Қуыршақ театрында «Шекпен» қойылымының премьерасы өтті

Алматы қаласының мемлекеттік қуыршақ театрында Николай Гогольдің «Шинель» повесінің желісімен жазылған «Шекпен» қойылымының премьерасы өтті.
Baribar.kz тілшісі спектакльді тамашалап, режиссермен және басты рөлді сомдаған актермен әңгімелесті.

«Шекпен» қойылымы Николай Гогольдің «Шинель» повесі негізінде сахналанған. Қойылымның режиссеры – Николоз Сабашвили, балетмейстері – Ринат Билибаев. Режиссер Николоз Сабашвили Грузия астанасы Тбилиси қаласынан арнайы шақыртылған. Режиссер Алматыға алғаш келіп тұрған жоқ.

Осымен әсем Алматыға үшінші рет келіп тұрмын. 2023 жылы «Ортеке» қуыршақ театрлар фестивалінде Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының директорымен танысқан едім. Араға бір жыл салып, жолым әсем Алматыға қайта түсіп отыр. Қонақжай да дархан пейілді қуыршақ театры мені өте жылы қабылдады. Өзіңді еркін әрі жайлы сезінген ортада шығармашылық та оңай әрі қызық өрбиді деп есептеймін, – дейді ол.

Николоз Сабашвили, режиссер.
Николоз Сабашвили, режиссер. Фото: Қуыршақ театры

Алматы мемлекеттік қуыршақ театры бүлдіршіндерге ғана емес, жасөспірімдер мен ересектерге де арналған қойылымдар сахналайды. Театр сахнасында «Ана жүрегі», «Ромео мен Жульетта», «Макбет. Иллюзия», «Мен бір жұмбақ адаммын… Абай», «Өмір-өзен», «Шал мен теңіз» деген сияқты қойылымдар сахналанды. «Шекпен» спектаклі де қоғамдағы өзекті тақырыпты қозғайды.

Бұл шығарма қазіргі әлемдегі жалғыздық туралы. Мұндай адамдарды (басты кейіпкер Акакий Акакиевич туралы – ред.) өмірде жиі кездестіруге болады. Гоголь шығармасында комплекс тақырыбын қозғап, адамның ішкі сезімдері мен ішкі мотивтеріне ерекше назар аударады. Осы ғасырда адамдар арасындағы қарым-қатынастың жоқ екенін байқаймыз. Сондықтан бұл қойылым маңызды, – дейді режиссер.

Шекпен спектакль
Спектакль. Фото: Қуыршақ театры

Басты кейіпкер Акакий Акакиевичті актер Шохан Құлназаров сомдады. Актердың сөзіне қарағанда, бас кейіпкерді сомдау оңай болмаған.

Менде мұндай қиын рөл болған емес. Әрине, көптеген басты рөлде ойнадым. «Макбет. Иллюзия», «Ромео мен Жульетта» деген қойылымдарда да басты рөл сомдадым. Бірақ  бұл рөлдің өз қиындығы болды. Нақтырақ айтсам, бас кейіпкер Акакий Акакиевичтің ішкі жан-дүниесін табу қиын. Ол өмірінің бәрін жұмысқа арнаған адам. Оған әріптестері де буллиң жасайды. Бірақ ол мақсатына жетуге ұмтылады, – дейді ол.

Шекпен спектакль
Спектакль. Фото: Қуыршақ театры

Актер бұл қойылымның балалар үшін маңызына да тоқталды.

Мектепте неше түрлі ситуация болады. «Біреуді біреу ұрып кетті», «Біреуді біреу соғып кетті»  деген сияқты әңгімелерді де естиміз. Менің образымды толық түсініп, түйсінген бала аяушылық танытып, келесі жолы бұзақылық істемеуі мүмкін. Жетіліп келе жатқан жас жеткіншектер осы қойылымды көріп буллиң жасамауды үйренсе екен деген ой, мақсат бар, – дейді актер.

Философиялық астары бар қойылымда режиссер адам табиғатына тән екіжүзділік, қызғаныш пен қатыгездік сияқты қараңғы жақтарды ерекше режиссерлық және сценографиялық шешімдермен, түрлі символдармен көрсетеді. Спектакльді қуыршақ театрынан тамашалауға болады.