Елордада көркем гимнастикадан халықаралық турнир өтеді

Елорда төрінде 22-25 наурыз аралығында «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде көркем гимнастикадан «ALEM CUP» халықаралық турнирі өтеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Дүбірлі додаға 2008 жылы туған және одан үлкен, 2009-2010 жылдары туған және одан кіші санаттағы спортшылар қатысады. Сондай-ақ, қатысушылар топтық жаттығуларда да бақ сынайтын болады.

Жарыс Халықаралық гимнастика федерациясының (FIG) көркем гимнастика бойынша 2022-2024 жылдар бойынша қолданыстағы ережелеріне сәйкес өткізіледі.

Айта кетейік, бұл жарыс әлемдік йедерация лицензиясы бар гимнасттар келетін көркем гимнастика бойынша турнир болмақ.

«Бұл – Астана төрінде өтетін көркем гимнастика әлемінде көптен күткен іс-шара. Турнирге Египет, Корея, Қырғызстан, Қазақстан, Беларусь елдерінің ұлттық құрамаларынан гимнастар келіп өнер көрсетеді. Негізі әуелгі мақсат – елдер арасындағы ең үздік гимнастарды анықтау. Оған қоса елордада өтетін «ALEM CUP» халықаралық турнирі әлемдік күнтізбелік жоспарға енгізілді. Біздің Қазақстан соның ішінде астаналық аруларымыз өздерін лайықты көрсетеді деген сенімдемін», — деді Әлем халықаралық көркем гимнастика академиясының басшысы Асем Бақытжанқызы.

Айта кетейік, байрақты бәсеке Астана қаласы әкімдігінің, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің және Қазақстандық гимнастика федерациясының қолдауымен өтеді.