Қоғамдық көліктерге жолақы 120 теңге болуы мүмкін

Алматыда қоғамдық көліктерде сараланған тариф енгізілуі мүмкін. Алайда «Оңай» картасы бар азаматтарға уайымдаудың қажеті жоқ, олар үшін жол ақысы сол баяғыша 80 теңге болып қала бермек. Ал қолма-қол ақша төлейтіндер үшін билет құны 120 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Сондай-ақ, жаңа тариф бір реттік жол ақысын төлеп, бірнеше бағытқа тегін қатынайтындарға қатысты болмақ.

«Бізде қазір жолақы төлеудің 2-ақ түрі бар. 80 теңгеден карточка аласыз немесе сіз пенсионер, оқушы болсаңыз, жеңілдетілген 1 айлық жол жүру билетін аласыз. Енді қазір қоғамдық көлікті жиі қолданбайтын болсаңыз, 10-50 рет жол жүруге карточка аласыз, 1 жылдың ішінде 10-ақ рет жүрсеңіз, бұл карточка сізге 1 жылға жетеді. 1 айдан кейін күйіп кетпейді»,- деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт ИСАХОВ.

Тағы бір өзгеріс – қоғамдық көлікке аз мінетіндер бірнеше рет жол жүру картасына қол жеткізе алады. Яғни, айына 5-6 рет автобусқа мінетін болсаңыз, соған сәйкес карта сатып аласыз.

Жаңа тарифтің нақ қашан енгізілетіні әзірге белгісіз. Құжат толық мақұлданғаннан кейін, өзгертулер мен толықтыруларды жергілікті мәслихат бекітетін болады.

ДереккөзBaq.kz