1922-1938 жылдары көптеген шетел әдебиеті қазақ тіліне аударылды. Ондай әлемге танымал шығармаларды Алаш зиялылары тәржімалап, бүркеншік есіммен жариялаған. Шығармалардың қазақ тіліне аударылуына себепші адам – Алашорда ұлттық автономиясының төрағасы Әлихан Бөкейхан. Baribar.kz Әлихан Бөкейханның аударма саласына сіңірген еңбегін саралап, ол аударған әңгімелерге тоқталды.

Алғашқы қадам

Әлихан Бөкейханның аудармадағы алғашқы қадамы Мәскеуде басталған. Ол Мәскеудегі «Интернационал» деген баспада қызмет атқарып, түрлі шығарманы тәржімалаған. Алашордашы жазушылар Лев Толстойдың, Оскар Уайлдтың, Ги де Мопассанның еңбектерін аударған алғашқы қазақ деп те аталады.

1922 жылы Әлихан Бөкейхан Мәскеуге жер аударылады. Сөйтіп Мәскеуден бір адым шетке шыға алмайды. Мемлекет құра алмасына көзі жеткеннен кейін, стратегияны басқа бағытқа өзгертіп, ағарту ісіне көшеді. Халыққа білім үйретіп, ұрпақтардың санасын оятып, қайтадан тәуелсіздік үшін күресеміз деп жоспарлайды, – дейді филолог, аудармашы Айбек Нәби «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында.

Әлихан Бөкейхан кітап аударумен ғана айналыспаған. Ол ұйымдастыру ісін де қатар алып жүрген. Мағжан Жұмабаев пен Әлихан Бөкейхан Мәскеуден әлемдік шығармаларды сатып алып, Алашқа мүше болған зиялыларға жіберіп отырған.

Айбек Нәбидің айтуынша, Абайдың ұлы Тұрағұл Жек Лондонның «Киш» деген кітабын және «Мартин Иден» деген туындысын аударған. Кейінгі кітап 300 беттен тұрады. Алаш зиялылары кітапты аударып болған соң, аударманы Мәскеуге жіберген. Қазақша тәржімалар сол жақтан басылып шығып отырған. Тұрағұл «Мартин Иденті» аударып жүргенді оны НКВД қызметкерлері алып кетеді. Ол естелігінде шығарманы жоғалтып алғанын жазады.

Нәзиралық дәстүр

Нәзиралық дәстүр – шығыс поэзиясы негізінде қалыптасқан дәстүр. «Нәзира» сөзі араб тілінен аударғанда «ұқсату» деген мағынаны білдіреді. Ұқсату – белгілі бір тақырып аясында жыр жазған ақын шығармасының үні, келесі бір ақын шығармасында көрініс табуы. Бұл – көшіру немесе тікелей аудару емес, тақырып пен оқиғаны өз мәнерінде, өз стилінде қайта түрлендіріп жырлау.

Әлихан Бөкейханның аудармасы туралы сөз болғанда оқырмандар да, әдебиетшілер де нәзиралық дәстүрді ерекше атайды. Басты себеп Әлихан Бөкейхан аударған шығармаларда нәзиралық үлгі басым. Ол әлемге танымал классикалық шығармаларды ұлттық сарынға салып, қазақы болмысқа бейімдеп аударған.

Әлихан Бөкейхан аударған Ги де Мопассаның «Бес әңгіме» деген шығармасын қолға алдық. Бір айта кететіні, алашордашы шығармадағы сөздерді ғана емес, кітаптың атауын да өзгертетін болған. Мысалы, Ги де Мопассанның «Ажал төсегінде» деген әңгімесін «Кү­зет­те» деп аударған. Неліктен «Күзетте» деп аударылғаны туралы нақты дерек жоқ. «Күзетте» деген тақырып «Ажал төсегінде» деген тақырыпқа қарағанда қазақы болмысқа жақын» деген пікірлер бар.

«Күзетте» әңгімесінде философ Шопенгауердің өлі денесін күзеткен жігіттің әңгімесі баяндалады. Әлихан Бөкейханов осы әңгімеде «Бетіне қарсы келгенді, дауыл боп ұрып, боран боп бұрқыратып, құйындай соғып домалатқан» деген сияқты түрлі сөйлем қолданады. Осы сөйлемдер нәзиралық дәстүрдің озық үлгісіндей.

Ги де Мопассан, Бес әңгіме
Иллюстрация: Жәнібек Әмре/Baribar.kz

Әлихан Бөкейхан нәзиралық үлгіні Ги де Мопассанның «Жарасын алдырған ана» деген әңгімесінде кеңінен қолданады. Ол осы әңгімеде Пірлен деген жерді «Бұл – менің өлгендегі сүйген же­рім. Мәжнүннің Ләйлісіндей көңілді ар­бап, өзіне тартатын жер» деп баяндайды. Түпнұсқасында да, орысша аудармасында да Мәжнүн мен Ләйлі жоқ екені түсінікті.

«Шомылсақ, қо­ңыр салқын бұлағы бар, масатыдай жай­наған құрағы бар. Балығы тайдай тулайтын, бақасы қой­дай шулайтын, шырмауығы шөккен түйе таптырмай­тын, балығы көлге жыл­қы жаптырмайтын жанға сақтау болған жер еді» деген сөйлем – нағыз нәзиралық үлгі. Әлихан Бөкейхан француз жазушысы Мопассанның әңгімесіне Қазтуғанның те­ңеулерін еркін қолданған.

