Басты бетҚоғамАстанада Шаңырақ...

Астанада Шаңырақ күні қарсаңында жас жұбайлар неке қиды

Наурызнамның онкүндігі аясында 17 наурызда Шаңырақ күні атап өтіледі. Осыған байланысты, «Астана жастары» ЖРО АХАТ басқармасымен бірлесіп, елордада жас жұбайлардың неке қию рәсімін өткізді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Неке қию рәсімінде үлкен кісілер жастарға өздерінің отбасылық өмірлері туралы айтып, ақыл-кеңестерімен бөлісті.

77 жастағы Геннадий және Марина Серовтар өздерінің бірге өмір сүрген 55 жылдық өмірі туралы айтты.

«Бүгін біз жасарып кеткен сияқтымыз. Некеміздің алғашқы күнін есімізге түсіргендей болдық. Отбасымыздың ұстанымы қандай? Ең бастысы – сенім, сонымен қатар бір-бірін тыңдай және құрметтей білу. Әрине, түсініспеушіліктер де болды. Бірақ одан балалар зардап шекпеуі керек. Баланың әкесі мен анасының тәрбиесінде болуы үшін отбасының бүтін болуы маңызды. Себебі отбасы – қоғамның әл-ауқатының негізі. Жастарға зор денсаулық, бір-біріне деген сүйіспеншілік пен құрмет тілеймін!» — деді Марина Серова.

Жас жұбайлар Қайрат Рыспаев пен Медина Нұрмағанбетова неке олар үшін өмірлеріндегі жаңа және қызықты кезең екенін атап өтті.

«Керемет эмоцияға бөленіп отырмыз. Қыз бен жігіт болып, қолұстасып жүру бір бөлек, ал отбасын құрғаннан кейінгі жауапкершілік тіптен бөлек. Еліміздегі әрбір отбасының бақытты болуы маңызды, өйткені бұл еліміздің болашағы. Ал еліміздің дамуы мен өркендеуі үшін жас ұрпақ белгілі бір жауапкершілікке ие. Біз бұған барынша ықпал ететін боламыз, өйткені мемлекетіміздің болашағы бізге де байланысты», — деді Медина Нұрмағанбетова.

Естеріңізге сала кетейік, Наурыз мейрамын мерекелеу аясында елордада 200-ге жуық іс-шара өтеді. Қала тұрғындары концерттерге, мерекелік бағдарламаларға, көрмелерге, қойылымдарға, ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық жарыстарға, халықтық мерекелерге және т.б. қатыса алады.