Бұқаралық ақпарат құралдары — ақпараттық-танымдық сайттар, радио және телевизия қазақша калька тілмен сөйлеуге, жазуға бейім болып барады. Ал халық БАҚ-тың тілін стандарт, яғни дұрыс деп біледі. Соларға ұқсап сөйлейді.
Мәселенің түбінде не жатыр? Қазіргі жағдай қандай? Енді не істейміз? Редактор Назгүл Қожабек, ғалымдар Ермұхамет Марлбек пен Серап Пылгыр жауап берді.

БАҚ халықтың калькамен сөйлеуіне ықпал етіп отыр

Калька – бір нәрсені айна-қатесіз көшіріп алу деген сөз. Кальканың бірнеше түрі бар. Редактор, медиатренер Назгүл Қожабек ең қиыны – грамматикалық калька дейді.

Қазіргі БАҚ бетінде септіктер бірінің орнын бірі тартып алып жатыр, шақ категориялары қате қолданылады. БАҚ «хабарлады, мәлімдеді» деген сияқты жедел өткен шақ формаларын ғана жиі қолданып, қалған формалар ұмытылып бара жатыр, — дейді Назгүл Қожабек.

Назгүл Қожабек
Назгүл Қожабек. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Редактор радио сіңірген калькаларға ерекше тоқталды.

Халыққа «өйтетін боламыз, сөйтетін боламыз» деген кальканы радио сіңірді, радио таратты. Дұрысы – «өйтеміз, сөйтеміз». Бұл – келер шақ. «Жаңа ғана Пәленше орындаған әнді тыңдаған болатынсыздар» деген бар. Сөйтіп, радио журналистері шақтардың быт-шытын шығарды, — дейді редактор.

Оның айтуынша, бұл қатарға «жаңалықпен бөлісу» деген тіркесті қосуға болады. Әсіресе «қуанышпен бөлісуді» асқындырып жіберген де — радио журналистері. Радиодағы құттықтау бағдарламаларында «бізбен хабарласып, қуанышпен бөлісіңіз», «қуанышпен бөліссең, көбейеді» деген калька тіркестері шықты. Дұрысы — «Қайғыны бөліссең, азаяды, қуанышты бөліссең, көбейеді».

«Сатылатын тақырып» қою да қазақ тіліне қайшы құрылымдар шығарды

2014 жылдары сайттарды жиі оқитынмын. Сол кезден бастап бір адам жетістікке жетсе, тақырыпқа оның аты-жөнін емес, оның танымал жұбайының аты-жөнін шығаратын. Болмаса, ол адам түскен фильмді қоятын. Мысалы: «Шымкент сыра зауытын Баян Алагөзованың күйеуі иеленді». Өйткені мұндай тақырып индекстеуге жақсы ілігеді. Сөйтіп «сатылатын тақырып» қою да қазақ тіліне қайшы құрылымдар шығарды, — дейді ол.

Түркияның Хажеттепе университеті түркітану институтында докторантуда оқып жатқан Серап Пылгырмен хабарластық. Ол қазір қазақ және орыс тілдерінің тілдік байланысын зерттеп жүр.

Адамдар «рақмет» айтқан кезде «көп рақмет» деудің орнына «үлкен рақмет» деп жиі айтады. Бұл орыс тіліндегі «большой» деген сөзден туып отыр. «Большое спасибо» сөз тіркесі қазақ тіліне сөзбе-сөз көшкен, — дейді Серап Пылгыр.

Докторанттың айтуынша, қазақ тілі синтаксисінен де орыс тілінің ықпалын байқауға болады.

Серап Пылгыр
Серап Пылгыр. Фото жеке архивінен

«Туған күніңізбен, мерекеңізбен құттықтаймын» деген сөз тіркесін алайық. Орыс тіліндегі «поздравлять» етістігі көмектес септік жұрнағымен  қолданылады – «С днем рождения!» Ал қазақша «Туған күніңіз құтты болсын!» деген форма дұрыс, — дейді ол.

БАҚ-тың калькалануы журналистика қалыптасқан XX ғасырда басталды

БАҚ тілі адамдардың жазып-сөйлеуіне қатты ықпал етіп жатыр. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымы Ермұхамет Марлбектің айтуынша, бұл процесс қазақ журналистикасы қалыптасқан XX ғасырда басталған.

