Ақтөбенің Ырғыз ауданында төтенше жағдай жарияланды

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында төтенше жағдай жарияланды. Бұл өңірдегі төтенше жағдай жарияланған алтыншы аудан. Сонымен бірге Ақтөбе қаласында да түнде 100-ден астам адам эвакуацияланды.

Бұл туралы Ақтөбе әкімінің баспасөз хатшысы хабарлады.

Ақтөбе облысы бойынша әлі де жағдай тұрақты емес. Қарғалы өзені арнасынан асып, Ақтөбе қаласындағы бау-бақша ұжымында адамдар эвакуацияланды.

Қарғалы су қоймасы толды және Қарғалы өзенінде су деңгейі көтеріліп, Ақжар және Садовое тұрғын алаптары аумағындағы бау-бақша ұжымдарын су басу қаупі туындады. Төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы орган өкілдері, полиция мен әскерилер 140-тан астам адамды қауіпсіз жерге көшірді. Олардың 25-і бала, — деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.

Оның айтуынша, түні бойы Қарғалы өзені бойында орналасқан бау-бақша ұжымдарының үйін сақтау үшін су бұру, арнаны бекіту жұмыстары жүргізілді. Судың бағытын бөгеу жұмыстарына 80-нен аса әскери, мердігер компания өкілдері мен 10-ға жуық ауыр техника жұмылдырылды.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Ырғыз ауданында тасқын судан келген залал бар. Бүгін мұнда жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе қаласы мен Ойыл, Қобда, Мұғалжар, Темір, Әйтеке би аудандарында төтенше жағдай жарияланды.