Алматы әкімі Ерболат Досаев лай көшкінінен қаза болғандарды жерлеуді ұйымдастыруға көмек беруді тапсырды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сонымен қатар ол қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Құтқару қызметі Медеу ауданындағы зақымданған үйде тұратын отбасы мүшелерін іздеуді аяқтады. Қайғылы оқиға төрт адамның өмірін қиды. Мен туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын, — деді Ерболат Досаев.
Батпақты үйінді астынан 1984 жылғы ер адамның, 1980 жылғы әйелдің және 2007 жылғы егіз жасөспірімнің денесі табылды.
Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша отбасының барлық мүшесін жерлеуге көмек беріледі. Қазір шетелде оқитын үлкен ұлы – студентке білім алып жатқан елінде тұруға және білім алуға материалдық қолдау беріледі.
Еске салайық, 8 ақпанда Медеу ауданының «Тау-Самалы» шағынауданындағы Олимпийская көшесі бойында техногендік сипаттағы топырақтың батпақтануы салдарынан лай көшкіні болған.
Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті мен Республикалық жедел-құтқару жасағының күштері үйінді астынан бір ер адамның денесін тапқаны туралы жазған болатынбыз.
Кейіннен қалған үш адамның денесі табылды.