Ол уақытта Ахмет Байтұрсынұлы бастап «Қазақ газеті» жарыққа шыққан еді. Сол кезден-ақ қазақ тілі калькалана бастаған. Орыстардың, татарлардың газет шығару ісіне сүйендік. Біреуден үлгі алғанда, сөз бәрібір калькаланады. Бұл мәселені талай ғалым көтерді. Оның басында Ахмет Байтұрсынұлы мен Елдес Омарұлы тұр. Елдес Омарұлының «Қазақшаланған орыс тілі» деген мақаласы да бар. Ол заманда қазақ зиялылары орыс және ноғай тілдерінде білім алғанын ескеру керек. Байтұрсынұлының «Тіл – құрал» деген еңбегін оқыған зиялылар ана тіліне ноғайша қосып сөйлейтінін түсініп ұялған, — дейді Ермұхамет Марлбек.

Дегенмен калькамен күрес те белсенді жүрген. Бұл істі Алаш қайраткерлері реттеп, жүйелеп отырған.

Серап Пылгыр де орыс тілінің ықпалын қазақтың ұзақ жыл Ресей патшалығы мен КСРО құрамында болғанынан дейді. Ол кезде қазақ балалары орыс мектебінде оқып, жастайынан ана тіліне қарағанда орыс тілін жақсы меңгерген. Бұл жағдай олардың орысша ойланып, қазақшаға сөзбе-сөз аударуына, яғни калькалардың пайда болуына себеп болды.

Бұл процеске аудармалар да ықпал етті. Аудармашы қаншалық талантты болса да, түпнұсқа тілдің ықпалынан құтылу қиын. Аударма лексикалық көшірмелердің орыс тілінен қазақ тіліне ауысуын жылдамдатып қана қоймай, түрлі морфема мен еліктеуіш құрылымдардың синтаксистік деңгейде көшірілуін жеңілдеткен. Сөйтіп калькалар тілдік санаға сіңіп кеткен, — дейді ол.

«Материал қазақша жазылған, басқа не керек?» дейтін редактор көп

Назгүл Қожабек «Материал қазақша жазылған, сөйлемнің басы бар, аяғы бар, басқа не керек?» дейтін редактор көп екенін айтады.

Қазір кез келген калькаланған сөз бен тіркесті жұрт түсінеді. Неге олай? Өйткені біз оны іштей орысшаға аударып аламыз, — дейді ол.

Редактордың айтуынша, қазір қазақ тілі тиын істеп алу түрі болып кетті. Қазақ тіліндегі ақпарат мәжбүрлі жазылатыны бар. Мемлекеттен тапсырыс алу үшін сайтқа қазақша бөлім қосады.

Ал «қазақша жазылған материал таза болсын, қазақ тіліне зиян тимесін» деу үшін сайттың өз ұстанымы болуы керек. Сайттың нақты тұжырымдамасы болса, ол жердегі қызметкерлер тілге жаны ашиды. Ал медиа басшысы бұған  тек кәсіп деп қараса, ниет өзгереді де, тіл жайына қалады, — дейді редактор.

Назгүл ханым медиада істейтін адамдардың құзыреттігіне қарау керек дейді. Осы жолда дамуға, білмегенін білуге ұмтылысы бар ма, әлде шала-шарпы күйінде істей бере ме? Айналып келгенде, бәрі басшылық пен қызметкердің ниетіне байланысты.

Сайттар мына нәрсені түсінбей отыр. Сайтта жазылған сөздің бәрі индекстеу жүйесіне түседі де, Google-дың, Yandex-тің бүкіл аударма жүйесін жаттықтыруға жинала береді. Сайттар «окинишке карай» деп жаза берсе, ертең браузерлердің аударма жүйесінде «к сожалению» деген сөз тура осылай аударып тұрады, — дейді Назгүл ханым.

Бір сөздің қалай жазылатынын интернеттен іздесең, ең көп қолданылған нұсқа шығады. «Қуанышты бөлісу» ме, жоқ «қуанышпен бөлісу» ме деп іздедік делік. Біріншісі 500 рет, екіншісі 1000 рет қолданылса, күмәнданып отырған адам екіншісін таңдайды. Демек, сөз калькамен жазыла берсе, интернетке кететін қате құрылым арта түседі.

БАҚ тілінің калькалануы түбінде әлеуметтік жағдай жатыр

Медиатренердің айтуынша, БАҚ-қа бөлінетін қаражат көбейсе, журналистердің бір жерден алатын айлық жалақысы жеткілікті болса, бұл жағдай оңалар еді. Журналистер тілінің калькаланып, оның ықпалы халыққа тиіп жатқаны астарында үлкен себеп бар. Айналып келгенде бәрі әлеуметтік жағдайға келіп тіреледі.

