Абай облысында ауыл тұрғынын алдап кеткен алаяқтар ұсталды

Абай облысында ауыл тұрғынын алдап кеткен алаяқтар ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады. 

Жарма ауданының тұрғынын полицей формасын киген үш жігіт тоқтатқан. Олар алдымен жеке куәлікті көрсетуді талап еткен. Ал құжаттары мен биометриялық деректерін суретке түсіріп алғаннан кейін жібере салыпты.

Ер адам есепшотынан 925 мың теңгенің жоғалғанын көргеннен кейін ғана жалған полицейлерге алданғанын түсінді. Содан бірден полицияға арыз түсірген.

Тәртіп сақшылары күдіктілерді бірден тапты. Олар Батыс Қазақстан облысының үш тұрғыны болып шықты. Үшеуі де жас жігіттер, барлығы қамауға алынды. Қазіргі кезде олардың осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Айта кетейік, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған алаяқтық әрекет үшін 4 000 АЕК-ке (14 768 000 теңгеге) дейiнгi айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 1 000 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тарту, я болмаса, төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.