Сенат төрағасы Ресейдің Қазақстандағы елшісіне көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы елшілігіне барды.

Бұл туралы ҚР парламенті сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Палата спикері Мәскеу облысында болған лаңкестік оқиғаға байланысты еліміздегі Ресей елшісіне көңіл айтты. Сонымен қатар көңіл айту кітабына жазба қалдырып, гүл шоғын қойды. Ол ондаған жазықсыз жанның өмірін қиған қайғылы оқиғаны қазақстандықтар ауыр күйзеліспен қабылдағанын атап өтті.

Сенат төрағасы Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкинмен сұхбат барысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт азаматтарға қарсы террористік актіні қатаң айыптағанын және лаңкестікке қарсы күресте Ресеймен бірге екенін растағанын айтты.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді жазықсыз азаматтарға қарсы зорлық-зомбылықтың бұл түріне бірауыздан қарсылық танытуға шақырды. Адамдыққа жат мұндай лаңкестік әрекетті мүлде ақтауға болмайды. Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы парламенті сенаты депутаттарының және жеке өз атымнан көңіл айтамын. Бұл жағдай Ресей халқымен бірге біздің азаматтарымыздың да қабырғасын қайыстырды. Орын алған лаңкестікті біз ауыр күйзеліспен қабылдадық. Барлық зардап шеккендерге сабыр тілей отырып, олардың тезірек сауығып кетуіне тілектестігімізді білдіреміз, – деді Мәулен Әшімбаев көңіл айту кітабына қалдырған жазбасында.