10 маусым күні Алматы қаласы ArtKöshe тәуелсіз театрында Jaqtaudağy Gül спектаклінің премьерасы өтті. Jaqtaudağy Gül қойылымы Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер проблемасына арналған.
Baribar.kz тілшісі қойылымды тамашалап, спектакльді қойған шығармашылық топпен әңгімелесіп қайтты.

«Менің спектаклім – менің айтқаным»

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерегі бойынша, Қазақстан жасөспірімдер арасындағы суицид саны бойынша әлемде 10-орында тұр. 2023 жылы Қазақстанда балалар суициді 33%-ке артқан. ArtKöshe тәуелсіз театрының Jaqtaudağy Gül спектаклі осы проблеманы қозғайды. Бұл спектакльде жасөспірім қыз бен жеткіншек ұлдың бастан өткені баяндалады. Спектакльді тамашалаған сәтте суицид факторы болатын түрлі проблеманы байқап, неше түрлі жабық жатқан мәселені көруге болады. Мектептегі буллиң, мұғалімдердің қысымы, ата-ана коммуникациясы, мемлекет пен медианың ықпалы – қос жасөспірімді суицидке итермелей береді. Спектакль режиссеры – Кубанычбек Адылов.

Бұл спектакльге идея продюсерлерден келді. Қойылымды қоюға бір айдан аса уақыт кетті. Түрлі қиындық болды. Бірақ процесс болғандықтан қиындық деген нәрсе болады деп ойлаймын. Біз екі кейіпкер арқылы тұтас жасөспірімдердің проблемасын көрсеткіміз келді. Бұл екі кейіпкерді жинақы образ деп атауға да болады. Спектакльдегі монологтар өмірде болған оқиғалар негізінде жазылған. Демек, бұл — өмірде болған кейстер. Драматург (Мереке Анық – ред.) жасөспірімдердің психологпен әңгімесін мәтін етіп жазған. Осы себепке де байланысты қойылымдағы оқиғалар қоғамдағы жағдайларға ұқсас. Мен ойымды осы спектакльде айттым. Сондықтан спектакль туралы басқа пікір айта алмаймын. Менің спектаклім – менің айтқаным, – дейді Кубанычбек Адылов.

Спектакль, ArtKöshe.
Спектакль. Фото: ArtKöshe

Жоба авторы, драматург, продюсер Әннәс Бағдат осы қойылымды қоюға қандай оқиға әсер еткенін айтып берді.

Негізі суицид проблемасын бәріміз білеміз. Философияның герменевтика теориясында «білу – түсіну емес» деген тұжырым бар. Бес-алты жыл бұрын жақын танысымның баласы суицидтен қайтыс болды. Жүрегім қатты ауырды. Қазаның себеп-салдарын білгенде классикалық себеп-салдар екенін түсіндім – ата-ана мектепті кінәлайды, мектеп ата-ананы кінәлайды. Бірақ менің көңіліме қатты батқаны «Осы баланы тыңдап, көмектесетін адам болмады ма?» деген сұрақ еді. Осы оқиға ішімде қалып кетті. Суицид проблемасына назар аударып жүретін болдым. Әр жерден суицидке қатысты ақпарат пен зерттеулерді оқып жүрдім. Осы тақырыпты зерттегенде мемлекет те, ата-ана да суицидті жасыратынын білдім, – дейді Әннәс Бағдат.

«Әлеуметтік тақырыпты өнер арқылы жеткізгенде адам тереңірек сезінеді»

Драматург Әннәс Бағдат Қазақстанда суицид проблемасы толықтай зерттелмейтінін айтады. Ол елімізде суицид істеген адамдардың статистикасы жасалып, суицид істеуге талпынып, тірі қалған адамдардың статистикасы жасалмайтынына тоқталды.

Қазақстан жасөспірімдер арасындағы суицид саны бойынша әлемде 10-орында тұр. ЮНИСЕФ мәліметі бойынша, еліміздегі балалардың 66%-ті мектепте зорлық-зомбылық пен кемсітушілікке тап болады. ЮНИСЕФ «Бұл статистика анық, нақты емес. Себебі атқарушы органдар манипуляция жасап, деректі жасырады» деген пікір білдірген. Қазақстан суицид жасаған адамдарды санайды да, суицид жасауға талпынған адамдарды санамайды. Халықаралық стандарт бойынша барлығы саналуы қажет. Суицидке қатысты осы проблемаларды көрген сәтте «Жеке адам ретінде не істей аламын?» «Қолдан келетін нәрсе бар ма?» деген сұрақтар пайда болды. Менің қолымнан келетіні – спектакль. Әлеуметтік тақырыпты өнер арқылы жеткізгенде адам тереңірек сезінеді. Адам мәселені сезінген кезде ғана түсінеді, – дейді ол.

Әннәс Бағдат, жоба авторы, продюсер
Әннәс Бағдат, драматург. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Әннәс Бағдат Jaqtaudağy Gül спектаклін жазу үшін суицид жасауға талпынған жасөспірімдерді емдеген психологтарға жүгінген. Драматург шығармашылық топ проблеманы түсінуі үшін кәсіби психологтармен және медиа зерттеушілермен трениң өткізіп, кездесу ұйымдастырған.

