Бүгінде елімізден халықаралық бағытта 28 елге 121 маршрут бойынша аптасына 567 рейс жиілігімен ұшақтар ұшып, жолаушыларды тасымалдайды. Бұл туралы көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Рейстердің басым бөлігі Ресей Федерациясына ұшады. Атап айтқанда, аптасына 31 әуе бағыты бойынша Мәскеу, Санкт-Петербург, Екатеринбург, Минеральные воды, Қазан, Сочи, Красноярск, Новосибирск, Махачкала және Грозный қалаларына 139 рейс орындалады.
Ал Түркияға 18 әуе бағыты бойынша Ыстамбұл, Анкара, Анталия қалаларына аптасына 125 рейс жиілігімен және Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай, Абу-Даби, Шарджа қалаларына 58 рейс алты әуе бағыты бойынша ұйымдастырылған.
Қазақстаннан Қытай Халық Республикасына қатынайтын ұшақтар Бейжің, Үрімші, Сиань, Ханчжоу, Санья сынды қалаларды қамтып, тоғыз әуе бағыты бойынша аптасына 43 рейс жүзеге асырылады.
Биыл жазда жолаушыларды Вьетнам, Тайланд, Египет және Грузия мемлекеттеріне тасымалдайтын әуе рейстерінің саны айтарлықтай арта түседі.