Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Отан қорғаушылар күнімен құттықтады

7 мамырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.

Мемлекет басшысы құттықтауында бұл мерекенің еліміздегі бейбітшілік пен тыныштық құндылықтарын нығайту үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Қазақстан ұлттық мүддені қорғауға, аумақтық тұтастықты сақтауға және тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән береді. Айбынды армиямыз егемендігіміздің кепілі, мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі саналады, — деді ол.

Тоқаев әскеріміздің әлеуеті оқу-жаттығу жиындарында ғана емес, нақты міндеттерді жүзеге асыру барысында да көрініп жүргенін айтты.
Алапат тасқын ел-жұртқа қауіп төндіргенде, сарбаздарымыз алдыңғы шептен табылды. Олар өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетті, — деп толықтырды мемлекет басшысы.