Алматыда Жеңіс күніне орай қандай іс-шаралар өтеді?

Алматыда Жеңіс күнінің 79 жылдығын мерекелеу — 9 мамырда 28 панфиловшы-гвардияшылар атындағы саябақта екінші дүниежүзіілік соғыс ардагерлерінің қатысуымен Даңқ мемориалының жанында мәңгілік алауға гүл қою рәсімімен басталады.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков айтты.

Қала әкімдігі ардагерлер кеңесімен бірлесіп 42 пункттен тұратын қалалық іс-шара жоспарын әзірледі. Оған барлық ұйымдастырушылық шаралар мен ардагерлерді әлеуметтік қолдау мәселелері кіреді. Қалада мерекелік безендіру жұмыстары басталды. Қала бойынша билбордтар, медиабордтар LED-экрандар ресімделеді. «Жеңіс» таспалары дайындалып, таратылады. Оларды белсенді тарату үшін еріктілер тартылады, — деді ол.

Сонымен қатар қала аумағында орналасқан барлық соғыс батырларына арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қою жоспарда. Жергілікті жерлерде аудан әкімдіктері ардагерлердің жастармен кездесуін ұйымдастырады.

9 мамыр — алматылықтардың сүйікті мерекесі. Әдеттегідей, бұл күні саябақта адамдар көп, осыған байланысты барлық келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық ұйымдастыру шаралары қабылданды, — деп толықтырды А.Есенбеков.