Шығыс Қазақстанда тағы қар көшкіні түсірілді

Шығыс Қазақстан облысында жасанды жолмен қар көшкіні түсірілді. Бұл туралы ШҚО төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Бүгін «Қазселденқорғау» мекемесі облыстық филиалының мамандары ТЖД қызметкерлерімен бірлесіп, кезекті рет профилактикалық қар көшкінін жүргізді.

«Өскемен-Тарғын-Самар» тасжолында қар көшкінінің өздігінен жүру қаупі артқан. Осыған орай тасжолдың бес учаскесінде жарылыс жасалып, 7 900 текше метр қар түсірілді. Көшкін жолды ішінара жауып тастады. Жолшылар қарды тазартып, автокөлік қозғалысы қайта жанданды, — делінген хабарламада.

Осы ретте, ТЖД қызметкерлері өңір жұртшылығына алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобайл қолданбасы арқылы тексеріп отыруға кеңес берді.