Кәсіпкерлерден «Қазақша мәтінге халықтың көзі үйренбеген», «Қазақша мәтін жазу қиын», «Қазақ тіліндегі сөздер түсінікті емес», «Қазақша жазсам, бизнесім жүрмей қалатын сияқты» деген сөздерді естіп жүрміз. Бұл сөздер рас па, сылтау ма?
Baribar.kz тілшісі Qazaqsha jaz қозғалысының өкілі Жалғас Ертаймен бизнестегі қазақ тілі туралы сөйлесіп, осы сауалдарға жауап іздеді.

«Тілге деген қатынас дұрыс құрылмаған»

Кәсіпкерлерге «Кәсібіңді неліктен қазақша жүргізбейсің?» дегенде «Орысша мәтін ыңғайлы сияқты. Қазақша мәтінге адамдардың көзі үйренбеген» дейді. Жалғас Ертайдың пікірінше, бұл сөздің астарында тілге деген қате көзқарас бар.

Менің ойымша, «қазақша мәтін түсініксіз» деп ойлайтын адамдар «қазақша мәтін қате» дегенді айтқысы келетін сияқты. Түсініксіз болу себебі – біздегі адамдар мемлекеттік қызметте де, бизнесте де қазақ тіліне жанама тіл ретінде қарайды. Қазақ тілін «галочка» үшін ғана қосады. Тілдің түсінікті болуына, адамдарға ыңғайлы болуына назар аудармайды. Мысалы, кәсіпкерлер айдаладағы бір аудармашыға әр бетіне 2000 теңге төлеп мәтінді аудартады. Әрине, мұндай мәтін түсініксіз болады. Салғырт орындалған тапсырма бәріне түсініксіз, – дейді Жалғас Ертай.

Ол тілге деген қатынастың өзгеріп келе жатқанына да тоқталды.

Біздің тілге деген қатынасымыз дұрыс құрылмаған сияқты. Бірақ бұл ситуация кейінгі жылдары өзгеріп жатыр. Себебі тілге қатысты, қазақша мәзірге қатысты, қазақша ақпаратқа қатысты түрлі дау болды. Мысал ретінде Chocofamily, Pinta-ны атауға болады. Осындай даулардан кейін бизнес иелері қазақ тілінің қажет екенін түсініп  жатыр. Бірақ сонда да қазақ тіліндегі мәтіннің сапасы – проблема. Олар қазақша жасауға тырысса да, сапа деңгейі нашар. Демек «Қазақша түсініксіз» деген пікір дұрыс назар аудармау мен тілді галочка үшін ғана қолданудан туындайды, — дейді ол.

Жалғас Ертай
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Мәселе – аударманың бірізді болмауында»

Бізге спорт дүкенін қазақша жүргізетін кәсіпкер «двойка» деген сөзді аудара алмай жүргенін айтты. Кәсіпкерлерден де «Қазақшаға аудару қиын», «Кей сөздердің мүлдем аудармасы жоқ» деген пікірді жиі естиміз. Жалғас Ертайдың сөзіне қарағанда, бұл нәрсе дағды мәселесіне келіп тіреледі.

Біздің қалада өмір сүру мәдениетіміз орысша қалыптасқан. Осы себепке байланысты кей сөздер мен ұғымдардың қазақша баламасы жоқ болуы немесе түсініксіз болуы заңды. Бұл нәрсе дағды мәселесіне келіп тіреледі. Күнделікті өмірде қазақша сөздерді қолдана бастағанда өзінен-өзі шешілетін проблема. Менің ойымша, мәселе сөздің түсінікті/түсініксіз болуында емес. Мәселе – аударманың бірізді болмауында. Мысалы, «двойка» деген сөзді бір кәсіпкер «екілік» деп аударып, екінші кәсіпкер басқаша аударса, бұл сатып алушыға түсініксіз. Барлық кәсіпкер «двойканы екілік деп атаймыз» деп келіссе, уақыт өте келе түсінікті терминге айналып кетеді. Сөздің аударма сапасы ғана емес, барлық кәсіпкердің бірізді болғаны да маңызды сияқты, – дейді ол.

Qazaqsha jaz қозғалысының өкілі «Көпшілік менен орысша сұрайды, сондықтан орысша жүргіземін» деген пікірдегі кәсіпкерлер тұтынушы құқығын ескеруі керек дейді.

Демократия, адам құқығы деген нәрсе бар. Адамдардың 80%-і орысша сұраса, қалған 20%-і қазақша сұрайды деген сөз. Сіз сол 20%-ті ескермей, адамдардың 80%-інің ғана қалауын орындасаңыз адам құқығын, тұтынушы құқығын бұзасыз. «Көпшілік менен орысша сұрайды, сондықтан орысша жүргіземін» деген сөз кәсіпкер айтатын аргумент емес. Нағыз кәсіпкер кез келген клиентке ыңғайлы жағдай жасауы керек. Азшылықтың қалауын орындамаған кәсіпкер бизнесінің болашағы бұлыңғыр, – дейді Жалғас Ертай.

Жалғас Ертай
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Платформа деңгейінде тілге қатысты теңсіздік бар»

Instagram әлеуметтік желісінде көп кәсіптің сипаттамасы орысша жазылған. Біз «Неге?» деп сұрағанда «Instagram-парақшаның сипаттамасы қазақша жазылса, іздеу жүйесінен көрінбейді. Себебі адамдар орысша іздейді» деп жауап берді. Жалғас Ертай бұл кәсіпкерлердің емес, біздің мәселе екеніне тоқталды.

Бұл — тұтынушылардың ұзақ жыл бойы қалыптасқан дағдысы. Адамдар тауар сатып алғысы келсе, міндетті түрде орысша іздейді. Бұл – кәсіпкерлердің проблемасы емес, біздің проблемамыз. Проблема уақыт өте келе шешімін таба бастайды деп ойлаймын. Мысалы, адамдар «Пәтер жалға алу», «Торт сатып алу» деген сияқты нәрселерді қазақша іздей бастағанда кәсіпкерлер автоматты түрде қазақша сипаттамаға көшеді, – дейді Жалғас Ертай.

Оның пікірінше, бұл мәселені эволюциялық даму жолымен жіберіп қою дұрыс емес. Іске мемлекет араласуы керек.

Менің ойымша, бұл мәселені эволюциялық даму жолымен ғана жіберіп қою дұрыс емес. Себебі платформа деңгейінде тілге қатысты теңсіздік бар. Мысалы, қазақ тіліне қарағанда орыс тілінің интернеттегі позициясы әлдеқайда жоғары. «Іздеу жүйесіне орысша жазсам көп парақша шығады, қазақша жазсам аз парақша шығады» деген проблема осы жақтан туындайды. Платформа деңгейінде қазақ тілінің көптеген проблемасы бар. Көп сервистің қызметі нашар. Осы тұрғыдан қазақша сөйлейтін сатып алушының құқығы  шектелген. Бұл жерде мемлекет іске араласып, нақты ережелер орнатып беруі керек, — дейді ол.

***

Тағы оқыңыз:

Тест: Қазақша дұрыс сөйлеп жүрсіз бе?