Солтүстік Қазақстан облысында су деңгейі көтеріліп жатыр

15 сәуірден бері СҚО аумағында су деңгейі қайтадан көтеріліп жатыр. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау бөлімінің басшысы Серік Ғайсин айтты.

Облыста су тасқынының бірінші толқынының негізгі кезеңі өтті. Бөгеттен асып кетудің шекті деңгейі 425 см болды. Соның салдарынан 3 419 үйді су басты. Әлі де 3 223 үйді су басып тұр, 196 үйдегі қауіп сейілді. 14 388 адам эвакуацияланды, 764 адам үйлеріне оралды. Қазір су басқан аумақтың тұрғындары уақытша тұрғылықты жерге көшіріліп жатыр, — деді С. Ғайсин Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.

Оның айтуынша, Ақмола облысынан келген суға байланысты 15 сәуірден СҚО аумағында су деңгейі қайтадан көтеріліп жатыр. 21-22 сәуірде өңірдегі су деңгейі жоғары шегіне жетуі мүмкін.