СҚО көктемгі су тасқынына дайындалып жатыр

Солтүстік Қазақстан облысы көктемгі су тасқынына дайындалып жатыр. Биыл 87 елдімекенді су басу қаупі жоғары.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде көктемгі су тасқынына дайындық барысы айтылды. СҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығы Ерік Сарыбаевтың айтуынша, ведомство 24 қаңтардан бастап күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті.

Топырақтағы күзгі ылғал көпжылдық нормадан 67% артық, қардағы су қоры да 147 мм дейін жетеді. Бұл өте көп. Сондықтан 5 мың тұрғыны бар 87 елдімекен бақылауға алынды. Су басу қаупі бар аймақтарды облыс әкімімен бірге аралап, жағдайды көрдік. Тиісті шаралар қолға алынып жатыр, — деді Ерік Сарыбаев.

Су тасқынымен күреске күш құрылымдарынан 500-ге жуық адам, 134 техника дайын тұр. Оның ішінде тұрғындарды эвакуациялауға арналған 10 арнайы машина, жол таңдамайтын алты көлік, жүзу құралдары, мотопомпалар бар.

Облыстық бюджеттен «КазАвиаСпас» АҚ тікұшақтарын су тасқыны кезінде пайдалануға 130 миллион теңге бөлінді. Былтыр заманауи ұшақсыз ұшу аппараты сатып алынды, оның көмегімен күнделікті мониториң жасалып, қажет болған жағдайда іздеу жұмыстарына қолданылады. Бұдан бөлек тағы осындай тоғыз аппаратты аудандар сатып алды. Айыртау, Ғ.Мүсірепов атындағы және Уәлиханов аудандарындағы өзендерде 11 миллион теңге мұз жару жұмыстарына бөлінді, тиісті келісімшарттар жасалды, — дейді департамент басшысы.

Жергілікті атқарушы органдар да көктемгі су тасқынына әзірленіп жатыр. Қажет болған жағдайда 1,5 мың адам көмекке келмек, осы мақсатқа 1,1 мыңнан астам техника дайындалды. Жақында тағы 58 мотопомпа алуға қаржы бөлінді.

Қазіргі уақытта 87 тонна жанар-жағар май, 9 мың тонна инертті материал, 38 мың қап әзірленді. Су басқан елді мекендерден эвакуацияланған тұрғындарды уақытша орналастыруға 242 пункт бар. Жыл басынан бері облыс бойынша 700 мың текше метр қар шығарылды. Қар шығаруға қосымша қаржы бөлініп жатыр, тек ақпан айында ғана 650 мың теңге бөлініп, бұл 400 мың текше метр қар шығаруға мүмкіндік берді, — деді Ерік Сарыбаев.

Ведомство басшысы Петропавлдағы Заречный кенті бойынша да түсінік берді.

Заречный кентінің шеткері көшелеріне 2017 жылы су кірді. Содан кейін арнайы жалдар салынып, су жолдары жабылды. Биыл оны бекіту және биіктету жұмысы жүргізіледі. Облыс орталығы маңындағы саяжай учаскелері де су басу аймағында, барлығы 5 мың учаске, оларды судан қорғау мүмкін емес, — дейді Ерік Сарыбаев.