Қазақстанның бірнеше өңірін су басты. Апат салдарынан Ақтөбе облысындағы былтыр ғана жөнделген бөгет жарылды, ал Абай облысында көпір қирады. Оған қоса мыңдаған үй мен төрт-түлік мал су астында қалды. Ал көліктер су үстінде қайық сияқты қалқып жүр. Зардап шеккен 20 елді мекенде төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар эвакуацияланды.
Судың тасығанына не себеп? Жыл сайынғы жағдайға қарап, бұл облыстарда су басу қаупі бар екенін біле тұра, мемлекет неге оның алдын алуға дайын болмады? Үкімет қандай қате жіберді? Селдің қалай алдын алуға болар еді? Енді су тасқыны салдарымен қалай күресуге болады? Baribar.kz мамандардан сұрап білді.

Су тасқынына не себеп?

2024 жылғы 2 сәуірдегі мәлімет бойынша, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Алматы, Павлодар, Ұлытау, Абай облыстарында 15 786 адам қауіпсіз орындарға эвакуацияланды. Оның ішінде 6 187-сі — балалар. Мұндай тасқынның негізгі себебі — күннің күрт жылығанынан қардың ерігені және өзен-көлдің тасығаны.

Әмірхан Кеншімов. Фото жеке архивінен

Су шарушалығы саласының ардагері, инженер-гидротехник Әмірхан Кеншімовтің айтуынша, су тасқыны — тек Қазақстанда емес, дүниежүзіндегі біраз мемлекетте болып жатқан қиын мәселе. Себебі қазір климат өте жылдам өзгеріп жатыр. Мәселен, ол күзде және қыста ауа райы құбылып, қар жерге сіңіп үлгермегенін айтады. Нәтижесінде елдің оңтүстігінде жердің беті 1,5 метрге дейін, солтүстікте 2,5 метрге дейін қатып қалған. Ал күн жылығанда ол еріп, жазық даланы су басқан.

Кейінгі 30 жылда Жердің ауа температурасы 1-1,5 градусқа дейін көтерілді. Мұхиттар мен теңіздердің де температурасы жоғарылап жатыр. Бұл мұхиттар мен теңіздердің бетінде су қатты буланып жатыр деген сөз. Дүниежүзіндегі қардың, жаңбырдың көп болғаны сол циклондарға тікелей байланысты. Ол циклондардың жүретін жолына да қатысты. Мұндай табиғи өзгерістер, су тасқыны тек Қазақстанда емес, дүниежүзінде болып жатыр. Біріккен Араб Әмірлігінде бұрын-соңды болмаған жаңбыр жауып жатыр. Мұның бәрі — табиғат, сол себепті жағдайға бір жағынан түсінікпен қарауға болады, — дейді су ресурсы жөніндегі маман.

Ғазиз Әбішев. Фото жеке архивінен

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев те табиғи құбылысқа төтеп беру өте қиын екеніне келіседі. Десе де ол бұл жағдайды бақылап отыруы керек мемлекеттік аппараттағы мамандардың біліксіз екені қазіргі жағдайға себеп дейді.

Өкінішке қарай, қазір көптеген салада білікті маман аз. Бұл — мемлекеттік аппаратқа, шенеуніктерге де қатысты нәрсе. Физика-технологиялық инженерлік жағынан ойлана алатын, білетін шенеунік тапшы. Бәрі — гуманитар, мықты менеджер. Бәрі академияны бітірген, тіл білетін, заң білетін экономистер, заңгерлер. Бірақ Жердің жағдайын білетін адам санаулы. Бұл — проблема, — дейді саясаттанушы.

Оған қоса ол саяси жағдайдың ықпалы бар екенін айтады.

Екінші мәселе — саяси жағдай. Бұл шенеуніктерді Ескі Қазақстанмен байланысы барлар тағайындап отыр. Әрине, осыдан сәтсіздікке ұшыраймыз. Оған қоса жемқорлық, ұзақмерзімді жоспар құра білмеу сияқты мәселелер бар. Бұл іспен бас прокуратура айналысуы керек. Наполеон «Қате — ұрлықтан да жаман нәрсе» демекші, жауапты адамдарды ұрлық, жемқорлық жасағаны үшін ғана емес, босаңсып, мәселені шешуге қабілетсіз болғаны үшін де жазалау керек. Адам өз міндетін түсінбесе, дұрыс істемесе, дұрыс емес шешімдер қабылдаса, қабілетсіз екенін көрсетсе, оны жазалау керек, — дейді Ғазиз Әбішев.

Су тасқынының алдын алуға бола ма?

Қазір су тасқыны салдарымен төтенше жағдай қызметкерлері күресіп жатыр. Әмірхан Кеншімовтің айтуынша, мұхиттың, өзен-көлдің су деңгейінің көтерілгенін, су тасқыны болып-болмайтынын шамалап болжауға, соған қарап алдын алуға болады. Дегенмен Қазақстанда онымен айналысатын маман жоқтың қасы. Ал су ресурстары және ирригация министрлігі биыл ғана құрылған.

