Басты бетЖаңалықтарТүркістанда жындыханаға...

Түркістанда жындыханаға жабылған қыздың жағдайын білуге келгендерді күзетшілер жағадан алды

Олар тағы да тәуелсіз сараптама жасалуын талап етті. Бірақ емдеу мекемесіндегілердің қызды көрсетпегені былай тұрсын, күзетшілері келгендерді жағадан алды.

Маржанмен әуелден ұялы телефонмен хабарласып, сөйлесіп жүрген бір топ адам бүгін Түркістандағы емдеу мекемесіне келді. Жетім қызды көзбен көріп, халін білмек болған. Бірақ күзетшілер келгендерді ештеңеге қаратпай жағадан алды.

Мекеме алдына жиналған он шақты әйелді күзетуге 40-тан астам полицей келді. Жиналғандардың бір ғана мақсаты бар – «шизофреник» деп танылған қызға қайта сараптама жасатқызу.

«Тәуелсіз сараптама Алматыда не  Астанада жасалса. Тек  Шымкенттен емес. Біз Шымкентке сенбейміз. Өйткені бұны «жынды» деп Шымкент жапқан басында. Қайтадан сол жынды деп айтқан адамнан өткізді да, қайтадан жауып қоя салды», – дейді Түркістан қаласының тұрғыны Жәмилә Жұмабаева.

Туыла сала жетімдер үйінде өскен Маржан Тұрлыбаеваны 10 жасында әлдебір отбасы асырап алған екен. Тек кейін өгей ата-анамен жараспаған қызды 1 жарым жылдан соң жындыханаға өткізіпті. Содан бері бірнеше мекемеге ауыстырылған. Тек қызды бұрыннан танып- біліп, үнемі сөйлесіп жүргендер оның сау екеніне еш шүбә келтірмейді. Тіпті, Маржанды 8 айдан бері қарап жүрген психиатр да қыздың денсаулығынан кінәрат таппапты.

«Жолдама арқылы 18 жасқа толуына байланысты біздің мекемеге келгеннен бері қазіргі таңда ода ешқандай психикалық ауытқу белгілері байқалмайды. Сондықтан, ешқандай ем қабылдап жатқан жоқ», – дейді Түркістан қалалық психоневрологиялық-әлеуметтік мекемесінің психиатры Сәбит Қапалов.

Жұрт дүрліккен соң шенеуніктер «психиатриялық мекемеде заңсыз ұстау» бабы бойынша тергеу басталды деген. Бірақ әзірше не полицейлер, не дәрігерлер тіс жармады.

Маржан Тұрлыбаеваны қолдаушылар қазір әлеуметтік желілер арқылы қол жинап жатыр. Жетім қыздың сап-сау екеніне нық сенімді олар тәуелсіз сараптама жасалуын талап етеді. Қажет десе халық өз қалтасынан қаржы жинап, Астана мен Алматы, болмаса тіпті шетелге жіберіп қыздың ақыл-есін тексертеміз деп отыр.

Дереккөзktk.kz