Қазақстанның 10 өңірінде елдімекендерге су басу қаупі төніп тұр

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов көктемгі су тасқыны кезеңінде су басу қаупі төніп тұрған өңірлерді атады. 

Оның айтуынша, қазір елімізде ағымдағы су тасқыны жағдайы біршама тұрақталды. Синоптиктердің мәліметінше, ақпан және наурыз айларының соңында республиканың оңтүстік-шығыс, солтүстік және орталық бөліктерінде мол жауын-шашын түсуі мүмкін.

Осыған байланысты, 10 өңірдің елдімекендерін су басу қаупі бар. Атап айтқанда, тау суының ағыны салдарынан: Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары; қардың жылдам еруіне байланысты: Батыс Қазақстан, Ақмола, СҚО, Қарағанды, Павлодар және Қостанай өңірлері, — деді Шыңғыс Әрінов үкімет отырысында.

Төтенше жағдайлар министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша қажет іс-шаралар кешенін өткізген.

«Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында басқару органдарының күштері мен құралдарының нақты дайындығы тексерілді. Халықты құлақтандыру жұмысы пысықталды, зардап шеккен азаматтарды жинау пункттері дайындалды.

Сонымен қатар елдімекендерде уақытша бөгендер салу және үйемелеу (114 км), арықтарды, каналдарды (1 904 км), сонымен қатар авто және темір жолдардағы су өткізу құрылыстарын тазарту (5 002 дана) нақты түрде жүзеге асырылды. Елдімекендерден 10,5 миллион текше метрден астам қар шығарылды.