Air Astana әуе компаниясы биыл IPO-ға шығады

Air Astana әуе компаниясы биыл IPO-ға шығатынын растады. IPO барысында Air Astana әуе компаниясы акцияларының кем дегенде 25%-і еркін айналымға шығады.

Бұл туралы компания таратқан хабарламада жазылған.

Ұсыныс нәтижесінде компанияның жарғылық капиталының кемі 25%-і еркін айналымда болады. Жаһандық ұсынысқа байланысты BAE Systems жаһандық депозитарлық қолхаттың 15%-ін қосымша орналастыру мүмкіндігін ұсынады, – делінген ақпаратта.

Ұсыныстың түпкілікті бағасы және IPO аясында сатылатын GDR мен акциялар саны түскен тапсырысқа байланысты анықталады.

Ұсыныс құрамында компания акционерлері «Самұрық-Қазына» қоры (51%) және BAE Systems (Kazakhstan) Limited (49%) пакетіндегі акциялар мен GDR, сонымен қатар жаңа акциялар мен қосымша GDR шығарылымы болады.

KASE-ге өтініш жақын арада берілсе, LSE мен AIX-ке 2024 жылғы ақпанында шығады.

Роуд-шоу 2024 жылғы 29 қаңтарда басталады деп жоспарланған.

Компанияның атынан Air Astana Group-ты нарыққа шығару ниетімізді ресми түрде растаймын. Орталық Азия мен Кавказдағы ең ірі әуе компаниялары тобы ретінде салалық ұстанымымыз, нарықтағы позициямыз және өсу профиліміз тартымды инвестициялық мүмкіндік боларына сенімдіміз,– деді «Эйр Астана» президенті Питер Фостер.

Бұған дейін «Эйр Астана» LSE, AIX және KASE-де IPO барысында 120 миллион доллар тартуға ниетті екені хабарланған. Компания Лондон қор биржасында, AIX және KASE-де бағалы қағаздарды жариялап, өз дамуына 120 млн доллар тартуды жоспарлап отыр.