Оралдағы Жайық өзенінде су деңгейі 8 сантиметрге көтеріліп, 858 сантиметрге жетті. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
ТЖМ күштері және құралдары Батыс Қазақстан облысында тәулік бойы жұмыс істеді. Осы сағатқа дейін құтқарушылар бөгеттер тұрғызып, оны нығайту жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар уақытша топырақ үйінділері жабдықталды.
Бұған дейін төтенше жағдайлар министрлігі Орал маңындағы саяжайлардан тағы біраз тұрғын көшірілгенін хабарлаған еді.
Іздестіру-құтқару жұмысы барысында Орал қаласының маңындағы су басқан аймақтардан ТЖМ күшімен саяжайдың 60-тан астам тұрғыны металл қайықпен эвакуацияланған.
Азаматтарды шұғыл эвакуациялау бойынша бүкіл жұмыс ТЖ министрі Шыңғыс Әріновтың жетекшілігімен жүріп жатыр.