Отандық нейрохирургтер ми тамырлары аневризміне сәтті ота жасады

Азаматша Семей қаласынан елордадағы нейрохирургия орталығына санитарлық авиация арқылы жеткізілді. Клиникаға жеткізілген науқас басының қатты ауыратындығын, сол жақ көзін аша алмайтындығын айтқан.

2017 жылдың 19 наурызында ол Семейдегі қалалық аурухананың инсульттік бөліміне жеткізілген екен. Онда науқас барлық қажетті тексерулерден өткізілді. Зерттеу нәтижесі бойынша бас миы тамырларының көптеген аневризмі белгілері анықталды. Дәрігерлердің сөзіне қарағанда, бұндай жағдай адамдарда сирек кездеседі. Ал осы тексеруде аневризмнің біреуі өте үлкен көлемде екендігі анықталды. Сондықтан да ол шұғыл түрде Астанаға санитарлық авиация арқылы жеткізілді.

Өз кезегінде нейрохирургтер науқастың басына өте күрделі операция жасады. Бүгінде аталған азаматша Семейдегі үйіне аман-есен жеткізілді.

Жыл сайын Ұлттық нейрохирургия орталығында бас миының тамырлары патологиясы кезінде 400-ге жуық операция жасалады, оның 70 пайызы эндоваскулярлық әдіспен (тамыр ішінде жасалатын операция) өткізіледі. Бүгінде аневризмге дер кезінде операция жасалса, өте ауыр жағдайдағы науқастардың емделіп кетуіне толық мүмкіндік бар.

ДереккөзInform.kz