ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Марат Нұрғожиннің айтуынша, әрбір аппаратта қызмет көрсету мерзімі бар.
«Бізде спутниктерді жоспарлы ауыстыру шаралары ескерілген. Әрбір аппаратта қызмет көрсету мерзімі бар. 2023 жылға қарай «KazSat-2» жер серігін ауыстыруға тиіспіз. Сонымен қатар бізде Жерді қашықтықтан зондтау жүйесі жұмыс істеуде. Ауа райы жағдайына қарамайтын радарлық спутникті іске қосуды қарастырмақпыз, яғни ол күндіз де, түнде де жұмыс істеуге қауқарлы. Атап айтқанда, жер серіктерін ауыстыру бойынша, сондай-ақ қолданыстағы жүйені дамыту тұрғысында жоспар даярладық»,-деді Нұрғожин.
Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, қазіргі кезде инвестициялық жоба қаралып жатыр. Әзірге «KazSat-2» аппаратын алмастыратын «KazSat-2-Р» жер серігінің құны белгісіз.
Бұдан бөлек, вице-министр бұрындары «Зенит» зымырандары ұшырылған «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы монтажды-сынақ кешені Ресейдің жалға алуынан шығарылып, қазақстандық «Бәйтерек» кәсіпорнына тапсыралатынын айтты.
Осы ретте «Бәйтерек» кешені үшін зымырандар Ресей Федерациясы тарапынан жеткізіледі. Олар «Феникс» жобасының орташа зымырандары. Шамамен «Бәйтерек» кешенінен осы зымырандарды ұшыру 2024 жылға жоспарланып отыр.