Бүгін Тимур Бекмамбетовтің продюсерлігімен «Алғашқылар дәуірі» фильмі шығады

Алғашқылар дәуірі

Фильм туралы

Фильм адамның алғаш рет ашық ғарышқа шығу тарихы туралы өрбиді. Сюжет реалды оқиғаларға құралған: Басты кейіпкер — 1965 жылдың 18 наурызында «Восход-2» кемесімен ашық ғарышқа шыққан Алексей Леонов.

Алексей Леонов ,ғарышкер
Алексей Леонов — «Восход-2» кемесімен алғашқы болып ашық ғарышқа шыққан ғарышкер

Картинада оның досы әрі әріптесі Павел Беляев екеуінің сапарға дайындықтары, ұшу уақытындағы қиындықтар мен сол кездегі КСРО мен АҚШ арасындағы қырғи-қабақ соғыс, бәсекелестік ашық көрсетілген.

АҚШ-тың ғарышты бірінші игеруіне жол бермеу үшін КСРО басшылығы ұшу уақытын 2 жылға кері шегереді. Уақыт тығыз. Бұйрық күттірмейді. Осылайша, қысылтаяң мерзімде құрастырылған кемемен адамзат баласы ашық ғарышқа ұшырылады. Осы уақытқа дейін тек арнайы құрылғылармен ғана дайындалып келген Леонов пен Беляев енді шын ғарышта небір мәселелермен жолығады: оттегінің кристалдана бастауы, ғарыш кемесінің автоматты қону функциясының істен шығуы, Леонов скафандрындағы ақау… Осы оқиғалар барысында сол кездегі идеология, бұйрық берілсе, адамдардың КСРО ғарыш тәжірибесінің сәтсіздігі туралы ақпарат шықпауы үшін өзін ашық орбитада қалдыра салудан тайынбайтыны, цензура айқын көрсетіледі. Әрбір оқиға сайын  экраннан көрерменнің көзін айырмайтындай күрделі сюжет бар.

Сондай-ақ, картинада әке мен бала арасындағы қарым-қатынастың нәзік иірімдері, армандау және соны жүзеге асыру үшін өмір сүруге құштарлық сәтті көрсетілген. Бұл көріністер көрермен жүрегіне жылылық ұялатары сөзсіз.

Фильм әзілден де тысқары емес. Екі жарым сағатқа созылған туындыда еріксіз езуге күлкі үйіретін қағытпа қалжың мен астарлы әзіл жетерлік. Қысқасы, жалығып үлгермейсіз. Бірде кейіпкерлермен бірге қобалжып, жаныңыз қиналса, бірде солардың оптимистік көзқарасына еріп, өмір сүруге деген, арманыңызға деген құлшынысыңыз оянады.

Айта кетейік, «Алғашқылар дәуірі» — ғарыш туралы 3D форматында түсірліген үлкен масштабтағы алғашқы ресейлік фильм.

Фильм түсірілімі туралы

Фильмнің продюсерлері: Тимур Бекмамбетов, Евгений Миронов және Сергей Агеев.

Режиссері: Дмитрий Киселев.

Басты рөлдегі актерлер: Евгений Миронов (Алексей Леонов), Константин Хабенский (Павел Беляев).

Фильм үш жыл бойы түсірілген. Оның ең бірінші көрермені — Алексей Леонов. Картинаны «Ресей кино қоры» мен «Альфа Банк» қаржыландырған. Сондай-ақ, «Елки» фильмінен түскен табыс тартылған.

Бюджеті: 10 млн доллар шамасында.

Фильмнің актері әрі продюсері Евгений Мироновтың айтуынша, фильм түсірілімі басталғанда-ақ, оның қазақ тіліне дубляждаланыты белгілі болған.

«Ғарышқа ұшуға мүмкіндік беріп келе жатқан Сіздерге, елдеріңізге алғысымыз шексіз. Бұл фильмді қазақстандықтардың өз ана тілінде көргенін қаладық. Бұл басынан-ақ жоспарланған болатын»,-дейді ол фильм басында.

Картинаны қазақ тілінде сөйлеткен — BAZELEVS студиясы. Дубляж режиссері Айжан Жәмшітованың айтуынша, фильмді қазақ тіліне аудару үшін 20 күн ғана берілген. Осы уақыт аралығында күн-түн демей қызу жұмыс жүргізілген. Ал дубляж актері — Азамат Қанапияев. Ол осы салады 20 жыл бойы қызмет етіп келе жатыр.