Ақтөбе облысында бораннан бірнеше елдімекен әлі жарықсыз отыр

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірдегі ағымдағы жағдай туралы бейнежазба жариялады.

Облыстағы 56 ауылдың 27-сі жарыққа қосылды. Ол 2 700 абонент. Ақтөбе қаласында да жарық сөнді. Қала және аудандарда жарық беру жұмыстары түнімен жүргізіледі,- дейді облыс әкімі.

Оның айтуынша, сумен қамту бойынша «Төменгі Қарғалы» және «Тамды» бастоғандары, сонымен қатар қаланың су тазарту нысандарының жұмысы қалпына келтірілген.

8 ақпандағы жағдай бойынша жеті республикалық және жеті облыстық маңызы бар автожол жабық. Апатты-құтқару жұмыстарына 46 полиция жасағы, төтенше жағдай, әскери бөлімдер мен жергілікті атқарушы органдардан 81 бірлік техника, 211 жеке құрам тартылған.

Облыстың сегіз ауданының орталығында, яғни Қарғалы, Қобда, Әйтеке би, Алға, Мұғалжар, Хромтау, Байғанин, Мәртөк аудандарында 11 жылыту пункті ашылды, онда 427 адам, соның ішінде 18 әйел және 20 бала орналастырылды. Сегіз автобус қар құрсауынан шығарылып, 157 адам, оның ішінде 17 бала эвакуацияланды және жақын жердегі жылыту бекеттеріне жеткізілді. Полиция трассалардағы 50-ден астам автокөлікті құтқарды, — деді Асхат Шахаров.

Өңір басшысы сын сағатта күндіз-түні қолдау көрсетіп, жолдағы азаматтарға барынша қол ұшын созып жатқан мейірімді жандарға, волонтерларға алғыс айтып, баршаны болған жағдайға түсіністік танытып, сабыр сақтауға шақырды.