Адам не үшін ренжи береді? Мұның балалық шаққа қатысы бар ма? Өкпе-реніштің салдары ауруға ұласуы мүмкін екені рас па? Baribar.kz тілшісі осы және өзге де сұрақтарды психолог-практик Гүлден Саматқызына қойып көрді.
Өкпе-реніш деген не?
Психолог Гүлден Саматқызы өкпе-реніш адам басқадан бірдеңе күткеніне, іште айтылмай қалған үмітіне байланысты туады дейді.
Өкпе-реніш — түрлі әділетсіздік пен біреуден бірнәрсе күту реакциясына негізделген деструктив эмоция. Ол әдетте ашу, мұңаю немесе жабырқау арқылы шығады. Әр адамның өз шындығы болады, әркім біреуден өзінше бірдеңе күтеді. Бұл сол адамның өмірінде маңызды рөл атқарады, — дейді маман.
Психолог мұндайда шындыққа сай келетін нәрсе күткен жөн дейді.
Өмірдегі оқиғалар, адамдармен қарым-қатынасымыз және адамдардың қандай болуы керек екені туралы ойша жоспар мен идея құрып аламыз. Бұл — бір иллюзия, көбіне шындыққа жанаса бермейтін, қиялымыз әсірелеп жіберетін алданыш. Сол үшін кейде үмітіміз шындыққа сай келмей, қиялымыздағы нәрсе өмірде болмай қалғаннан көңіліміз түседі. Сосын реніш сезімі пайда болады. Реніш — күткен нәрсеміз орындалмағанына немесе дұрыс болмағанына қатысты реакция. Бұл күнделікті кішігірім жағдайлардан да, одан да маңызды оқиғалардан да туындауы мүмкін. Мұның бәрі эмоциялық хәлімізге әсер етеді. Осылай, дұрыс емес күтулер реніш көзіне айналады. Біздің басты кемшілігіміз — керегімізді, қалауымызды айтпаймыз, түсіндіре алмаймыз. Бірақ адамдар әртүрлі әрі ешкім біреудің ойын оқи алмайды, — дейді ол.
Адам неге ренжи береді?
Маман ренжи беру балалық шақтан басталады дейді. Оның айтуынша, ата-ана баланың айтқанына құлақ асып, әрекетіне де мұқият болуы керек.
Кішкентай бала қажетін өз бетінше қанағаттандыра алмайды. Баланың қалауын өтей алмағаны «фрустрация» деп аталады. Бала ата-анасына тәуелді. Қалауын ала алмаған бала ашуланып, бойын агрессия билеуі мүмкін. Мұндайда ата-ана «ашуыңды көрсетпе», «жыныңды қағып аламын», «мінезіңді көрсетпе» деп баласын басып тастайды. Сол кезде бала ашық агрессиясын көрсете алмаған соң, іштей ренжи бастайды. Сезімнің бәрі өкпеде тұншыға береді. Мұны «аутоагрессия» деп атайды. Осыдан бала өзін кінәлі сезінеді. Өсе келе қалауын айтпайтын болады. Содан үнемі іштей бірдеңе күтіп жүреді, оны айта алмайды. Қалауы орындалмаған соң, ылғи айналасына ренжіп жүреді, — дейді психолог.
Психолог ересек адамның ренжи беретіні өзіне сұрақ қойғысы келмеген соң жалғаса береді деп есептейді. Ол адам өзінің ренжи беретіні мәселе екенін түсінсе, өзінің қалауын да түсінуге тырысады.
Жақындарымыздан шынымен көп нәрсе күтеміз. Бірақ ренжи беру жаман екен деп, ешкімнен ештеңе күтпей де қоя алмаймыз. Тек ересек адам позициясын қабылдап, кімнен және не үшін, не нәрсе күтетіңізді әуелі өзіңіз түсінуіңіз керек. Қалап тұрғаныңыз жөн, орындауға болатын дүние немесе әрекет болса, мұны екінші тарапқа ашық айту керек. Тығылмашақ ойынын ойнаудың қажеті жоқ, — дейді маман.
Гүлден ханымның айтуынша, реніш кейде адамның біреудің көңіл аударғанын талап етіп тұрғанынан да болуы мүмкін. Адамдар өкпе-ренішті ұмытып, жеңілдеу үшін әуелі неліктен ренжіп жатқанын түсініп алуы керек.
