Бала күнімізде бір тұлға жайлы бас-аяғы бүтін кітап болса дейтінбіз. Сондай кітап оқып өспегендіктен, қазақтан шыққан танымал тұлғалар жайлы біліміміз таяз. Өмірінің әр-әр жерін ғана үзіп-жұлып оқыдық. Бұл олқылықтың орнын Mazmundama баспасы толтырып жатыр. Баспаның балаларға арналған «Ол кім?» деген сериясы бар. Бұл серия бойынша қазақ тұлғаларының өмірбаянын толық бір кітаптан оқып білеміз. Кітаптар алты жастан асқан балаларға арналған. Дегенмен оны жасөспірімдер де, ересектер де оқып жүр.
Baribar.kz тілшісі «Ол кім?» сериясының шығарушы редакторы Жандарбек Болатбекұлымен сұхбаттасты. Жандарбек серия бойынша шыққан кітаптарды шолып шығып, кітаптарды қайдан алуға болатынын және бұл миссияның өзі үшін маңызын айтып берді.
«Ол кім?» сериясы — тұлғатану әліппесі
«Ол кім?» сериясы — балаларға арналған сериялардың бірі. Әуелде бес-алты жыл бұрын «WhoHQ» деген серияның кітаптары ағылшын тілінен қазақшаға аударылып басылған. Баспа басшысы Шыңғыс Мұқан осы серияның құқығын сатып алып, аудармашыларға аудартқан. Бұл серия бойынша «Галилео Галилей кім?» «Исаак Ньютон кім?» «Никола Тесла кім?» «Пикассо кім?» және тағы осындай кітаптардың қазақшасы шыққан.
Содан кейін «Қазақта да мұндай тұлға көп, өзіміздікін неге шығармаймыз?» деп қазақ тұлғаларына кіріскен. Сөйтіп «Ол кім?» деген серия пайда болды. Бұл серия бойынша шығатын тұлғалар тізімін бекітіп қойғанбыз. Сол тізімдегі тұлғаларды кезегімен жазып, шығарып отырамыз. Дегенмен оның бәрін қамтуға уақыт керек. Бір кітап жазылып, редакцияланып, баспадан шығуына, орташа есеппен, бір-бір жарым ай уақыт кетеді. Дегенмен кейде авторларға, тұлға туралы жиылған деректерге қарай уақыт созылып кетуі мүмкін, — дейді Жандарбек Болатбекұлы.
Жандарбек бұл серияны «тұлғатану әліппесі» дейді.
Қарап отырсам, бала кезде оқыған кітаптарым есте қалады екен. Қазіргі күні оқығандарымыздың бірі есте, бірі ұмытылып кетеді. Өйткені ақпарат ағыны өте көп. Бұл кітаптарды бала қазірден оқыса, сол тұлға жайлы білімінің іргетасы қаланады. Қызығып жатса, тұлға жайлы әрі қарай ізденіп, тауып оқи береді. Сондықтан «Ол кім?» сериясын тұлғатану әліппесі деуге болады, — дейді шығарушы редактор.
Қазіргі күнге дейін серия бойынша 10-нан аса кітап шыққан. Қазір Жошы хан туралы кітап баспада жатыр, жақын күндері жарыққа шығады.
Ақын Ұларбек Дәлейұлының Foliant баспасынан «Жош хан» деген романы шыққан. Енді бізге балаларға арнап «Жошы хан кім?» деген кітап жазып берді. Жаз соңына таман немесе күзге салым «Шыңғыс хан кім?» деген кітапты да жазғалы отыр. Осылай қазақтың батырларын да, хандарын да түгендемек ойымыз бар. Оған қоса алашордалықтарды, сол кезеңдегі қайраткерлерді ұмытпадық. Қазір шыққан кітаптар қатарында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан бар. Алаш мұрасын насихаттау мақсатында құрылған Qyr balasy деген қоғамдық қор бар. Сол қор мүшелері бірнеше тұлғаны жазып жатыр. Әлімхан Ермек, Аққағаз Досжан, Сұлтанмахмұт Торайғыр, Қошке Кемеңгерұлы, Ғазым Бірімжан және Нәзір Төреқұл деген Алашорда қайраткерлерін жазып береді, — деді ол.
Биыл ақын Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығы аталып өтеді. Mazmundama баспасы ақын туралы кітап шығармақшы.
«Ол кім?» сериясы кітаптарының ерекшелігі — әр тарауда сол кезеңде болған тарихи оқиға немесе құбылыс жайлы қысқа ақпарат беріліп отырады. Сол деректер арқылы оқырман тұлғаның қандай заманда өмір сүргенін, кімдермен араласып, дос болғанын біліп отырады.
Мысалы, Дінмұхамед Қонаев туралы кітаптың бір бетін ашып көрдік. Оның кезінде тың игеру науқаны болды. «Тың игеру науқаны» деп үлкен қаріптермен бөлек ақпарат беріліпті.
