Біз шығармашылық топпен танысуға барғанда жарық пен дыбысты баптаумен, мюзикл реквизиттерін дайындаумен айналысып жатыр екен.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жоба авторы және продюсері Әннәс Бағдат мюзикл жасауды көптен ойлаған. Идеяны жүзеге асыруға АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) қаржы бөлген, Internews ұйымының «Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы» бойынша грант жеңіп алған. Сонымен бірге жобаны Kaspi.kz қолдаған. Бағдарлама қоғамда медиасауатты түрлі формада насихаттауды көздейді.

Медиасауат мәселесі көбіне семинар, тренинг сияқты жиындарда талқыланады. Бұл белгілі бір аудиторияны ғана қамтиды. Ал мюзикл көпшілікке арналған әрі осы жанрдың арқасында қоғамға маңызды тақырыпты жеткізу тәжірибесі қызық боп көрінді. Мюзиклге медиа мамандары ғана емес, кез келген саланың өкілі келуі мүмкін. Осылайша, көрерменге медиасауат тақырыбын насихаттай аламыз. Қоғамда «Ақпаратты ең көп тұтынатын, оны әрі тарататын, саясаттан хабары бар адам – такси қызметкері» деген әзіл бар. Оларды да мюзиклді тамашалуға шақырдық, — дейді Әннәс Бағдат.

Әннәс Бағдат
Әннәс Бағдат. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жоба грант жеңген соң төрт айдың ішінде шығармашылық топ жасақталып, премьераға дайындалған. Мюзикл үшін, бұл — өте аз уақыт, сондықтан шығармашылық топ форс-мажор жағдайда жұмыс істепті. Жазда театр маусымы аяқталып, Қазақстандағы өзге ұжымдар еңбек демалысына шығады. Сол себепті де ArtKöshe-нің де премьерасы осы кезге жоспарланған.

Әннәс Бағдаттың айтуына қарағанда, шығармашылық ұжымды іздеп табу оңай болмаған. Өйткені мюзикл – концептуал жанр. Қазақстанда мюзикл жазатын композитор көп емес. Ал мюзикл актерының тек драмалық сахнаны меңгеруі жеткіліксіз. Актердың музыкалық білімі, ән айтып, оған қоса билей алуы маңызды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

ArtKöshe атауының өзі екі мағына береді. Біріншісі — өнер көшесі, яғни art ағылшын тілінен аударғанда өнер деген мағына береді. Екінші мағынасы – артқы көше.

Өнерде тек дәстүрлі сахнада емес, әртүрлі локацияда перформанс жасауға болады. Демек тәуелсіз театр атауы «ашық көше» мағынасына да келеді. Ал мюзиклдің атауына келсек, Sen – сенім туралы оқиға. Жаһандану заманындағы ең үлкен соғыс – ақпарат соғысы. Ақпараттың өмірге дендеп енгені сондай, күнделікті оқиғаның барлығы дерлік медиа құралдарына байланысты боп кетті. Мұндай қауіпті соғыста адам жеңілмеуі үшін медиа жағынан сауатты болуы керек. Sen мюзиклінде медиасауат компоненттері музыкалық-сахналық қойылым арқылы түсіндіріледі, — дейді Әннәс Бағдат.

Бәріне сене беру де, ешкімге, ешнәрсеге сенбеу де соңында жеңіліске әкелуі мүмкін екенін көрсететін қойылымның сюжеті шынайы оқиғаларға негізделген.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Қазақстанда 2021 жылы интернеттегі алаяқтық бойынша 40 мыңнан астам қылмыстық іс қозғалды», «Қаржы пирамидасынан алданып қалған 45 жастағы алматылық өзіне өлтірмек болды», «Танымал вайнер қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен ұсталды», «Алло! Сәлеметсіз бе! Мен банк қызметкері едім, шотыңызда күмәнді операциялар болып жатыр, маған банк картаңыздың деректерін айтыңыз». Мюзиклде осындай таныс тақырыптарды кездестіруге болады.

Мюзиклдегі нарратор оқиғалар медиасауат ракурсынан баяндалып, көрерменмен байланыс орнатуға көмектеседі.

