Ерлердің күтімі тек қырынумен шектелмейді. Қазіргі заманның ерлері маникюр жасатады, сырт келбетіне ерекше мән береді және бет күтіміне арналған тауарларды да сатып алады. Алайда оларды сынайтындар да көп. Baribar.kz ерлердің бет күтімі не үшін қажет және несімен ерекше екенін біліп көрді.
Әлихан Құлбеков әлеуметтік желідегі парақшасында ерлерге арналған бет күтімі жайлы айтады. Түрлі кеңесін жазып, танымал өнімдердің құрамын талдайды. Өзінің айтуына қарағанда, бет күтіміне 2020 жылдан бастап қызыққан.
Төрт жыл бұрын бетімде безеу көп еді. Дәрігерге тексерілгенде, акненің (түк фолликулы мен май бездерінің зақымдануы — ред.) төртінші деңгейіне өтіп кеткенін білдім. Бетімді түгел безеу басып кетті. Сондықтан басында дәріханадағы күтім препараттарын қолдана бастадым. Бірақ ештеңе көмектеспеді, — дейді ол.
Кейін Әлихан өзі де іздене бастаған. Бет күтіміне арналған тауарлардың да түр-түрін қолданып көрген. Ол Instagram желісіндегі бір постында осы төрт жылда бет күтіміне арналған препараттарға шамамен үш миллион теңге жұмсағанын жазған.
Қазір бетім тап-таза. Бірақ күтімді тоқтатуға болмайды. Меніңше, әйел не ер екеніне қарамастан, әрбір адам бетін күтіп ұстауы қажет. Себебі бұл — тіс тазалау сияқты гигиеналық әрекет. Бұған қоса қазір ерлердің денсаулық мәдениеті де өзгерді. Әркім сырт келбеті келісті болғанын қалайды. Ерлер де беттегі безеу тек эстетикалық көрініс емес, ментал саулыққа, ішкі сезімге зиянын тигізетінін біледі, — дейді Әлихан.
Әлиханның бет күтімі жайлы әлеуметтік желіге салған видеоларының астына қолданушылар түрлі пікір жазған. Көбі — әлі сынап жатқандар.
Сынайтындар өте көп. Бірі теріме тиіссе, тағы біреуі сақалыма тиіседі. Түсінбейтіндер әлі көп. Бірақ менің түпкі мақсатым — «Ерлер бетін сумен жуып жүре берсе болады», «Бетті күтіп ұстау ерлерге тән емес» деген стереотипті жою. Мұның ұят емес екенін жеткізгім келеді. Ақырындап мақсатқа жақындап келе жатқан сияқтымын. Қолдайтындар, көмектесіп жатқанымды жазатындар көп, — дейді ол.
Қазір Әлихан бет күтімі бойынша адамдарға арнайы консультация береді. Жеке мәселелерге қарай, қажет болуы мүмкін күтім препараттары бойынша кеңес береді.
Өзім басқаларға кеңес бере алу үшін түрлі өнімді сынап көремін. Барлығының құрамын зерттеймін. Тек содан соң басқа адамдарға кеңес беремін. Ал жалпы кез келген адам бетіне екі кезеңнен тұратын күтім жасауы қажет. Бет жууға арналған көбік немесе гидрофиль маймен бетті тазалап алу қажет. Осыдан соң бетті ылғал ететін крем жағамыз. Далаға шықпас бұрын міндетті түрде күннен қорғайтын крем жағу қажет. Негізгі күтім осы. Одан соң беттің ерекшелігіне қарай қосымша препараттар қоса беруге болады, — дейді ол.
Косметолог Мадина Такенова да ер адамдар міндетті түрде бет күтімін қолға алуы қажет дейді. Маманның айтуынша, бет терісінің саулығы көп нәрсеге ықпал етеді.
Ердің көбі сабынмен және сумен бет жуу жеткілікті деп ойлайды. Бірақ тері — маңызды орган, оның саулығына бей-жай қарауға болмайды. Бетімізді күтіп ұстай отырып, акне, құрғақтық, бет терісінің тітіркенуі, ерте қартаю сияқты дүниелердің алдын алуға болады. Бұған қоса, адамның беті таза, сау әрі жылтырап тұрса, өзіне сенімді болады, — дейді ол.
Маман әйелдер мен ерлердің бет терісінде біршама айырмашылық бар дейді. Сондықтан күтім жасағанда оны ескеру қажет.
Әдетте май бездері белсенді, сол себепті ерлердің бет терісі әйелдерге қарағанда ылғал келеді. Бірақ солай екен деп, ерлер мүлдем бетті ылғал ететін кремдер қолданбауына болады деген сөз емес. Керісінше, ылғалдау — кез келген бет үшін күтімнің негізгі кезеңі. Сондықтан осындай препараттар алғанда арзан дүниеге жүгірмеген абзал, — дейді маман.
Мадина Такенованың айтуынша, ерлер қырынған соң, олардың беті тітіркеніп, құрғап кетеді. Сол себепті бұл процестен соң да бет күтімін жасау керек.
Бірден хлогексидинмен өңдеу қажет. Сонымен қатар ылғал ететін және тыныштандыратын крем жағу керек, — дейді ол.
Дәрігер бет күтімі тақырыбына ерлер бірте-бірте қызыға бастағанын айтады. 2022 жылы ерлердің бет күтіміне арналған тауарлардың жаһандық нарығы 17,9 миллиард АҚШ доллары болған. Future Insights дерегі бойынша, Азия елдерінде, әсіресе Қытайда жәнн Үндістанда сұраныс өте жылдам артып келеді. Оның ішінде көбіне қырынуға арналған гельге, ылғал ететін және күннен қорғайтын кремдерге, бетті тазалайтын өнімдерге сұраныс көп.
***
Тағы оқыңыз: Косметолог кеңесі: бет күтімінде қандай процедура қауіпті?