– Әлішер мырза, AiMap қандай жоба?

– Жобамызға қызығушылық танытқаныңызға рақмет. AiMap IT компаниясын құру идеясы қоғам сұранысы бойынша пайда болды деуге болады. AiMap-тың қазіргі командасы бұрын Kazdream IT холдингінде жұмыс істеген. Онда экстремизм мен терроризмнің алдын алу, әлеуметтік мәселелерді ІТ-технология көмегімен шешу мақсатында түрлі жоба жасадық. Уақыт өте келе ІТ-шешімдер ғана емес, жалпы қоғамдағы әлеуметтік мәселелер алаңдата бастады.

AiMap IT компаниясының қызметкерлері министрлік пен әкімдікте, өңірлердегі мемлекеттік органдарда жұмыс тәжірибесі бар. Жұмыс кезінде қоғамдағы актуал мәселелер анықталды. Мәселенің шешімін ІТ технологияның көмегімен тапқанда бюрократия, уақыт пен ресурсты ұтатынымызды білдік. Классикалық әлеуметтік зерттеулерде, сауалнамаларда адамдар шынайы жауап бермеуі мүмкін. Ал ІТ-технология деректерді бірден анықтай алады.

Қазақстанда 2021 жылы 105 жасөспірім суицид жасаған, тағы 200-ге жуығы өзіне қол салмақ болған деген дерек бар. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, еліміз суицид бойынша Орталық Азия елдері арасында алғашқы үштікке кіреді. Мұндай көрсеткішті көрген соң мәселенің алдын алуға тырыстық.

Негізінен Қазақстандағы IT саласы дамып келеді. Кейінгі бес жылда біз ТМД елдерінде баламасы жоқ ондаған өнім жасай алдық. Алайда ІТ-нарықта әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған және халықты интернеттегі кесірі бар контенттен қорғайтын өнімдер әлі де жетіспейді.

– Telegram-бот қандай алгоритм бойынша жұмыс істейді?

Интернетте адам өміріне, психологиясына қауіпті деструктив ақпарат пен идея тосқауылсыз тарайды. Әлеуметтік зерттеулер бойынша адамның суицид жасауына оның әлеуметтік желідегі тұтынатын контентінің де әсері бары белгілі болды. Жобаны дайындап жатқанда әлеуметтік желілерде адамды депрессияға түсіретін және суицидке итермелейтін топтарды анықтадық. Олар адамды суицид жасауға ашық түрде шақырмаса да, «Өмір азапқа толы», «Өмірден мән іздеме», «Махаббат деген — бір-бірің үшін өлімге дайын болу» деген мазмұндағы жазбаларды жариялайды. Бір қарағанда мұндай топтардың еш зияны жоқ боп көрінуі мүмкін, бірақ кейінірек олардың контенті адамды жаман ойға үндейді.

Түрлі ойын, квест арқылы да әсер ететін топтар кездеседі. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер ойынға, тапсырма орындап, ұпай жинауға құмар болады. Мұны теріс пиғылда қолданатындар адамдарды өзіне тәуелді етуді, зиян әрекет жасауға итермелеуді көздейді.

Зерттеуіміз адам байқаусызда осындай типтегі бір топқа жазылса, кейін олардың саны онға дейін өсе беретінін дәлелдеп отыр. Сосын өлімді романтизациялайтын топтар бар. Оған жай қолданушы кіре алмайды. Осыған ұқсас топтарға жазылып, контентін тұтынатындарды ғана қосады. Қолданушылар сол топтардың контентін бөлісу арқылы дүниежүзіне қандай қауіп төндіріп тұрғанын сезбейді.

Мысалы, асылып қалған қыз бен жігіттің суретін «Қараңдаршы, нағыз махаббат деген осы емес пе?», «Романтикаға толы көрініс» деп жариялайды. Осындай деректерді өзіміз жинадық. Нәтижесінде жүйе логикамыз бойынша жұмыс істейтін болып шықты.

Мысалы, былтыр көктемде өзіне қол жұмсаған қыз біздің «қара тізімге» енген 17 топқа тіркелген. Сол топтар қайтыс болған қыздың парақшасына кіріп «Жатқан жерің жайлы болсын!», «Сен үшін қайғырамыз!» деп пікір де қалдырған. Жобаны ертерек жасағанымызда мұның алдын алар ма едік деп өкіндік. Бұл біздің жобаның процесін жылдамдатты.

Жалпы Telegram-боттың міндеті – ата-анаға, мұғалімге немесе кез келген жеке тұлғаға өзінің, баласы мен оқушысының, танысының парақшасын тексеруге мүмкіндік беру. База уақыт өткен сайын жаңарып, толығып отырады. Себебі жаңа топтар пайда болып, кейбірі жұмысын тоқтатуы мүмкін. Оннан артық қауіпті топқа жазылғаны анықталғанда дабыл қағып, қажетті шаралар қолданылатындай жүйе жасағымыз келеді.

Әлішер Бекташ
Әлішер Бекташ. Фото жеке архивінен

– Деректер базасы қалай жиналады?

Әзірше өзіміз біртіндеп жинаймыз. Себебі топтың қауіпті екенін анықтайтын нақты критерийлер дайын емес. Кей топ бір қарағанда қауіпті боп көрінбеуі мүмкін. Оны ұзақ уақыт бақылағаннан кейін ғана деструктив идея элементтері байқалады.

Болашақта датасет жиналған соң автоматтандыру қызметін іске қоса аламыз, бірақ дәл қазір деректер нақты әрі сенімді болуы үшін әр топпен жеке жұмыс істеп жатырмыз.

