Қазақстандағы су тасқыны: ТЖМ өңірлердегі жағдайды айтты

Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Динара Нұрғалиева орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифиңде елдегі тасқын ахуалын баяндады.

Тасқынға қарсы жүргізілген іс-шаралардың арқасында 19 715 адам өз үйлеріне оралды. Тасқын басталғаннан бері 118 180 адам, оның ішінде 44 254 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 113 852 мал қауіпсіз жерге айдалды. Қазіргі таңда 8 821 адам, оның ішінде 3 885 бала эвакуация пунктерін паналап жүр. 4 370 үй мен 2 737 ауладан су бұрылды. 10,5 миллион астам текше метр қар суы сорып шығарылды, 3,4 миллион құмқап және 1,4 миллион тоннадан астам инертті материал төселді, — деді ресми өкіл.

Еске салайық, министрліктің 18 сәуір, сағат 16.00-дегі ақпараты бойынша, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 6 046 жер үй, мен 1 130 аула су ортасында тұрғанын мәлім еткен.

Министрлік өкілінің айтуынша, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 989 жеке тұрғын үй мен 1 091 аула әлі су ортасында тұр.

Апаттар медицинасы орталығының психологтары тұрғындарға тасқынмен байланысты шұғыл психологиялық көмек көрсетіп, ақпараттық қолдау жасау үшін тәулік бойы кезекшілік атқарып жатыр. Жедел желі телефонына 1 971 қоңырау түсті, — дейді Динара Нұрғалиева.

Қазіргі таңда тасқынмен күреске еріктілерден бөлек 44 137 адам, 4 642 техника, 858 су сору құралы, 341 жүзу құралы, 12 әуе кемесі жұмылдырылған.

Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарының 38 елді мекенінде табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы төтенше режимі жағдай сақталып отыр. Азаматтарды су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамыз. Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Үй мен эвакуация пунктерінен тиісті рұқсатсыз кетпеңіздер, — деді ТЖМ ресми өкілі.