Жеке шекара – жеке кеңістігімізді қорғау үшін орнатылған көзге көрінбейтін сызық. Желіде жеке шекара туралы көп талқыланса да, жауабы беймәлім сұрақтар жетерлік.
Baribar.kz тілшісі психоаналитик Жұлдыз Төлеумен әңгімелесіп, «Жеке шекара не үшін маңызды?» «Жеке шекараны қалай қорғаймыз?» деген сұрақтарға жауап іздеді.
«75 жыл тұлғалық даму туралы айтылмай, коллективтендіру саясаты жүргізілді»
– Күнделікті өмірде «жеке шекара» деген сөзді көп қолданамыз. Осы сөздің шын мәніндегі мағынасын түсіне бермейтін сияқтымыз. Бұл тақырып неге тым өзекті?
– Жеке шекара туралы тақырыптар мен проблемалардың көтеріліп жатқаны түсінікті дүние. Біз посткеңестік елдерден шыққан, қызыл империяның қарамағында болған мемлекетпіз. Ол кезде «жеке шекара» деген ұғым мүлдем болған жоқ. Жеке шекара емес, «жеке тұлға» деген ұғым да болмады. Ол кезде «Барлық ел пролетарлары, бірігіңдер!» деген лозунг болып, ұжымдастыру жүрді. Ұжымдастыру қазақ даласында өте ауыр жүрді. Адамның, отбасының, әулеттің мал-мүлкін тәркілеп, барлық нәрсені ортақ қылды. Колхоздастыру, совхоздастыру деген дүниелер де болды. Осы нәрсенің барлығы 75 жылға созылды. 75 жыл тұлғалық даму туралы айтылмай, коллективтендіру саясаты жүргізілді. Осы себепке байланысты қазір «жеке шекара» тақырыбы өте көп айтылады.
– Иә, осы уақытта жеке шекараны қорғау туралы көп айтылады. Бірақ бір нәрсені қорғау үшін ең алдымен ол нәрсе болуы керек сияқты. Психоаналитик маман ретінде «Жеке шекараны қалай құруға болады?» «Жеке шекараны қай жастан бастап құрған жөн?» деген сұрақтарға жауап берсеңіз.
– Бұл тақырып бала дүниеге келгеннен бастап айтылуы керек. Баланы дұрыс тәрбиелеп, жеке шекарасын құруды үйрету қажет. Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі ушығып тұр. Балаға «Сенің денең – сенікі. Денеңді сипауға ешкімнің хақы жоқ» дегенді де үйреткен жөн. Зорлық-зомбылық мәселесі кішкентай балаға жеке тұлға екенін түсіндіріп, жеке шекараны үйретпеуден туындайды.
– Адам жеке шекара құрғанда субъектив ретінде шешім қабылдай ма, адамзаттық құндылықтарға жүгіне ме?
– Бұл әр адамның өз құндылығына байланысты. Жеке шекара адамның құндылығына, өмірлік мақсатына, қалауына байланысты құрылады.
“Жеке шекараны сыйлау – адамның жеке әлемін сыйлау”
– Жеке шекара қалыптасып, құрылғанда жеке шекараны қорғау деген мәселе туындайды. «Жеке шекарам жиі бұзылады, бірақ не істеу керек екенін білмеймін» дейтін адамдар көп. Осындай жағдайда не істеуге болады?
– Кез келген мәселе, кез келген конфликт диалог арқылы шешіледі. Сіз ең алдымен өз құндылығыңызды, өз қалауыңызды ашық айта білуіңіз керек. «Бұл нәрсе маған ұнамайды», «бұл нәрсені қаламаймын» деген сияқты сөздерді айтып үйренген абзал. Әрине, бұл сөздер достарыңызға, туыстарыңызға ұнамауы мүмкін. Бірақ жеке шекараны қорғау үшін қалауды айтып үйрену маңызды.
– Жеке шекара нормалары бір адамға қатаң, бір адамға бейімделгіш болуы мүмкін бе?
