«Хафиз» күйінің шетінеп кеткен балаға арналғанын білесіз бе? Ал тойда айтылатын «Жас жұбайлар» әні пойызда жазылғанын естігенсіз бе? Baribar.kz шығу тарихы ерекше қазақша әндер топтамасын ұсынады.

«Нурикамал» әні — Тұрдықылыш Ізтаев

Нурикамал, Камалым-ай,
Күндей ашық жанарың-ай,
Қолым жетпей, сөзім де өтпей,
Жаутаңдадым қабағыңа-ай, қарағым-ай.

Әнші Жұбаныш Жексенұлы айтатын бұл әдемі әннің шығу тарихы қызық. Бұл — композитор Тұрдықылыш Ізтай мен оның жары, ақын Ханбибі Есенқараның бірге жазған шығармасы. Алайда туынды екеуінің ортақ сезімі туралы емес.

Шымкентте табиғат аясындағы бір отырыста композитор Нурикамал деген сұлу қызға ғашық болады. Сол кеште бойжеткенді биге де шақырған. Бірақ Нурикамал бас тартыпты. Тұрдықылыш Ізтаев түнімен пианино ойнап, сезімін әнге қосуға тырысады. Мұны сезген ақын жары әннің сөзін жазып, «Айтқың келгені осы ма еді?» деп өлеңді жолдасына өзі апарып берген. Осылай, 1988 жылы қазақ ән қоры жаңа туындымен толықты.

Ханбибі Есенқара отандық арналардың біріне берген сұхбатында Нурикамалдың ерекше сұлулығы жайлы былай деген:

«Нурикамал – өмірде бар, лауазымды қызметтегі сұлу бойжеткен. Әуелі «Ол қандай адам, менен артық па?» деп ойладым. Әйелдің бәрінде дерлік эгоистік сезім болады. Бірақ көбі жағдайдың байыбына бара бермейді. Ол бойжеткенге ғашық болмау мүмкін емес еді», — дейді ол.

Ән Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нурикамал Сейітжановаға арнап жазылған. Ол 2021 жылы дүниеден өтті. Ал екі отбасы өмірде жақсы араласқан.

«Жас жұбайлар» — Бекжігіт Сердәлі

Сендерге әрдайым орын бар,

Ақ отау төріне қоныңдар.

Ақ тілек, батамыз — мінекей,

Бақытты болыңдар, болыңдар!

Бұл — ғашықтарға арнау болып кеткен ән. Әнін жазған — Бекжігіт Сердәлі. Әннің шығу тарихы да қызық. Сазгер жақын достарының үйлену тойына сыйлық ретінде пойызда отырып жазған.

Ол күнді сазгер былай еске алады:

«80-жылдардың орта кезі, ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде оқимыз. Бiр күнi табан астынан курстас дос Құлтөлеу үйленетін болды. Пойыз жүйткіп келеді. Той өтетін мекенге жақындаған сайын жас жұбайларға қандай сый тартпағы ойлантып, ұнжырғамыз түсе бастады. Себеп — қалтаның таяздығы», — дейді сазгер.

Отау құрып жатқан Құлтөлеу де, Райхан да — сазгердің курстасы. Сондықтан сазгер сұхбатында осы себептен сыйлықты екі есе уайымдағанын айтады.

«Үстелде жол бойы дастарханға айналған «Лениншiл жастың» (қазiргi «Жас Алаш») қиындысы жатыр. Қиындыда – фотоэтюд. Оған жазылған екi шумақ өлең. Авторы көрсетiлмеген. Пойыз тербетiле зымырап келедi. Доңғалақ ырғағымен ыңылдап едiм, жарасымды бiр әуен пайда болды. Келе-келе әнге айналды. «Лениншiл жастың» бетіндегі әлгi екi шумақты салып, айтып көрiп едiм, әп-әдемi ән туып шыға келдi. «Жас жұбайлар» деп атау таңдым», — дейді сазгер.

Осылай, жаңа ән дүниеге келген. Ал әннің сөзін жазған Өтеген Оралбаевпен сазгер тек екі жыл өткен соң, 1986 жылы танысқан екен.

«Хафиз» күйі — Сейфуллин Жолбарыс

Құлаққа сіңген бұл туындының авторы Сейфуллин Жолбарыс екенін біле бермейміз. Бұл — сағыныш пен мұңнан туған шығарма.

Әншінің айтуынша, 1998 жылы шыққан «Хафиз» күйін алғаш рет Асылбек Еңсепов орындаған. Бұл туынды содан бері халық арасында кеңінен танымал. Жұрт күйдің шығу тарихын білмегендіктен, кей жерде орынсыз қойылып жүр.

«Бір қарасам «Хафизбен» ет тартып жатыр, бір қарасам Түркияда сән көрсетіп жатыр. «Хафиз» – тұңғыш ұлым дүниеге келіп, төрт айлығында шетінеп кеткен кезде сондағы мұң, қайғыдан өмірге келген туынды. Сондықтан бұл — қайғылы музыка», — деді Сейфуллин Жолбарыс бір сұхбатында.