Төтенше жағдай министрлігі жұмыс істеп жатыр. Олардың жұмысын жоққа шығаруға болмайды, бірақ олардың техникасы да шамалы. Ал су тасқынын алдын ала болжауға болады. Қазір оған арналған түрлі бағдарлама бар. Қазгидромет қолданып жүр, бірақ олардың қауқары бәріне жете бермейді. Сол үшін гидрологтар, инженер-гидротехниктер, инженер-құрылысшылар, су шаруашылығының механизациясына жауап беретін мамандар қажет. Осы саладағы мамандарды жақсылап дайындау қажет. Ал бізде шала-пұла оқытылып жатыр, салдарынан бар деген мамандардың білігі өте төмен. Кеңес одағы кезінде Мелиорация және су шаруашылығы министрлігі болатын. Олар күн жыли бастағанда арықтарды, бітеліп қалған арналарды тазалап, дайындайтын. 90-жылдардың басында оны екіге бөліп жіберді. Сәйкесінше, ондағы мамандар да екіге бөлініп кетті. Кейін тапсырыс, құрылыс болмаған соң, олардың көбі тарап кетті. Былтыр Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. «Батпандап кірген кесел мысқылдап шығады» деген сөз бар. Қордаланып қалған барлық мәселені бір жылда шешу мүмкін емес, — дейді су ресурсы жөніндегі маман.

Су тасқынының алдын алу үшін не істеу керек?

Мемлекеттен су тасқынын болдырмауға, оған қарсы жұмысқа қаражат бөлінеді. Мәселен, биыл ақпанда Көкшетау қаласының әкімдігі су тасқынына қарсы жұмыс үшін 49,5 миллион теңге жұмсаған. Әкімдік «КөкшеТазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасасқан. Олар қаладағы су басуы мүмкін деген жерлердегі қарды тазалап отыруға, өзен-көлдердің деңгейін тексеруге, олардың айналасын тазалауға, оның маңайындағы арналарды ашуға және тағы басқа шараларды істеуге міндетті болған. Келісімнің істеліп-істелмегеніне қарамастан, Көкшетауды да су басып жатыр.

Әмірхан Кеншімовтің айтуынша, үкімет конкурсқа қатысқан, ақшаны, жауапкершілікті өзіне алған компанияларды жіті қадағалауға тиіс.

Үкімет министрліктерге қаржыны дұрыс бөліп, оның дұрыс жұмсалғанын, қажет техника құралдарының алынғанын қадағалауы керек. Құзырлы органдар конкурсқа қатысып, ақшаны алған компанияларды жіті тексергені жөн. Қазір конкурс арқылы ұтып алатындардың қолында қарындашы мен қағазы ғана бар. Қағазға әдемілеп «бізде бар, аламыз, қамтамасыз етеміз» деп жазады. Кейін жоқ болып отырады. Осының бәрін тексеру керек. Бұл жағдайдан сабақ алуымыз керек — дейді ол.

Оған қоса Әмірхан Кеншімов елде бұрынғыдай дамбылардың, арналардың көп болғаны дұрыс деп санайды.

Бұрын ауылдардың жан-жағы дамбылармен (өзен мен теңіз жағаларын шаюдан және су басудан қорғайтын немесе бөгендерде суды тежеуге көмектесетін топырақтан, тастан және бетоннан салынған гидротехника нысаны — ред), арналармен қоршалатын. Арна арқылы еріген қар суы ағып кететін. Қазір олар жоқ, — дейді инженер-гидротехник.

Алайда саясаттанушы Ғазиз Әбдішев дамбы салу тиімсіз әдіс деп ойлайды.

Бір ауылдың қары күрелмесе, жағдай басқа. Ал жүздеген километр жазық даладағы қар кенет ерісе, оны табиғи құбылыс екенін түсінеміз. Елдің барлық аумағына 300-ден астам дамбы салу мүмкін емес. Бірақ мәселе мынада — осындай жағдайда баруға болатын қауіпсіз орындар қайда орналасқан, адамдар қалай қорғана алады және мұндай орталықтар, апатты болдырмауға арналған бөгеттер алдын ала қаншалық салынып, дайындалып қойғанында, — дейді Ғазиз Әбішев.

Айша Окушева. Фото жеке архивінен

Экономикалық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы Айша Окушеваның айтуынша, төтенше жағдайларда, оның ішінде су тасқыны кезіндегі қауіпті болжау және төмендету бойынша арнайы бағдарлама әзірлеу қажет.

Бағдарламада алдағы 10 жылға арналған болжам мен алдын алу шараларын қарастыру қажет. Халықты да ақпараттандырып отыру керек, — дейді маман.

Оның айтуына қарағанда, тағы да еріген суды жиятын су қоймаларын салу қажет. Кейін оны құрғақшылық кезінде қолдануға болады.

Болашақта су қоймаларының суын коммуналдық шаруашылыққа және егістік суаруға қолдануға болады. Бұл — өте көп қаржыны және сауатты мамандарды қажет ететін шара, — дейді

2024-2026 жылдары тоғыз облыста көлемі 2,4 текше шақырым болатын 20 жаңа су қоймасы салынады. Алайда Әмірхан Кеншімовтің айтуынша, су қоймасын кез келген жерге сала беруге болмайды.

Апат болып жатқан елді мекеннің көбінде дала жазық. Ал мұндай жерде су қоймасын салу мүмкін емес. Салуға болатын жерлерді табу керек, ондай жер болмауы мүмкін. Тағы айтамын, әуелі мұндай жерді табатын мамандарды табуымыз керек. 20 су қоймасы зерттеліп, зерделеніп таңдалған жерлерге салынады. Ал бұған қоса тағы салсақ, онда егжей-тегжейлі зерттеу жасалуы қажет, — дейді Әмір Кеншімов.

Айта кетейік, бес облысты әлі су басып жатыр. Оның ішінде Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жағдай әлі де күрделі.