегі қиындықтарды қалай қабылдап, шешуге болатынын ата-анасының өзіне деген қарым-қатынасы арқылы көреді. Суицидке баратын балалардың бойында ашу, жалғыздық, шарасыздық, үміттің үзілуі деген сияқты сезімдер болады. Осы сезімдерге кезіккен бала ата-анасы қасынан табылмаса, мәселенің жалғыз жолы суицид деп ойлауы мүмкін. Көптеген зерттеуде балалар арасындағы суицидке отбасы факторы әсер ететіні де жазылған. Осы себептен де баланың дамуында отбасы өте үлкен рөл ойнайды, – дейді ол.
Қаламқас Асқарқызының сөзіне қарағанда, балалардан үйренеріміз көп.
Қазіргі балалардың талабы жағдайға байланысты өзгереді. Бірақ ең басты талаптар ешқашан өзгермейді. Ол – махаббат, мейірім. Қазіргі балалар жеке өзіне уақыт бөлуді де талап етеді. Міне қазіргі балалардың біздің буыннан ең басты айырмашылығы да — осы. Олар ойын еркін және тіке жеткізе біледі. Бұл қасиет ересек адамдарда да болмауы мүмкін. Осы себепке байланысты қазіргі балалардан тәрбиені біз де аламыз. Біздің олардан үйренеріміз көп, – дейді Қаламқас Асқарқызы.
Әуен Керейбаевтың сөзіне қарағанда, балаға әуелі дұрыс тәрбие беру қажет.
Негізі талантты балалар өте көп. Бірақ адамға жалғыз талант жеткіліксіз. Тәрбие болмаған жерде таланттың пайдасы аз. Мысалы, Димаш Құдайберген таланты арқылы әлемге танылды, ал тәрбиесі арқылы сол атақ-даңқты сақтап қалды. Айтылған сын мен мінді сахнадан кетпей тыңдауы да әншінің тәрбиесін көрсетеді. Димаш Құдайберген тәрбиенің арқасында осындай деңгейге жетті. Ал қазір баласына боқтап сөйлейтіндер бар. Сондай адамдарды жаным жек көреді. Баланың жанында боқтау, темекі шегу дұрыс емес. Баламен таза жұмсақ сөйлесіп, «таза» қарым-қатынас орнату керек. Мысалы, мен балаларыммен оңаша сөйлесіп, «қандай проблема болып жатса да айт» деймін. Басты себеп – айтылмаған проблема ұлғая береді, – дейді ол.
«Ата-анаға көмектесу не көмектеспеу баланың өз еркі»
Қазақ отбасында үлкен кісілер «осы балам мені асырайды», «осы балам мені жеткізеді» деп айтып отырады. Психолог Әсел Садудың айтуынша, бұл сөздер балаға міндет жүктейді.
Балаға міндет жүктеу дұрыс емес. Бұл бала үшін ауыр. Ата-ананың «Баланы туамын ба, тумаймын ба?» деген таңдауы болады. Баланың ешқандай таңдауы жоқ. Күйеуі мен әйелі бала жоспарламай тұрып жеке қарым-қатынасын реттеуі қажет және қаржылық жағдайы тұрақты болуы керек. Осы екі нәрсе ескерілгенде ғана бала туу жайлы ойланған жөн. Балалық шағынан бастап өзіне міндет жүктелгенін естіген бала «міндеттімін» деп ойлайды. Шын мәнінде, бала міндетті емес. Ата-анаға көмектесу не көмектеспеу баланың өз еркі. Ал ата-ана балаға бала кезінде көмектесуге міндетті. Бұл – табиғи нәрсе, – дейді Әсел Саду.
Ахгуль Хусаянның сөзіне қарағанда, ата-анаға қамқор болу – борыш емес, таңдау.
Қоғамда қарызы жоқ адам аз шығар. Менің ойымша, баланың ата-ана алдында өтейтін борышы жоқ емес. Баланың борышы ата-ананың сүрілмеген өмірін жалғастыру емес. Баланың борышы – ата-ана берген тәрбиені, даналықты, құндылықты өз әлеміне сіңіріп, адам болып өмір сүру. Ал ата-анаға қарау, оларға қамқор болу — борыш емес, адамның ары мен қалауына, махаббатына қатысты таңдауы, – дейді ол.
Бала тәрбиелеп отырған ата-анаға 5 кеңес
Психолог Әсел Саду бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға бес кеңес берді.
Бала тәрбиелеп отырған ата-ана әуелі баламен сапалы уақыт өткізуі керек. Сапалы уақыт өткізу дегеніміз – күнделікті немесе апта сайын болса да жақсы естелік қалдырып, жағымды әсер сыйлайтын нәрселер жасау. Екінші кеңесім – ата-ана күнделікті баланың хал-жағдайын сұрап тұруы керек. Жұмыстан келгенде немесе таңертең баланың жағдайын сұрап, «Жағдайың жақсы ма?» «Қандай сезімдер сезініп жүрсің?» «Қандай сұрақ мазалайды?» деген сауалдарды қою маңызды. Үшінші кеңесім – қандай жағдай болса да баланы қорғау. Мысалы, балаңыз көшеде бір баламен төбелесіп қалды делік. Көпшілік алдында балаға ұрыспауыңыз керек. Бірінші әрекетіңіз түсіну болуы керек. Жұрт алдында ұрыспаңыз, қорғаңыз. Үйге келгенде сөйлесіп, түсіндіріңіз. Ұрысу, ұру баланың психикасына үлкен жара қалдырады. Төртінші кеңесім баланы өзіңіз сияқты көрмеу. Бала – жеке тұлға. Баланың өз темпераменті, өз мінез-құлқы, өз эмоциялық ерекшеліктері бар. Бесінші кеңесім – ата-ана өз ресурсын толықтырып отыруы қажет. Шаршаған, жүйкесі жұқарған ата-ана балаға ешнәрсе бермейді. Бас себеп – ресурс жоқ. Осы себепке байланысты ата-ана өз ресурсын толтырып, өзіне ұнайтын нәрселерді жасауы керек. Әуелі ата-ана бақытты болуы керек, – дейді ол.
Логопед-дефектолог, баланы дамытумен айналысатын маман Қаламқас Асқарқызы да кеңес айтты.
Бірінші кеңес – өзінді тәрбиелеу. Оның негізгі себебі – бала бізге еліктеп өседі. Екінші кеңес – махаббат білдіру. Махаббатты іспен де, сөзбен де білдірген жөн. Күнде «мен сені жақсы көрем» деп айтып тұруға болады. Махаббатқа бөленіп өскен баланың ойында қатігездік болмайды. Үшінші кеңес – баламен жеке кездесу ұйымдастыру. Төртінші кеңес – баланың білімін ғана қадағаламай, этикалық, моральдық принциптерін қалыптастыру. Бесінші кеңес – бала өскен кезде сепарация жасай білу, – дейді логопед-дефектолог.
Ахгуль Хусаянның айтуынша, ата-ана әуелі өзін тануы керек.
Біз өзімізді тануымыз керек. Өзіміздің жан-дүниемізді, жарақатымызды, күшімізді, қасиетімізді, болмысымызды тануымыз керек. Себебі өзін білетін адам басқа адамды да біледі, түсінеді, сезеді, – дейді психолог.
Маманның айтуынша, ата-ана өзінің балалық шағы мен баласының балалық шағы екі бөлек әлем екенін түсінуі керек