Қазақ-қырғыз қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатыр. Бұл туралы Ақордада Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Ең алдымен, шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз үшін Садыр Нургожоевичке шынайы алғысымды айтамын. Мен бұл сапарға ерекше мән беріп отырмын. Қырғызстан — біз үшін бауырлас ел, маңызды әрі сенімді серіктес. Халықтарымыздың мызғымас достығы ортақ тарихқа және рухани құндылықтарға негізделген. Осындай бастауы бар қазақ-қырғыз қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатыр, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл тұрғыда мемлекет басшысы екі ел одақтастық байланысты нығайтуды қолға алғанын атап өтті.
Бүгін біз тарихи келісімге қол қоямыз. Осы маңызды құжат қазақ-қырғыз қатынастарының дамуына тың серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан үлкен үмітпен қарап отырмыз. Оған біздің мүмкіндігіміз де, ынта-жігеріміз де жеткілікті. Жоғарғы мемлекетаралық кеңестің отырысы ынтымақтастық аясын кеңейтуге жол ашады деп санаймыз, — деді Қазақстан президенті.