Телеарна тілшісінің сол жерден алатын айлығы жетпейді. Содан бір сайтқа қосымша материал жазады. Оған қоса бір жерден тапсырысқа мәтін аударады. Ақыры соңында бір жұмысы өнбейді. Мәтіндері шала-шарпы жазылады, оны қайта қарап отыратын уақыты жоқ. Содан тіл де калькалана береді, — дейді Назгүл Қожабек.

Назгүл Қожабек
Назгүл Қожабек. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Редактор медиа басшыларының зор қатесі — журналистерді бесаспап көретінінде дейді. Журналистика факультетін бітірсе, «сөзді дұрыс жаза алады» деп ойлайды. Олай болса, ондай маманға корректер не үшін керек дейді. Корректор алу – артық шығын.

Редактор, журналист, корректор деген түрлі маман екенін түсіну керек. Мәтін жазатын адам мәтін өңдей алмайтынын, мәтін өңдейтін адам әріп қате түзей алмайтынын білу қажет. Мұның бәрі қалай басталды? Кезінде заман қиындау болып, сөз ұстайтындар шетінен аудармашы болып кетті. Өйткені бұл ақша табудың ең жеңіл жолы еді. Сөйтіп осы уаққа дейін жиылып қалған тау-тау қате аударманы кім жасады деп ойлайсыздар? Өзіміз, — дейді Назгүл ханым.

Содан журналист мәтінге қатысты жұмыстың бәрін істей алады деген таптаурын қалыптасты: мәтінді жазады, өңдейді, аударады, орфографиясын да жөндейді.

БАҚ тілінің калькалануын бәсеңдету жолдары

Назгүл Қожабек бірнеше шешім ұсынды.

Әуелі, редакторлар корпусы қалыптасуы қажет. Жақсы редакторлар шығуы керек. Жақсы редактор деген – мәтінді барлық аспектіден оқи алатын, сөздің мағынасы мен өз орнында тұрған-тұрмағанын, сөз астарында орысша сөз тұрған-тұрмағанын тани алатын маман.

Қазақ тілін ғылым тіліне айналдырамыз дейміз, алайда қазақша ғылыми мәтінді өңдейтін редактор жоқтың қасы. Газет-журналдарда мықты редакторлар пісіп-жетіліп, олар кейін сайт редакторларын тәрбиелегені дұрыс. Болмаса, басылымдағы редакторлар кейін сайттарға барса немесе сайт журналистері редакторлыққа дейін жетіле алса, корпус қалыптасады.

Екіншіден, редактура курсы керек. Олар қазақша мәтінді телевизияға, сайтқа, басылымға, әлеуметтік желіге бейімдеу деген бағыттарды бөлек-бөлек үйренгені дұрыс. Жалпы, қазақ тілін қай салада дамытуды қаласа, сол салаға бейімделген редактор керек. Медицина қазақша сөйлесін десек, медициналық мәтіндерді өңдей алатын редакторлар қажет. Бұл тізім таусылмайды.

Үшіншіден, кез-келген БАҚ редакциясына корректор алуы қажет. Бұл — әуел бастан келе жатқан даусыз нәрсе. Штатта корректор болмаған күннің өзінде, тілшілер өзара келісіп алуына болады. Бүгін бірі мәтін жазса, екіншісі редакцияның мәтінін оқып беретін сырт көз болады. Осындай функцияны кезек-кезек атқаруға мүмкіндік бар. Дегенмен журналист әріптесінің мәтінін оқып бере алатындай сауатты болуға тиіс. Корректор жоқ деп қарап отырғаннан осы жақсы.

Төртіншіден, редакцияларда тіл ережесіне қатысты кітаптар тұруы керек. Мұндай кітаптар тізіміне орфография сөздігін, грамматикаға кіріспені және тағы басқасын жатқызамыз. Кітаптар тұрмаған күннің өзінде журналистер тілдің дұрыс жазылуына, қолданылуына қатысты ресурстарды білуге тиіс.

БАҚ, калька
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Назгүл Қожабек «Калькасыз қазақ тілі» деген кітап жазып жатыр. Материал көп, сондықтан қашан жарыққа шығатыны белгісіз. Басылған соң калькамен күресетін жақсы бір дүние болады деп үміттенемін.