Драматургияның заңдылығы бойынша автор оқиғаны құрастырады. Оқиғаны ойдан жасадым деу де, нақты бір адамның образы бойынша жасадым деуге де болмас. Премьеараға келген көрермен сахнадан өзін көруі мүмкін, — дейді жоба авторы.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Кез келген қойылым махаббатсыз қызық болмайды. Sen мюзиклі онлайн махаббат, әлеуметтік желідегі контенттің адамға әсері, қарым-қатынастың шынайы өмірде өрбуі туралы оқиғаларды қамтиды.

Мюзикл – қымбат жанр. Ал жобаның бюджеті шектеулі. Сондықтан Sen – мың адамға арналған шоу емес, камералық мюзикл. Зал 110 адамға арналған. Алайда премьерадан кейін көрермен тарапынан сұраныс болса, мюзикл қайта сахналануы мүмкін. Себебі ArtKöshe мен Internews ұйымы медиасауат тақырыбын барынша көп адамға жеткізуге мүдделі.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қоғамда кез келген адам «Медиасауат қажет емес, онсыз да сауаттымын» деп айта алмайды. Себебі медиасауат күн сайын, сағат сайын, тіпті сәт сайын дамуды, өзгерісті талап етеді. Ақпарат ағыны қаншалықты тез өзгерсе, медиасауат сипаты да сондай жылдамдықпен өзгереді. Сондықтан шығармашылық топ мюзиклге әр сахналанған сайын өзгеріс енгізіп отыруы әбден мүмкін.

Sen мюзиклінің композиторы әрі нарраторы Ербол Нариманұлы осы жоба үшін 15-ке жуық композиция жазған. Sen мюзиклінің әуендерін толық жазып шығуға 1,5 ай уақыт жұмсапты. Бұл — композитордың мюзикл бойынша дебюті.

Ербол Нариманұлы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жоба композиторы мюзикл күрделі жанр болғандықтан әр оқиға мен кейіпкердің эмоциясын көрсету үшін түрлі жанр мен стильді қолданып әуен жазғанын айтады. Мюзиклден блюзды, соулды, реггиді, лириканы да кездестіруге болады.

Ербол Нариманұлы Sen мюзикліне нарратор (баяндаушы) ретінде де қатысады. Шығарма иммерсив-театр стилінде болғандықтан, жобадағы ең жауапты миссия – көрерменмен байланысу орнату.

Мюзиклде драмалық шиеленіске толы ролім жоқ. Бақылаушы, баяндаушы ретінде жүремін, бірақ мен үшін ең қиын нәрсе мәтін жаттау болды, — дейді мюзикл нарраторы.

Ербол Нариманұлы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Әңгімелесу барысында шығармашылық топта қазақ аудиториясы жаңа жанрдағы жобаны қалай қабылдайды деген қорқыныш барын байқадық.

Бұрыннан мюзикл жазғым келетін. Әннәс мырза алдын ала айтқан соң дайындалып жүрдім. Sen жобасынан кейін мюзикл жазуға деген талпыныс, ізденіс арта түсті. Өкінішке қарай, халық әлі бұл жанрға толық дайын емес. Кейінгі жылдары кинопрокатқа La La Land, «Величайший шоумен» сияқты мюзикл жанрындағы фильмдер шықты. Бір байқағаным – көрермен фильмді соңына дейін көрмей, музыкалық сахна басталғанда «Үнді фильмі сияқты екен, жалығып кеттік» деп тұрып кетіп жатты, — дейді Ербол Нариманұлы.

Халық әлі мюзиклге дайын емес деп бұл жанрға беттемей қоюға болмайды. Ербол Нариманұлы адамдардың болмысына жақын, сұраныс жоғары тақырып пен мәселені қазақша мюзикл арқылы сахналап, аудитория қалыптастыруға болады деп сенеді.

Кейде сандықтың түбіндегі ешкім тиіспеген нәрсені байқап көрген соң ұнатып қалуға болады. Мюзикл де сол сияқты. Қазақ халқында бұрыннан бар, тек сандықтың түбінде жатыр. Адамдар бір-екі рет дәмін көрген соң, жақсы екенін түсініп, ұната бастауы мүмкін. Қазір қоғамда «Әлемді өзгерткің келсе, өзіңді өзгерт» деген тіркес жиі айтылады ғой. Сол дәл біздің ситуацияны сипаттайтын сияқты. Аудиторияны өзгерту үшін, жанр мен стильді өзіміз өзгертуіміз керек, — дейді жоба композиторы.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жоба режиссеры Есләм Нұртазин – мюзиклмен кәсіби айналысатын маман. Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында оқып жүргенде осы жанрды зерттеп, кейін New York Film Academy-де оқыған. Қазір Astana Musical театрының көркемдік жетекшісі.

