Кәсіпкерлерге берілетін кредит бойынша кепілдік көбейеді

Кәсіпкерлерді субсидиялау құралынан біртіндеп көшу кредиттер бойынша кепілдіктердің кеңеюімен қатар жүреді. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді.

Министр «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіріліп, мемлекеттік қолдау бойынша жаңа бағдарлама әзірленетінін айтқан еді.

Субсидиялау құралынан біртіндеп көшу кредиттер бойынша кепілдіктердің кеңеюімен қатар жүреді. Кепілдік беру құралы ең тиімді шара екенін және бизнестің басты проблемасы – банктер алдындағы кепілдердің жетіспеу проблемасын шешетінін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Осылайша кепілдік беру бойынша кредиттеу сомасы 3,5 миллиард теңгеге дейін өсті, ол бойынша кепілдіктер 50%-ке дейін беріледі, ал экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші тізбесін кеңейту қаралады, — деді Әлібек Қуантыров үкіметтің бүгінгі отырысында.

Бұл ретте кепілдік берудегі жаңа тәсіл нарықтық жағдайға көшуді көздейді, онда 500 млн теңгеден асатын кепілдіктер бойынша кәсіпкер комиссия төлейді. Ал әлеуметтік кәсіпкерлер үшін кепілдік мөлшері 1 миллиард теңгеге дейін ұлғайды.

Синдикатталған кредит беру құралын енгізу, облигациялық қарыз бойынша шарттарды кеңейту, әлеуметтік кәсіпкерлерге және «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушыларға гранттар беру, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясын субсидиялау арқылы өңірлік бағдарламаларды іске асыру қаржыландырудың балама құралдарын дамыту ретінде ұсынылады. Бағдарламаның жаңа тәсілдері бизнестің барлық кезеңінде оның үздіксіз дамуын қамтамасыз етеді, — деді Әлібек Қуантыров.