Әр реніштің артында адамның өтей алмаған қажеттігі жатады. Мысалы, адам кейде біреу оған көбірек көңіл бөлгенін, еркелеткенін, асты-үстіне түсіп, әлек болғанын қалаған соң ренжіп қалуы мүмкін. Мұндай нәрсе әдетте қыз бен жігіттің қарым-қатынасында көп болады. Бірақ бала күнінде жақыны көп көңіл бөлмеген балалар да ренжи беруі мүмкін. Олардың кейін жұмыста, басқа да қарым-қатынаста ұрыс шығарып, артынша ренжіп қалатыныны да осыдан. Бірақ өкпе-реніш, ең әуелі, ренжіген адамның өзіне зиян, — дейді Гүлден Саматқызы.
Реніштің зияны қандай?
Оның айтуынша, өкпе-реніш денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін. Ренжи беретін адамның соматикалық ауруға шалдығу ықтималы жоғары.
Көбіне іштей ұзақ ренжу аутоагрессия тудырады. Адам өзін іштей жеу, өзін аяу, ашулану сияқты ішкі жарақат алып қалуы мүмкін. Ренжіген адам жиі қайғысын «жеуге» тырысады. Нәтижесінде тамақтануы бұзылып, семіздік пайда болады. Ал бұл — барлық дерлік өмірлік маңызды орган мен жүйеге әсер ететін фактор. Сонымен қатар ренжіген адам ренішін алкоголь арқылы суға «батыруға» тырысады. Бұл да әдетте тәуелдікке айналады, — дейді ол.
Өкпе-реніштен қалай арылуға болады?
Психолог реніш сыртқа шықпаса, ол пассивті агрессияға ұласуы мүмкін дейді. Мұндайда адам жұртпен қарым-қатынаста не үндемей қала беретін, не үнемі дау бастайтын адамға айналады.
Маман жағдайды бұған жеткізбес үшін адам өзіне сұрақ қойып, сезімдерін түсінуге тырысуы керек дейді. Ол үшін екі әдісті қолданып көруге кеңес берді.
“Хабарлама» әдісі бойынша, ренжіткен адаммен оның сізді ренжіткен әрекеті туралы диалог құруға тырысу керек. Адамға өз сезімдеріңіз бен күйіңіз туралы ашып, түсіндіріп хат жазыңыз. Алдағы уақытта мұны қайталамауын, сізге мұның ұнамайтынын айтыңыз. Үнемі ренжіп, оны ұмытқандай болып іште сақтап жүре беруге болмайды. Кейін ол адам сол әрекетін қайта қайталағанда қаттырақ ренжуіңіз мүмкін. Ал реніш, жоғарыда айтқанымыздай, ренжіген адамға ғана зиян келтіреді. Екінші әдіс — арт-терапия. Жай ғана парақ пен түрлі-түсті қалам алып, ішкі сезімнің бәрін сурет қылып шығарыңыз. Ренішіңіз қандай екенін елестетіп, оны қағазға түсіруге тырысып көріңіз. Жануар, адам немесе зат та болуы мүмкін, бұл тұста қиялды шектемеген дұрыс. Сосын оған ат қойыңыз. Одан соң қағазды жыртып тастауға немесе жағып жіберуге болады. Болмаса, осы реніштен басқаша қалай құтылғыңыз келер еді, солай істесеңіз болады, — дейді психолог.
Маман барлық адамға ренішіңді ұмыт деуге де болмайды дейді. Салдары ауыр болған, адам өміріне қатты әсер еткен оқиғаларды ұмытуға көп уақыт пен арнайы маман көмегі қажет.
Ренішті іште ұстау немесе оған мән бермеу, оны арқалап жүру адамға зиян. Бірақ кейде ренжіткен адамға бар ашуыңды шығарған күннің өзінде жеңілдей алмайтын жағдай да болуы мүмкін. Зорлық-зомбылыққа тап болған адамға қылмыскерге ренішіңді ұмыт деп қалай айтасың, мысалы? Мұндай оқиғалар адамның жеке тарихында қалады, жадында, санасында бір жара болып тұрады. Мұндайда адам психологқа жүгінгені жөн. Әдетте ренжіген адам өзін-өзі кінәлап, «былай істеу керек еді» деп өзін жеп қояды. Психолог сол кінә сезімінен арылуға көмектеседі, — дейді ол.
Гүлден Саматқызы реніш сезімі нарциссистік травмаға себеп болып, адамның эгосына әсер ететінін айтады. Мұндайда адамға өзгелер оны жете бағаламайтындай көрінеді. Оның айтуынша, ренжіген адамның кейбірі ренішін ішке тұншықтырса, өзгелері «кек алуға» тырысады. Маман бұдан аулақ болуға шақырды. Себебі ақыр аяғында екі тарап бір-біріне жау болып кетуі мүмкін.