Негізі өзім жасаған жобаларда кеңесшілермен жұмыс істеймін. Себебі барлық саланы терең білу мүмкін емес. Жеке ұстанымым – драматург қозғап жатқан тақырыпты барынша терең білуі керек. Тереңірек зерттегенде ғана нысананы анық білуге болады. Сондықтан дайындық кезеңінде бірнеше кеңесші болды. Кеңесшілер қатарында психологтар, медиа зерттеушілері бар. Бұл мамандар шығармашылық құраммен кездесіп, суицид проблемасының әртүрлі факторы бар екенін көрсетті. Шығармашылық топ проблеманы мамандармен тікелей қарым-қатынас жасағанда тереңірек түсінеді. Осы себепке байланысты шығармашылық топты толық қамтуға тырыстық. Кәсіби мамандардан кеңес алудың артықшылығы – адам проблеманы сезінеді, актерлар адам ретінде де бұл тақырыптың жауапкершілігін түсінеді. Осы үшін де мамандармен жұмыс істеген маңызды, – дейді ол

«Бұл – суицид жасауға талпынып, тірі қалған балалардың әңгімесінен құралған спектакль»

Jaqtaudağy Gül қойылымында екі кейіпкер бар. Ол – жасөспірім қыз бен жасөспірім ұл. Жасөспірім қыздың рөлін «Жаңа ғасыр» театрының актрисасы Балнұр Әбдіғалиева ойнаған.

Асанәлі Әшімовтің жетекшілігімен құрылған «Жаңа ғасыр» театрында жұмыс істеймін. Иоганн Штраустың «Жарқанат» спектаклінде Адель рөлін, Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» спектаклінде Ақбала рөлін ойнадым. Бірақ мұндай қиындыққа тап болған жасөспірімді ойнап көрмеппін. Осы спектакльге дайындалып жатқанда «Неге мен бұл проблема туралы терең ойланбағанмын?» дедім. Біз көп жағдайда терең ойлана бермейміз. Өзіме суицид проблемасы қатты әсер етті. Себебі іні-сіңілілерім бар. Өз мамандығымыз арқылы осы проблеманың шешілуіне көмектесе алсақ – біз үшін қуаныш, – дейді Балнұр Әбдіғалиева.

Балнұр Әбдіғалиева, актриса.
Балнұр Әбдіғалиева, аткриса. Фото: ArtKöshe

Жасөспірім ұлдың рөлін «Жаңа ғасыр» театрының актеры Мәди Жолдасбек ойнаған. Актер оқиғалар өмірде болғандықтан, спектакльдің қиындығы мен жүгі болғанына тоқталды.

Баланың мінезі көргені мен қандай жағдайда өскеніне байланысты қалыптасады. Балаға мейірімді үйретсеңіз, ешқандай себепсіз мейірім танытады. Ал бізде қалай қалыптасып кеткен? Мектепте буллиң, келемеждеу, мазақтау, төбелес көп. Мұғалімдер тарапынан да буллиң болатын сәттер аз емес. Бұл спектакльде осындай жағдайларға тап болған жасөспірімдер көрсетіледі. Біз көп жағдайда өмірде болмаған, көркем шығармадағы кейіпкерлерді ойнаймыз. Бұл спектакльдегі кейіпкерлер — өмірден алынған жиынтық образ. Бұл – өмірде болған, суицид жасауға талпынып, тірі қалған балалардың әңгімесінен құралған спектакль. Осы үшін де спектакльдің қиындығы мен жүгі болды, – дейді Мәди Жолдасбек.

Мәди Жолдасбек, актер.
Мәди Жолдасбек, актер. Фото: ArtKöshe

«Билік – проблемаға тікелей қатысты тетік»

Драматург Әннәс Бағдат суицид проблемасында жауапкершілікті бір-біріне сілтеу басым екенін айтады.

Жобаға кіріспес бұрын жасөспірімдер суициді бойынша зерттеулермен танысып, эксперттермен сұхбат жасадық. Түсінгеніміз бұл мәселеде шешімін іздегеннен гөрі, жауапкершілікті бір-біріне сілтеу, болған жағдайды жабық күйінде қалдыру жағдайлары басым. Осы спектакль арқылы суицид білім беру ұйымдары үшін де, атқарушы билік үшін де, педагогтар мен ата-аналар үшін де, медиа үшін де ортақ мәселе екенін жеткізгіміз келді. Біздің мақсатымыз – талқы жасауға мұрындық болу, – дейді ол.

Әннәс Бағдат, жоба авторы, продюсер
Әннәс Бағдат, драматург. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Әннәс Бағдаттың сөзіне қарағанда, суицид проблемасын шешуде мемлекеттің өте үлкен жауапкершілігі бар.

Суицид проблемасын шешуде мемлекеттің өте үлкен жауапкершілігі бар. Мемлекет қоғамдық механизмді басқарады. «Мемлекет мүлдем шара жасамай жатыр» деп кесіп айту әділетсіз. Бірақ нақты кешенді шараны көрген жоқпын. Мемлекет проблеманы өте жақсы білсе де, шешуге құлықсыз. Мысалы, кейінгі жылдары көп проблема көтеріліп, мұғалімдердің айлығы артты. Бұл шешім түбегейлі шешім болмаса да, жақсы өзгерістер болып жатыр. Жақсы айлық, тұрақты жұмысқа білікті мамандар барады. Бірақ мұғалімдердің айлығы көтерілгенде мектеп психологының айлығы көтерілмей қалып кеткен. Мектеп психологының айлығы — 80 мың теңге мен 110 мың теңгенің айналасы ғана. Бұл айлыққа білікті психолог отырмайды. Демек, бұл да билік жұмысының кемшілігі. Билік – проблемаға тікелей қатысты тетік, – дейді драматург.

***

Тағы оқыңыз:

«Өнерден күшті оппозиция жоқ». Täuel[dı]sız арт-жобасы не үшін маңызды?