Алматы облысында сот орындаушы балалардың алиментін ұрлаған

Алматы облысында жеке сот орындаушысы 1,5 жыл бойы алимент жымқырған. Бұл туралы бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, 1,5 жылда борышкердің жалақысынан сот орындаушысының арнайы шотына баланы асырауға деп 816 мың теңге аударылған.

Сот орындаушысы бұл ақшаны баланың анасының шотына әрі қарай аудармаған. Бұл ретте, алимент аударушының адалдығына қарамастан, сот орындаушысы борышкердің жүргізуші куәлігінің қолданылуын тоқтата тұруға дейінгі барлық шектеу шараларын қабылдады. Сот орындаушысының жоғарыда аталған заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде әкесі жұмысынан және табыс көзінен, ал баласы өзіне тиесілі алименттерден айырылды, — делінген хабарламада. 

Облыс прокуратурасы жолдаған материалдар бойынша полиция департаменті сот орындаушысына қатысты ҚР ҚК 251-бабы (Жеке сот орындаушысының өкілеттіктерін теріс пайдалану) бойынша қылмыстық іс қозғады.

Сонымен қатар борышкердің жүргізуші куәлігі қалпына келтіріліп, бұрынғы жұмысына қайта орналастырылды.