Бұл — аса жауапты сериялардың бірі. Шыққан кітап пышақтың қырындай ғана болғанымен, жүгі салмақты. Шыны керек, басында жұмыс оңай сияқты көрінген. Жұмыс барысында алдыңа түрлі-түрлі мәтін келгенде оны редакциялау, корректура, суретін салғызу деген сияқты сан жұмыс шығады. Кітап баспаға кеткенше 10-15 рет оқылады, — дейді Жандарбек Болатбекұлы.
Word-тағы мәтіннен кітапқа дейін
Бұл серия кітабының тұжырымдамасы бар. Онда кітапты қалай жазу керек, не маңызды, нені ескеру қажет, қысқасы авторға керек мағлұматтың бәрі бар.
Әуелі автор табамыз. Жобаны түсіндіреміз, қаламақы мәселесін келісеміз, мәтін тапсыру қажет уақытты белгілейміз. Сосын тұлға ұсынамыз, автор өзі жақсырақ жаза алатын, жақсырақ білетін тұлғаны таңдап, кітапқа кіріседі. Дедлайнға жеткенде автор бізге Word-пен 20-25 бет етіп кітап жазып береді. Бір кітап 10-12 тараудан тұрады. Тұлғаның өмірге келгенінен бастап, дүниеден өткенге дейінгі кезеңі балаға түсінікті тілде әрі қызық етіп баяндалуға тиіс. Әуелі тұлғаның кім екені жайлы қысқа ақпарат жазылады. Бірінші тараудан бастап тұлғаның балалық шағы, бала күніндегі ерекшелігі, қабілеті, басынан өткен қызық оқиғалары беріледі. Ғылым, білім немесе өнер жолындағы алғашқы қадамы қалай болғаны, өмірінің өзгеруіне ықпал еткен оқиғалар мен тұлғалар қамтылады. Жеке өмірі, отбасы, достары айтылады. Өмір жайлы көзқарасы мен мінезі қалай қалыптасқаны, ортасымен қарым-қатынасы баяндалады. Басына түскен қиындықтар мен күрес жолы және адамзат не ел тарихына қосқан үлесі сөз болады. Кітап соңында тұлғаның арман-мақсаты, өкініштері жазылып, өмірінің соңғы жылдары қалай өткенін оқимыз, — дейді шығарушы редактор.
Автордың жазғаны әуелі шығарушы редакторға — Жандарбекке келіп түседі. Мәтін жақсы болса, шығарушы редактор қажет жерін жонып, түзейді. Ал қандай да бір кемшілік байқаса, не өзгеріс енгізу қажет болса, мәтін авторға қайтарылады. Шығарушы редактор мәтіннің жақсы нұсқасын алған соң оны редакторға жолдайды.
Кітапты Ханшайым Тәуірбаева, Гүлнар Құдабаева және Мира Қали сынды тәжірибелі редакторлар оқып, редакциялайды. Содан кейін мәтін корректорға кетеді. Оның ескертпелерін мәтінге «салған соң», кітап дизайнға жіберіледі, — дейді Жандарбек.
Бір кітапта 50-70 сурет болуы керек. Әдетте, суреттерді тауып, мәтіннің қажет жеріне қойып, анықтама жазып отыру авторға жүктеледі. Суретші қолда бар суреттерді скетч стилінде (ақ-қара түспен) салып береді. Бұған шамамен екі аптадай уақыт кетеді екен. Кейде тұлғаның суреттері жоқтың қасы болуы мүмкін.
Мәселен, Жошы ханның шын бет-әлпеті жоқ. Оның суреттерін автордың айтуымен салып шықтық. Ұларбек Дәлейұлы Жошы хан туралы кітап жазарда төрт-бес жыл ізденген екен. Моңғолияға, Якутияға барған, архив ақтарып, түрлі қолжазба оқыған. Жошы ханның сол кезде киген киімі қандай болғанын, батырлар не кигенін және тағы басқасын суретшілерге түсіндіріп берді. Ғалым, тарихшы Санжар Асфендияровтың да суреті аз болды. Интернеттен 10 шақты ғана суретін табасыз. Бізге санжартанушы Алмас Жүнісбай көмектесіп, архивінен біраз сурет берді, — дейді шығарушы редактор.
Оның айтуынша, кітап дайын болған соң оны арнайы мамандар оқып шығады. Мысалы, Оралхан Бөкей туралы кітап шықты, авторы — ақын, журналист Олжас Қасым. Кітаптағы деректерді Оралхан Бөкейдің замандастары, достары — жазушылар Жүсіпбек Қорғасбек пен Әлібек Асқаровқа оқытып алған. Санжар Асфендияров жайлы кітаптың ғылыми кеңесшісі Алмас Жүнісбай болған.
Тұлғалар туралы кітаптарды кім жазып жүр?
Жандарбектің сөзін қарағанда, автор тапқанда және оған жазатын тұлғасын бергенде екеуінің бір-біріне қатысына мән беріледі. Мысалы, дәрігер әрі ғалым Халел Досмұхамедұлы жайлы Оралдан шыққан журналист Қазыбек Құттымұратұлы жазды. Ол Халел Досмұхамедұлы туралы біраз мақала жазған, зерттеген әрі жерлесі екен.
