Алматыда эпидемиялық маусым басталғалы медицина мекемелеріне кене шаққан 1 275 тұрғын жүгінді, оның ішінде 619-ы 14 жасқа дейінгі балалар.
Бұл туралы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова мәлімдеді.
Шұғыл медициналық көмек барлығына дер кезінде көрсетіліп, белгілері бойынша кенеге қарсы иммуноглобулин енгізілді. Жыл басынан бері кене энцефалиті тіркелген жоқ, — деді Әсел Қалықова.
Эпидемиологтың айтуынша, кене энцефалитінен қорғанудың ең тиімді әдісі – кене энцефалитіне қарсы вакцинация.
Кене шағып алған жағдайда мүмкіндігінше ертерек (кене шаққаннан кейін төрт күннен кешіктірмей) медициналық мекемелердің көмегіне жүгіну керек, онда оларға білікті медициналық көмек көрсетіліп, кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин салынады, — деді дәрігер.
Кене инфекцияларының алдын алу мақсатында осы жылдың 13-ші мамырынан бастап қалалық саябақтар мен скверлерде өңдеу жұмыстарының екінші кезеңі жүргізіліп жатыр.
Өңдеу жұмыстары Алатау, Алмалы, Әуезов және Жетісу аудандарында аяқталды.