Қазір ең қарапайым алгоритмді қолданамыз . Топты тауып, контентіне анализ жасаймыз, сосын ІТ-мамандар іске кіріседі. Олар жиналған деректер мен кілт сөздерді базаға енгізеді. Әрі қарай data-visualization жасалады. Кейін мемлекеттік органның жұмысын жеңілдету үшін Қазақстанның қай өңірінде қауіпті топ қолданушылары көп екені туралы есеп беретін функцияны қосуды жоспарлап отырмыз.

– AiMap — әлеуметтік жоба және әлі нарыққа шықпаған. Жобаны кім қаржыландырады және қандай да пайда табуды көздей ме?

AiMap – стартап жоба. Мұны толықтай Kazdream IT холдингі қаржыландырады. Жобаны жасағандағы басты мақсат табыс табу болмады. Коммерциялық емес, әлеуметтік жоба болғаны себепті нақты осы салаға қызығатын мамандармен біріктік.

– Компанияда қанша қызметкер бар?

Қазір компанияда 10 адам жұмыс істейді. Мұндай жоба үшін шағын команда деп есептеймін, бірақ әрқайсысының саладағы тәжірибесі көп. Маманның бәрі энтузиазммен жұмыс істейді. Бір адам бес қызметкердің шаруасын істейтін сәттер де болады.

Бәрі мықты, білімді маман. Осы саланы зерттеп көргені, дүниежүзінің мықты университеттерінде білім алғаны, түрлі мекемеде жұмыс істегені де бар. Командамызға computer science, робот техникасы және мехатроника, құқықтану, психология, мемлекеттік саясат, халықаралық қатынастар, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша мамандарды жинадық.

Олар интернеттегі заңсыз контентті жинаумен, талдаумен, визуализациялаумен және қысқартумен айналысады. Команданың әр мүшесі өз міндетіне жауапкершілікпен қарайды, себебі адамдардың өмірін сақтап қалу қолында тұрғанын түсінеді.

– AiMap жобасын қандай да бір мекеме сынақтан өткізіп көрді ме?

Қазір біз қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қызмет полициясымен меморандумға қол қойдық. Олардың да міндеті – суицидті, алаяқтықты пен өзге де қауіпті азайту. Мақсатымыз ортақ, сол себепті бірге жұмыс істеп жатырмыз.

Мектеп, білім беру басқармасы, ата-ана, полиция және басқа да органдардың арасында байланыс болатындай жүйе жасауға тырысып жатырмыз. Осы айда мектептерді аралап, ата-аналармен кездесіп, жобамызды таныстырамыз деген жоспарымыз бар. Адамдар боттың қызметін қолдануды маңызды деп ойламауы мүмкін. Сондықтан әуелі оны таныстырып, популизациямен айналысу керегін түсіндік.

– Жоба пилоттық кезеңнен өткен соң қандай нәтиже береді деп ойлайсыз? Проблеманы шешуге көмектесе ала ма?

Әзірше пилоттық кезеңде болғандықтан нақты болжам айту қиын, бірақ Қазақстанда баламасы жоқ жоба екенін білеміз. Пилоттық кезеңде толықтыратын тұстарын зерттеп, жаңа функцияларды дайындап жатырмыз. Бізге бір адамның болсын өмірін құтқару — үлкен жетістік.

Компаниядағы мамандардың осы салада бес жылдан астам тәжірибесі бар. Сондықтан дұрыс бағытта жұмыс істеп жатырмыз деп ойлаймын. Аз да болса, мәселені шешуге көмектесе алады деп сенеміз.

– Сонда Telegram-боттың көмегімен кез келген адам екіншісінің дерегін тексере ала ма әлде қауіпсіздік үшін қандай да бір шектеу бар ма? Ақпаратты адамдар басқа мақсатта пайдаланбай ма?

Иә, бұл туралы сұрақ көп талқыланды. Артық қыламыз деп тыртық қылып алмауға тырысып жатырмыз. Сол үшін де әлі жобаны айналымға толықтпц енгізбедік. Пилот кезеңіндеміз.

Қазақстанда орташа есеппен бір отбасында 2-3 бала болса, бір адамға кемінде бес адамның аккаунтын тексеріп, бақылауға алатын мүмкіндік беруіміз керек. Қазіргі таңда тексеріс үшін аккаунттың URL-мекенжайды жазу жеткілікті, бірақ қауіпсіздік үшін болашақта адамдардың туыс екенін анықтайтын функцияны қосу ойда бар.

Ата-ана бот арқылы баласының аккаунтын тексергеннен кейін оны бақылауға қоя алады. Базадағы қауіпті топтарға тіркелсе, ескерту келеді.

– Жоба болашақта қай бағытта дамиды?

IT-жобаның мақсаты – қоғамға интернет кеңістікті мейлінше қауіпсіз ету. Дәл қазір тек суицид пен депрессияға қарсы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Кейін лудомания мен зорлық-зомбылыққа қатысты контентті зерттегіміз келеді. Мысалы, Қазақстанда 350 мың адам құмар ойынға тәуелді ретінде тіркелген, ал тіркелмегені қаншама?! Орташа есеппен әр ойыншының 10 миллион теңге қарызы бар. Олар мұндай ойынға көбінесе интернеттегі жарнаманың әсерінен келеді.

Елімізде күн сайын 340 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болады. Адамдардың бір-біріне агрессия көрсетуіне де интернеттегі контент әсер етеді деп ойлаймыз. Мұның бәрі — қазіргі таңда қоғамның дертіне айналған мәселелер.  Мақсатымыз – жоғарыда аталған көрсеткіштерді азайтуға көмектесу.

— Cұхбатыңызға рақмет. Істеріңізге табыс тілейміз!