Қазақстандық кәсіпорындар өндірісті жаңғыртуға міндеттеледі

Келесі жылдан бастап қазақстандық кәсіпорындар кешенді экологиялық рұқсаттарға көшеді. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді.

Заңнама бойынша, еліміздегі кәсіпорындар 2025 жылдан кешенді экологиялық рұқсаттарға көше бастайды. Кәдімгі экологиялық рұқсатпен салыстырғанда кешенді экологиялық рұқсат эмиссия нормативтерін айқындау үшін ғана берілмейді, сонымен қатар «ең үздік қолжетімді технологияларды» енгізуді көздейді, – деді Ерлан Нысанбаев үкімет отырысында.

Оның айтуынша, ең үздік қолжетімді технологияларға көшу реформасы аясында мына жұмыстар жүргізілді:

  • өнеркәсіптің негізгі салалары бойынша 96 кәсіпорында кешенді технологиялық аудит аяқталды;
  • ең үздік қолжетімді технологиялар бойынша 16 анықтамалық бекітілді.

Министрдің айтуынша, Топ-50 ірі кәсіпорын ең үздік қолжетімді технологияны енгізе отырып, кешенді экологиялық рұқсатқа көшеді. Нәтижесінде жыл сайынғы шығарындылар жылына 900 мың тоннадан астамға азаяды.

Ең үздік қолжетімді технологияларға ауысқан компаниялар он жылға эмиссиялар үшін төлемдерден босатылады. Ең үздік қолжетімді технологиялар енгізілмеген жағдайда шығарындылар үшін төлемақы мөлшерлемелері 2025 жылдан бастап әр үш жыл сайын біртіндеп көтеріледі, – деді ведомство басшысы.

Ерлан Нысанбаев қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемақы мөлшерлемелерін ұлғайту кешенді экологиялық рұқсатқа көшуге және ең үздік қолжетімді технологияларды енгізуге ынталандырушы тетіктердің бірі болатынын айтып өтті.

Министрдің мәліметінше, ең үздік қолжетімді технологияларды жаңғыртуға және енгізуге жұмсалған қаражат қоршаған ортаны және халықтың денсаулығын сауықтыруға әсер етеді.