Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Рәзия Ақпар — 15 жастағы жас қаламгер. Ол осы уақытқа дейін екі рет өзінің ертегі жинағын басып шығарған. Жас дарын Baribar.kz тілшісіне шығармашылығы туралы және алғашқы ертегісін қалай жазғаны туралы айтып берді.

Жас қаламгердің айтуынша, өзі кішкентайынан ертегі оқып, оның мазмұнын айтып беруге қатты қызыққан. Уақыт өте келе өзі де ертегі құрастыра бастаған.

Бірінші ертегімді 10 жасымда жаздым. 5-класс оқып жүргенде «Қазақ тілі» пәнінен мұғалім үй тапсырмасына ертегі жазып келіңдер деді. Тақырып — сөз таптары. Жазып, қателерін түзеу үшін анама көрсеттім. Анам жазғанымды ұнатты. Мектепке барып, оқып берген соң, мұғалімім де мақтады. Бұл шығарманы алғашқы шыққан «Ертегі әлеміндегі ханшайым» деген жинаққа да қостық, — дейді ертекші.

Рәзиядан осы ертегінің сюжеті жайлы қысқаша айтып беруді сұрадық. Автордың айтуынша, бұл — батырлық пен мейірімді дәріптейтін шығарма.

«Ертегі әлеміндегі ханшайым» жинағы. Фото: Рәзия Ақпар

Ерте, ерте, ертеде Қазақ тілі деген елде Зат есім деген жігіт өмір сүрген екен. Ол кішкентайынан бәріне «Кім?» «Не?» деп сұрақ қоя беретін болған. Көп сұрайтын болғаны сонша, жұрт ығыр болыпты. 

Есейе келе, Зат есім ержүрек, батыр ерге айналады. Ол ауылда тұрғандықтан, ата-анасына қолғанат болып, қой бағуға көмектесіп жүреді. Осындай бейбіт күннің бірінде жағымсыз хабар тарайды. Қазақ тілі елінің ханы «Жау келе жатыр» деп жар салады. 

— Жау келе жатыр. Ел қорғайтын батырлар қажет. Қарсы шауып, жауды жеңген адамға қызымды беремін, — дейді хан.

Сонда Зат есім де ойланып қалады. Ханның қызы жайлы айтқанда, жұрт қызығып «Қандай?» «Қай?» деген сұрақ қояды екен. Хан қызының аты — Сын есім. Ол қолаң қара шашты, сұңғақ бойлы, көздері ботадай өте сұлу қыз болған.

Осыдан соң Зат есім ханның қызын көргісі келіп сарайға барады. Хан оның батылдығына тәнті болып, қызын көруге рұқсат береді. 

Көп өтпей Зат есім де жауға аттанады.

Зат есімге не болатынын, Хан қызы кіммен қосылатынын білгісі келген оқырман ертегінің жалғасын жинақтан тауып оқыса болады. Оны өзім сатамын, — дейді ертегі авторы.

Рәзияның бұл ертегісі оның бірінші жинағына енген. «Ертегі әлеміндегі ханшайым» деп аталатын жинақ 2021 жылы шыққан. Бұған қаламгердің осыдан өзге он шақты шығармасы енген.

Бұл жинақтағы ертегілердің көбі мектепте оқыған пәндерге байланысты жазылды. Қазақ тілі пәні бойынша жаңағы айтқан «Сөз таптары» тақырыбын қостым. Сонымен қатар «Музыка әлемі», «Математика әлемі», «Жаратылыстану мекені» және тағы басқа ертегілер кірді. Бұған қоса сол кездері өзекті болған тақырыптарға да ертегі жазып көрдім. Мысалы, вирустар жайлы, онлайн оқу туралы да жазғаным бар, — дейді Рәзия.

Рәзия Ақпар. Фото жеке архивінен

Рәзияға бұл жинақты шығаруға анасы көп көмектескен. Айтуынша, анасы оның шығармашылық дамуына көп көңіл бөледі.