Әлихан Бөкейхан шығарманың тақырыбын ғана емес, кейіпкерлердің есімін де еркін өзгертеді. Ол «Ақсақ кемпір» деген әңгімеде Ақжүніс, Баян сұлу, Әнеш, Ақбала, Боздақ деген есімдерді қолданады. «Сонда Сербел сөйлейді, сөйлегенде бүй деді» деген тіркестер оқырманды таңғалдырмай қоймайды.

Әлихан Бөкейхан Ги де Мопассанның «Күзетте», «Ақсақ кемпір», «Симонның әкесі», «Жарасын алдырған ана» деген сияқты әңгімелерін қазақша сөйлеткен.

Орыс әдебиеті және Әлихан Бөкейхан

Әлихан Бөкейхан Л.Н.Толстойдың, А.П.Чеховтың, В.Г.Короленконың, Д.М.Мамин-Сибиряктың, И.С.Тургеневтің туындыларын тәржімалаған. Осы жазушылардың ішінен Лев Толстойды ерекше атауға болады. Басты себеп – Әлихан Бөкейхан Толстойдың көптеген әңгімесін қазақша сөйлетіп, жазушының аудармаларын да қазақшаға аударған.

Мысалы, Лев Толстой француз жазушысы Бернарден де Сен-Пьердің «Дін таласы» деген әңгімесін тәржімалаған. Әлихан Бөкейхан осы әңгімені қазақша сөйлетіп, әңгімеге «Сурат кофеханасы» деген атау берген. Әңгіме желісі Үндістандағы Сурат қаласындағы кофеханада өрбиді. Бұл кофеханада жолаушылар дамылдап, жүргіншілер демалып, әңгіме-дүкен құрады.

Осы отырыстардың бірінде Иран ғалымы сөз бастап, бұл сөз үлкен дауға ұласады. Даудың басты себебі – «Ақиқат дін қай дін?» деген сауал. Әр адам жаратушыны өз дініне, өз сеніміне байланыстырғысы келеді. Осы уақытта дауға араласпай отырған қытай оймақтай болса да жұртты ойландырған ой айтады.

Лев Толстой, Сурат кофеханасы
Иллюстрация: Жәнібек Әмре/Baribar.kz

«Күн жалғыз маған ғана жарық, не болмаса, менің отаныма ғана жарық болады деп көзтарлық етіп, аяқтың астына ғана қарамай, жоғары қарасаңдар бәрін оп-оңай түсінер едіңдер. Күн турасында қандай адасу болса, құдай турасында да сондай адасу бар. Күнді білмей адасу – надандықтан туады. Ал дін таласының түбі – жалған намыстан, өзімшіліктен шығады», – дейді ол.

Дін – өте нәзік тақырып. Әлихан Бөкейхан аударған осы әңгімеде әр адамның діни сеніміне құрметпен қарау, әр адамның шындығын сыйлау, білімге ұмтылу деген сияқты мәселелер көтеріледі. «Біреуді көзің соқыр деп қорлау жөн бола ма? Сол сияқты көңілің соқыр деп қорлау жөн емес» деп аяқталады әңгіме.

Әлихан Бөкейхан орыс жазушыларын аударған сәтте де еркін аударманы қолданған. Ол Лев Толстойдың «Жұмыртқадай бидай» деген әңгімесін тәржімалағанда нәзиралық үлгінің озық үлгісін көрсеткен. Бұл әңгіме адамгершілік, еңбекқорлық, сабырлы болу, қанағатшыл болу сияқты қасиеттерді ерекше бағалауға шақырады.

Түпнұсқасында «Пришел старик, зеленый, беззубый, насилу вошел на двух костылях» деген сөйлемді Әлихан Бөкейхан «Ауызда тіс жоқ, бойында күш жоқ, тәнінде ет жоқ, көшала, құлақ мүкіс, адам сыны жоқ қурап тұрған бір шал екі таяққа сүйеніп, патшаға келді» деп аударады. Әлихан Бөкейханның мәтінінде поэтикалық сарын байқалады.

Л.Н.Толстой, Балалар үшін
Иллюстрация: Жәнібек Әмре/Baribar.kz

Лев Толстойдың «Балалар үшін» деген кітабы «Балалар әңгімесі», «Пелипок», «Булка», «Балапан», «Мысал әңгімелер» деген әңгімелерден тұрады. Бұл шығармалар бүлдіршіндердің танымына, ойлау қабілетіне ыңғайлы етіп жазылған. Әлихан Бөкейхан 1925 жылы «Толстой мен Эзоптың жетпіс жеті мысалы» деген  еңбек шығарған. Бұл еңбекке Эзоптың (Грек мысалшысы — ред) 45 мысалы, үндінің 20 мысалы және Толстойдың 16 тәрбиелік әңгімесі енген. Лев Толстойдың «Балалар үшін» кітабында осы әңгімелер ықшамдалып берілген. Кітапта М.Әуезовтің, А.Шығысұлының, Қ.Сағындықтың аудармалары да бар.

Әлихан Бөкейхан аудармаларын «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен жариялаған. «Қыр баласының» басты мақсаты тәрбиелік мәні терең шығармаларды халықтың түсінігіне жақын тілде жеткізу болған.