– Әрине, жеке шекара нормалары адамның қарым-қатынасына, араласу ортасына байланысты қалыптасады. Мысалы, кейбір адамның ең жақын, сырласатын досы болады. Осы сырлас досы ол адамның үйіне кез келген уақытта барып, рұқсатсыз-ақ кіруі мүмкін. Бұл — екі тарап үшін де норма. Ал осы адамның үйіне жай ғана танысы рұқсатсыз келсе, дөрекілік болуы мүмкін. Сондықтан жеке шекара нормалары әр адамға байланысты өзгереді.
– Жеке шекара мен этиканың айырмашылығы қандай?
– Негізі жеке шекара мен этиканың мағынасы ұқсас. Этика көп жағдайда қоғамдық, ұжымдық жерлерде қолданылады. Барлық жұмыс орнында этика нормалары бар, көптеген мамандықта этика стандарттары қолданылады. Этикаға «сыйлау», «дөрекі сөз айтпау» деген сияқты нормалар жатады. Жұмыс беруші қызметкерден осы нормаларды сақтауды сұрайды. Шетелде этиканы бұзғаны үшін қызметінен де кетіп жатқанын көреміз. Ал жеке шекара жеке адамға қатысты. Жеке шекараны сыйлау – адамның жеке әлемін сыйлау.
“Көп ата-ана балаға жеке тұлға емес, өз жалғасы ретінде қарайды”
– Бала көп жағдайда ата-анасына тәуелді болады. Көп ата-ана жеке шекараны ескермеуі де мүмкін. Баланың жеке шекарасын сақтау не үшін маңызды?
– Қазақстанда Қуандық Бишімбаев ісі болып жатқанда көптеген қазақ әйелі абьюз құрбаны болғанын ашық айтып, ашық жазып жатыр. Абьюз – қазақ қоғамында да, посткеңестік елдерде де бар өте өзекті мәселе. Осы мәселенің тереңінде ата-ана мен бала қарым-қатынасы тұр. Қоғамда «Абьюзерлер қайдан пайда болады?» деген сұрақ көтеріліп жатыр. Біздің қоғамда «баланың әке-шешесін бағуы парыз», «бала әке-шешенің айтқанын орындауы керек», «кенже бала — шаңырақтың иесі» деген сияқты түсініктер бар. Көп ата-ана балаға жеке тұлға емес, өз жалғасы ретінде қарайды. Жеке шекараны сақтау дегеніміз – баланы жеке тұлға деп қабылдау. Дүниеге келген сәбиді жеке тұлға, бөлек адам ретінде тәрбиелеу керек.
– Біз көп жағдайда өзге адамның жеке шекарасын бұзып тұрғанымызды байқамауымыз мүмкін. Өзге адамның жеке шекарасын қалай бұзбауға болады? Жеке шекарадан асып кеткенімізді қалай түсінеміз?
– Бұл біріншіден, адамның өскен ортасына байланысты. Отбасы, достары, ұстаздары – барлығы адамға әсер етеді. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар. Мысалы адам сыйлауды, өзгенің пікірін құрметтеуді білмей өскен бала жеке шекараны да құрметтемейді. Сондықтан жеке шекараны мектептен бастап үйрету керек. Жеке шекараны сыйлау деген қарапайым ғана нәрсе. Мысалы, адамның жеке басына тиісіп сөйлемеу, кекетпеу, дене бітіміне қатысты сын-пікір айтпау, киген киімін, жүріс-тұрысын, ішкен-жегенін сынамау да жеке шекараны сыйлау болып есептеледі. Жеке басына қатысты әдепсіз сөз айтылса кейбір адамдар ашық айтады, ал кейбір адамдар айта алмайды. Осыны ескеру керек.
– Жеке шекара не үшін маңызды? Жеке шекараның бұзылуы қандай жағдайға әкелуі мүмкін?
Жеке шекараны сыйлау – адамның өзін-өзі және өзгені сыйлауы. Мәдениет пен этиканы үйренген бала ертең заңды да бұзбайды. Заң бұзған адамның баратын жері – абақты.
– Әңгімеңізге рақмет.