Үйде алты ағайынбыз. Ата-анамыз бізді кішкентайымыздан спортқа, шығармашылыққа баулыды. Түрлі үйірмеге жаздырды. Көркем гимнастика бойынша жүлделі орын да алғанмын. Анам әр бастамамды, қабілетімді ерекше қолдайды. Бойымдағы қабілетті, ертегі жазуға икемім барын бірінші болып байқаған да — анам. Алғашқы ертегімді жоғары бағалап, мақтанып Instagram-парақшасына салып қойды. Шабыт берген соң, мен жаңа ертегілер құрастыра бастадым. Жинақ шығару туралы айтқан да — сол кісі. Қаржылай жағынан, әрине, әкем көмектесті, — дейді Рәзия.

Рәзия былтыр екінші ертегілер жинағын басып шығарды. Ол «Ақшақар арман» деп аталады. Бұл жинақта достық жайлы, табиғатқа сүйінспеншілік туралы ертегілер басым.

Рәзия шабыт алу үшін, білімін арттыру үшін кітап оқығанды дұрыс көреді. Әсіресе ол Дулат Исабеков пен Оралхан Бөкейдің шығармаларын сүйіп оқиды.

Жақында Оралхан Бөкейдің шығармаларын ретімен оқи бастадым. Дәл қазір жазушының «Қар қызы» деген повесін оқып жүрмін. Әзірге ұнап жатыр, — дейді ол.

Рәзия тек ертегі жазбайды. Ол қазір де шығармашылықтың түр-түрімен айналысады. Бос уақытында сурет салғанды жақсы көреді. Сонымен қатар тоқыма тоқуды да меңгеріп алған.

Рәзия тоқитын ойыншықтар. Фото жеке архивінен

Мектептегі «Еңбек сабағында» тоқыма тоқуды үйреніп алдым. Кейін үйде де тоқитын болдым. Түрлі видеосабақ қарап, ойыншық тоқуды үйрендім. Қазір Астана тұрғындары үшін ойыншық тоқып сатамын. Тіпті екінші ертегілер жинағының тұсаукесерінде осы өзім тоқыған қуыршақтардан театр құрдық. Мен жазған ертегіні осы қуыршақтармен сахналап шығардық. Меніңше, ерекше әрі қызық тәжірибе болды, — дейді ол.

Рәзия әзірге болашақта нақты қай сала маманы болғысы келетінін шешпеген. Ол әлі шығармашылықтың түрлі саласымен айналысып көргісі келеді.

Шынымды айтсам, бірден бірнеше мамандық иесі болғым келеді. Жазушы да болғым келеді, журналист те, актриса да болғым келеді. Қазір мен үшін барлық мамандық қызық. Сол үшін қазір бәрін біртіндеп зерттеп көре беремін, — дейді ол.

Қазір ол — «Ұлан» республикалық балалар мен жасөспірімдер газетінің жас тілшісі. Рәзия қазір газетке өзі қызығатын тақырыптарға мақалалар жариялап тұрады.

Сонымен қатар жас қаламгер жақында үшінші ертегі жинағын шығаруды жоспарлап отыр. Ол бұл жолғы жинақ ерекше болады дейді.

Өзім сурет салғанды жақсы көремін. Сонымен қатар кейінгі жинақ шыққалы да біршама ертегі жазып тастадым. Жақында соның бәрін бір жинақ қылып шығарамыз. Бұл жолы сурет салу қабілетімді де қосқым келді. Келесі жинақ комикс-ертегілер болып шығады, — дейді Рәзия.

Рәзия осы жинақ үшін тағы ертегілер құрастырып жатқанын айтты. 15 жасар қаламгер қазірдің өзінде жалпы 50-ден аса ертегі жазған. Сонымен қатар ол жақында мұғалімінің ұсынысымен өз мектебіндегі 5, 8, 10-класс оқушыларына ертегі жазу бойынша трениң өткізген.

***

Тағы оқыңыз:

55 бала шырқайды. Желіде тараған балалар хорының жетекшісі кім?