Алматыда апатқа ұшыраған №18 автобустың ішінде болған жолаушылардың 25-і зардап шекті. Бір адам жедел жәрдем қызметі келгенше қайтыс болды.
Алматы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен жолаушылардың екеуіне жол апаты болған жерде медициналық көмек көрсетіліп, амбулаторлық емдеуге жіберілді.
Қалған 22 адам қалалық ауруханаларға жеткізілді. Бәрінің жағдайы – орташа ауыр. Олардың арасында 14, 15 және 16 жастағы үш жасөспірім бар. Бір баланың тізесі мен іші көгерген, екіншісіне мұрын сүйегінің жабық сынуы, ал үшінші жасөспірімге оң аяғының жабық сынығы диагнозы қойылды, — деп хабарлады басқармадан.
Қазір науқастар қажетті ем-дом алып, қосымша тексеруден өтіп жатыр.
Содан кейін кімге стационарлық ем қажет екені, кімнің тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық емделуге жіберілетіні белгілі болады. Жарақат алған барлық науқасқа қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіледі, — делінген хабарламада.
Еске салайық, Алматыда автобус апатқа ұшырап, бір адам қаза болды.