Президент Ақордада Садыр Жапаровты қарсы алды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Қырғызстан президенті Садыр Жапаровты Ақордада күтіп алды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Көрші ел президентінің сапарына орай салтанатты рәсімдер залында Құрмет қарауылы сап түзеп, оның бастығы мемлекет басшысы мен мәртебелі мейманға рапорт берді.

Осыдан кейін президенттік оркестр екі елдің әнұранын орындады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Бұдан әрі мәртебелі мейман мен Қасым-Жомарт Тоқаев кілемше бойымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік туына қарай жүрді.

Оның алдына келгенде Садыр Жапаров тоқтап, басын сәл иіп, ілтипатын білдірді.

Салтанатты рәсімінен кейін Қазақстан мен Қырғызстан президенттері шағын құрамдағы кездесуге өтті.

Сапар аясында бүгін жоғары деңгейде екіжақты келіссөздер жүргізіледі және бірқатар маңызды құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр.