Қазақстанда көлікті тіркеу, жүргізушілерді оқыту мен жүргізуші куәлігін беру ережелеріне өзгеріс енеді. Ішкі істер министрлігінің 2026 жылғы 12 мамырдағы № 38703 бұйрығы бойынша, автокөлікке қатысты жұмыс барысы толық электрон форматқа ауысады.
Baribar.kz жүргізуші куәлігін алатындар қандай ережені білуге тиіс екенін анықтап көрді.
Автомат көлікпен емтихан тапсырып, механика көлік айдауға болады
Іnbusiness.kz порталының мәліметі бойынша, енді көлікті онлайн сатып алуға болады. Сонымен қатар автоматты беріліс қорабы бар көлікпен емтихан тапсырған азаматтар механика көлікті де айдай алады. Бұған дейін емтиханды автоматты беріліс қорабы бар көлікпен тапсырғандардың механика көлікті басқаруға заң бойынша құқығы жоқ еді.
Емтиханнан өту үшін 32 дұрыс жауап белгілеу керек
Енді азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін «Автомектеп» қолданбасын пайдаланады. Бұл жүйе заң бұзу әрекетін қадағалап, жемқорлықты жоюға бағытталған. Әр оқу тобында 30 оқушы болу керек. Оқушыларды тізімге күнін қолдан өзгертіп, енгізуге тыйым салынады. Толық оқу бағдарламасын өтпегендерге жүргізуші куәлігі берілмейді. Азаматтардың автомектепті бітіргені туралы құжаты екі жылға дейін жарамды. ЕGov немесе банк қосымшалары арқылы емтиханға тіркелуге болады. Емтиханға онлайн өтініш жолдағанда азамат биометрия қадағалауынан өтпесе, жарты жылға дейін емтихан тапсыруына тыйым салынады. Теориялық емтихан талабы мен сұрағы күрделі. Емтиханнан өту үшін кемінде 32 дұрыс жауап белгілеу керек. Жауабы белгіленбеген сұрақтар қате болып есептеледі.
Көлікті қалай онлайн сатып алуға болады?
Нотариусқа, мамандандырылған ХҚКО-ға бармай-ақ, көлік сатып алу мен сату мәліметін рәсімдеуге болады. Сатушы мен сатып алушы eGov немесе банк қолданбасы мен ЭЦҚ арқылы келісім орнатады.
Көлікті онлайн сатып алу қадамы:
- сатушы көлікті есептен шығаруға өтініш береді;
- мемлекеттік жүйе автоматты түрде көлікті тексеріп, іздеуде бар-жоғын, шектеу мен тыйымды анықтайды;
- сатып алушы өтініште көлікті өз атына тіркеуді растайды;
- жүйе айыппұл, мемлекеттік баж мәліметін тексеріп, көлікті тіркеу туралы куәлікті рәсімдейді;
- сатушыға көліктің тіркеуден шыққаны туралы, ал сатып алушыға дайын құжаттар мен мемлекеттік нөмірді алып кету жайлы хабарлама келеді.
***
Тағы оқыңыз:
100 млн теңге: бірқатар өңірде ХҚО қызметкерлері жүргізуші куәлігін сатқан