Ермұхамет Марлбек қазақша жазатын журналистерді қатаң тілдік тәжірибеден өткізуді ұсынды. Оның айтуынша, тілшілер журналистика факультетін бітірген соң дыбысты анық айтып тұрса болғаны жұмысқа тұра береді. Тілшінің тіл туралы тарихи білімі, ғылыми жүйесі туралы білімі өте таяз болуы мүмкін.

Кальканы тоқтату үшін мәселені анықтап алып, әрі қарай іске мемлекет қолдауымен көшу керек. Норма бекіту қажет шығар. Мұның психологиялық аспектісі де бар. Азаматтардың тіл үшін жауапкершілігі артуы қажет, — дейді ғалым.

БАҚ, калька
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
БАҚ, калька
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
БАҚ, калька
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Тілдің калькалануын тоқтату мүмкін емес

Ермұхамет Марлбектің айтуынша, тілдің калькалану процесін тоқтату мүмкін емес. Тек оның дамуын дұрыс бағытқа салуға болады.

Тіл қолданысын еркіне жіберіп, соның ішінен 10-20 жылда халық өзі норма жасап алатын тәжірибе бар. Тілдің басты қызметі, әрине, адамдардың қарым-қатынасын жүзеге асыру. Оған қоса ұлттың рухын, тарихи оқиғалар мен мәдениетті, халық танымын тасымалдайды, — дейді ол.

Бір тілдің фнукционал әлеуеті екінші тілдікімен бірдей емес: төмендеу, не жоғарылау болады.

Мемлекеттік тіл төмен деп отырғам жоқ. Қазақша да, орысша да бірдей сөйлейтін адам, ойын көбіне орысша жеткізетінін байқаймын. Бұл неден? Екінші тілдің функционал әлеуетінен, — дейді Ермұхамет мырза.

Қазақ тілінің көркем әдеби стилі өте жақсы дамыған, шаруашылық тіліндегі лексикамыз бай. Бұл жағынан әлемдік тілдермен деңгейлеспіз. Дегенмен біздің ана тілімізде дамытатын стиль түрлері бар. Мысалы, ғылыми стиль әлемдік тілдердікіне жетпей жатады. Ғылыми ұғымдар мен сөздерді дамытуымыз керек: бірізге түсіріп, халық қабылдайтындай нормалау қажет. Осындай қажеттік барда өзге тілдің оң тұсын қабылдамай тұра алмаймыз.

Ермұхамет Марлбек
Ермұхамет Марлбек. Фото жеке архивінен

Қазақ тілін XVII-XVIII ғасырдағы тіл деңгейінде ұстап тұрамыз деген қате. Өзгеріске түспеген тіл – өлетін тіл. Дәуір алмасқанына, қоғамдағы қатынастар ұлғайғанына, өнертабыс артқанына қарай, жаңа ұғымдар қосыла береді. Әр жаңа сөз тіл құрылымы мен дыбыстық жүйесіне әсер етеді. Сондықтан әр жаңа нәрсені калька деуге келмейді. Мүмкін ол қазақ тілінің ішкі дамуынан пайда болған құбылыстар шығар?! Қазақ тілінің цифрлық дәуірі басталып жатыр. Жұрт кітап оқығаннан гөрі, құлақпен тыңдап, көзбен көретін ақпаратты қабылдайды. Демек, БАҚ-тың жауапкершілігі де көп, — дейді ғалым.

Серап Пылгырдің айтуынша, қоғамда қазақ тіліне оң көзқарас қалыптасқанымен, орыс тілін меңгеру деңгейі жоғарырақ. Орыс тілінlе судай қазақтар  сөйлескенде орысша құрылымдарды қазақша аударады.

Бұл проблеманы шешу үшін қазақ тілін жеткілікті деңгейде үйрену керек. Ол үшін балалармен қазақша сөйлесу керек. Балалық шақ — тіл үйрену үшін маңызды кезең. Әр қоғамды жаңа ұрпақ қалыптастырады. Сондықтан жаңа ұрпаққа қазақша тәрбие беруге мән берген дұрыс, — дейді ол.

Серап ханымның айтуынша, түрік тілдерінің тарихи дәуірлерінде қолданылған формаларды немесе көне қазақ жазбаларын да пайдалануға болады.

***

Тағы оқыңыз:

Тест: Қазақша дұрыс сөйлеп жүрсіз бе?