Мюзиклге көп ақша керек. Қазақстанда шығынын толық ақтаған қойылым мен фильмдер бірен-саран. Осы тақырыпта диссертация жазғанда Қазақстандағы халық санымен қойылымға кеткен шығынды толық ақтау мүмкін емесін түсіндім. Алматыда 19 миллион халық тұрса, зал толар еді. Мысалы, Мәскеуде 400-ден астам театр, 20 миллионға жуық адам бар. Халықтың 1%-і ғана театрға баратынын ескерсек, Алматы халқының 1%-і өте аз. Солай екен деп, көңілді түсіріп, жұмыс істемей қоюға болмайды. 300 адам болсын, 1 000 көрермен болсын, оларға өнер көрсету, жаңа қойылымдар ұсыну – кәсіби міндетіміз, — дейді Есләм Нұртазин.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жобаның шығармашылық тобында 7 актер бар. Дайындық барысында Әшім Ахметов, Жарқынай Ханайым, Таңшолпан Нұртілеуқызымен әңгімелесіп үлгердік. Мюзиклден сонымен бірге Жасұлан Көпберген, Шадияр Ғалымжан, Темір-Сұлтан Мейірбек сияқты актерлерды көруге болады.

Әшім Ахметов студент кезінде жоба режиссеры Есләм Нұртазинмен бірге «Ромео мен Джульетта» мюзиклін сахналаған. Актер дайындық кезінде медиасауат туралы тренингіге қатысыпты.

Өзім сомдайтын кейіпкерді қоғамнан жиі кездестіруге болады. Оның өз шындығы, кемшілігі бар, бірақ ол бұған өзін емес, өзгені кінәлайды. Өзім қатысқан жобаның бәрінде кейіпкермен ұқсас тұсымды іздеп тұрамын. Бұл жолғы образым шындық туғызуға, көрерменді сендіруге көмектеседі. Кейде актерға өзінде дамымаған, тәрбиеленбеген роль келеді, бірақ жаттығып, сол мінезді көрсетуге болады, — дейді Әшім Ахметов.

Әшім Ахметов
Әшім Ахметов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жарқынай Ханайым мен Таңшолпан Нұртілеуқызы да «Ромео мен Джульетта» мюзикліне қатысқан. Ал Sen мюзиклінде қазіргі қоғамдағы қазақ қыздарының жиынтық образын сахналайды.

Жарқынай Ханайым мен Таңшолпан Нұртілеуқызы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Негізі қыздар жігіттерге сенгіш келеді, өзіне тірек іздейді. Кейіпкерім Дина — сондай қыз. Оның оқиғасын ешкімге тілемес едім. Динаның қателігін қайталамаса деймін. Сонымен бірге мұнда осындай жағдайға тап болған жандар өмірін әрі қарай мүлдем басқа сүруге болатынын түсінсе екен дейтін месседж бар, — дейді Таңшолпан Нұртілеуқызы.

Ал Жарқынай Ханайым адамға сенім де, білім де керек дейді. Екеуінің біреуі кем түссе, өмірде түрлі оқыс оқиғаға тап болуыңыз мүмкін.

Мюзиклдің идеясы, айтары актуал. Мұнда әр адам өзін, танысын, туысын, құрбысын көре алады. Қазақтың «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген сөзі осы шығарманың мағынасын ашады. Білімді адам кімге, неге сену керегін біледі. Сенім – ұлы күш, бірақ қазіргі таңда білім одан да ұлы. Біздің мюзикл сенім туралы толық білімді бере алмаса да, әліппесін сыйлайды деген үміттеміз, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Мюзиклдің түйіні: «Әуелі өзіңе сен, сол болар сенім деген». Шығармашылық ұжым 3 маусымнан бастап залдың көрерменге толатынына және тәуелсіз театрдың тың тақырыптағы қойылымы келгендердің көңілінен шығатынына сенеді.

ArtKöshe тәуелсіз театрының алғашқы қойылымы Алматыдағы «Өркен» театр-студиясында өтеді. Билеттерді Ticketon.kz сайтынан алуға болады.