Ахмет Байтұрсынұлы туралы кітапты осы тұлғаның аты берілген Тіл-білім институтының қызметкерлері жазып берген. Ғабит Мүсірепов жайлы кітапты осы тұлғаның музейі басшысы Әбілғазы Қайырбеков жазған.
- Серікбол Хасан — «Ол кім?» сериясы бойынша шыққан кітаптардың жартысының авторы. Өзі — журналист, балалар ақыны. Әлихан Бөкейхан, Дінмұхамед Қонаев, Дина Нұрпейісова, Қаныш Сәтбаев және Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы кітаптар жазған. Қазір Мұхамеджан Тынышпайұлы жайлы жазып жатыр. Жандарбектің айтуынша, Серікбол Хасан өзі тарихқа қызығатын болғандықтан, архивінде көп мәлімет барға ұқсайды. Балалар ақыны болғандықтан әрі көп жыл балалар басылымдарында істегендіктен, баланың тілін біледі. Жас оқырманға арнап мәтін жазуға машықтанып алған дейді.
- Зәуре Төрехан — балалар жазушысы. Ол Санжар Асфендияров жайлы кітап жазған. Жандарбек «автор балалар ақыны немесе жазушысы болсын» деген қағида жоқ дейді. Дегенмен шығарушы редактор мәтінді түсінікті әрі қызық етіп жазатын автор табуға тырысады екен.
- Асылан Тілеген — журналист, ақын, балаларға арналған «Ұлан» газетінің бас редакторының орынбасары. Баспадан кеше ғана шыққан Мәншүк Мәметова туралы кітапты жазған. Енді жазушы Бердібек Соқпақпаев туралы кітапты қолға алыпты.
- Ұларбек Дәлей — ақын. «Жошы хан кім?» деген кітабы баспадан шығайын деп отыр. Қазір Шыңғыс хан жайлы жазып жатыр.
Кітаптарды қайдан сатып алуға болады?
«Ол кім?» сериясының әр кітабы, шамамен, 2000 таралыммен шығады. Серияның кітаптары Kaspi-дүкен арқылы сатылады. Mazmundama баспасының Алматыда Coffee book деген кофеханалары бар, кітапты сол жерлерден де сатып алуға болады.
Бұл кітаптарды оқырман өзі іздеп тауып оқиды. Кітапты оқитын жас 6+ болғанымен, барлық жастағы оқырман оқып жүр. Кейінгі кітаптарымызға талқылау сұрақтары мен кітап мазмұнына қатысты тест сұрақтарын қостық. Мұндай қосымшаны қосуды әлеуметтік желіде оқырмандар сұрады. Кітапты бірнеше сағатта-ақ немесе бір күнде оқып тастауға болады. Солай бола тұра, кітап бір тұлға жайлы толық ақпарат береді. Ата-ана баласымен бірге оқып, тест шешіп, талқылау сұрақтарына өзара жауап беруіне болады. Кітаптың тілі жеңіл, сондықтан балаға әңгіме айтып отырғандай әсер бар, — дейді Жандарбек Болатбекұлы.
Оқырмандар баспаға түрлі пікір айтып жатады. Бірі сонша еңбекті көрмей, кем-кетігін іздей берсе, енді бірі қолпаштап, ұсыныс айтады екен.
Кейде оқырман жақсы нәрсені көре бермейді, сонша еңбекті бағаламай жатады. Кітапты адам жазып, адам өңдегендіктен, кейбір деректен немесе үтір, нүктеден қате кетеді. Сондай аз-маз қатені көзге шұқитын оқырман да табылады. Оның бәрі түзелетін нәрсе. Дегенмен «алып жатырмыз, баламызға оқып бердік» деп алғыс айтып, сосын кітапқа қатысты ұсыныс айтатын оқырмандарымыз да жетерлік, — дейді шығарушы редактор.
Жандарбек балаларға арналған кітап шығару үлкен жұмыс дейді. Бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, баланың көзімен қарап, оның жан-дүниесін түсінуге тырысу қажет.
«Бала бұл кітапты қалай оқиды, түсіне ме, қиналып қалмай ма?» деп алаңдап, соған мән береміз. Адамдарды идея біріктіреді. Баспаның мақсаты — қазақша кітаптар шығару арқылы қазақ тіліне қызмет ету. Тілге қызмет етсек, қазаққа қызмет етеміз деп ойлаймын. Шыңғыс Мұқан ағаның мынадай сөзі бар: «50-100 жылдан кейін біз болмауымыз мүмкін, бірақ біз шығарған кітаптар қалады. Бұл — кейінгі ұрпаққа қызмет». Демек, біз істеп жатқан іс бүгіннің емес, ертеңнің әңгімесі. Сондықтан өзім де қазақ тіліне, қазақ балаларына қызмет етіп жүрмін, миссиям сол деп ойлаймын, — деді Жандарбек Болатбекұлы.
Жандарбектің айтуынша, баспа басында санаулы кітаптар шығарған. Кейін бұл сан 50, 100 кітапқа өсті. Биыл баспа 140-қа тарта кітап шығармақшы.
***
Тағы оқыңыз:
«Сәлем, табиғат» — Қазақстан сұлулығын танытатын балаларға арналған кітап