«Келші, айым» — Мэлс Өзбеков

Жазушы Дулат Исабековтің шығармасының желісімен 1975 жылы экрандалған «Гауһартас» фильмінде осы ән шырқалады. Бертінде Музыкалық жас көрермен театры да осы туындыны сахналағанда «Келші, айым» әнін айтады. «Келші, айым» әні фильм шыққанда қалай хитке айналса, спекталі қойылғалы да екінші рет жан біткендей болды. Туындыны консерваторияда оқитын жас студент, композитор Мэлс Өзбеков жазған.

Көгілдір көл беті, көк елес көлбеді,
Мен тұрмын жағада жабырқау… – деп басталатын әннің тереңінде сазгер тілмен айтып жеткізе алмаған белгісіз мұң жатқандай…

Бұл не мұң?

Жас сазгер Алматы медицина институтында оқитын Айымзада деген қызға өлердей ғашық болады. Қос ғашық өзара түсінісіп, мәңгілік бірге болуға сөз байласады. Ғашықтардың қызығы енді басталған шақта, жазғы каникул уақыты келеді. Екеуі қимай қоштасып, жаңа оқу жылында кездесуге уәделесіп, бірі Алматы маңына, екіншісі Құланға жол тартады. Екеуі жаз бойы хат алмасып тұрады.

Бір жолы Мэлстің хаттарына қыздан жауап келмей қалады. Кейінгі қысқа хаттарының бірінде Айымзада «Бұдан былай үйге хат жазба, ата-анам біліп қойса, ұят болады» деп ескертеді. Содан жігіт сабыр іздеп, амалсыз мойынсұнып, каникулдың біткенін асыға күтеді. Жаңа оқу жылы басталысымен, Мэлс Алматыға қарай құстай ұшады. Іздегені – Айымзада. Оқу орнына барса, әлі келмеген екен. Не істерін білмей, сыртта тұрғанында мұны танитын курстас қыздардың бірі суық хабар жеткізеді. Айымзада каникул кезінде өзенге шомылып жүріп, суға кетіп қайтыс болған екен.

Мұны естіген Мэлстің көзі қарауытып, алқымына өксік тығылып, жатақханасына жүгіре жөнеледі. Өзегі өртеніп, ас-су ішпей ұзақ жатады. Енді бұлай жата берсе, ішқұса болып өлетінін сезеді. Көл басына барып, мұңайып отырып, әуеннен тыншу сұрайды… Сезімге толы «Келші, айым» әні осылай дүниеге келген.

«Қарағым-ай» — Кеңес Дүйсекеев

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Нұрлан Өнербаев орындайтын «Қарағым-ай» әнін халық әні деп ойлауыңыз мүмкін. Ән жарыққа шыққанда әншінің басына түскен ауыр қайғыдан шыққан туынды болар деп те болжаған. Бірақ әннің әнші тағдырына қатысы жоқ. Туындының шығу тарихы оның әуенін жазған Қазақстанның еңбек сіңіргені қайраткері Кеңес Дүйсекеевтің мұңымен байланысты.

Композитор көпбалалы отбасында өскен. Ұлдар ішінде жалғыз қыз — Күлшат деген әпкесі болады. Мұғалім болу үшін педагогикалық жоғары оқу орнында оқыған. Өкінішке қарай, он тоғыз жасқа қараған шағында Күлшат кенеттен қайтыс болады. Артынан о дүниеге әкесі аттанады. Кейін Кеңес Дүйсекеев ер жетіп, өнерге қанат қаққан тұста жастай кеткен әпкесінің рухына тағзым ету үшін «Қарағым-ай» әнін шығарады.

Әнді тыңдағанда «ұзатылып бара жатқан қызға арналған-ау» деген ой келеді. Композитор шығармасын жазғанда «Әкем мен әпкем тірі болғанда, әпкем өз босағасынан ұзатылып жатыр еді. Әкем ақ батасын беріп, қызына осы әнді айтар еді» деген ойы болыпты. Демек, «Қарағым-ай» — әкесінің қызына арналған әні.

«Желтоқсан желі» — Әбиірбек Тінәлі

Бұл ән Алматыдағы алаңдағы Желтоқсан көтерілісі болған үш күннің екінші күні, яғни 1986 жылғы 17 желтоқсан күні жазылған. «Желтоқсан желінің» әнін жазған Әбиірбек Тінәлінің айтуынша, ол күндері өзі Жамбыл облысында тұратындықтан, алаңда бола алмаған.

«Бізді Алматыға жібермеді, ол кезде еш рұқсат болмады. Сондықтан біз қапалы күйде үйімізде отырдық. Сол үшін әлдекімдерге ренжідік… сол кезде туған ән еді бұл, ақын Әбдірахман Асылбеков ағамызды тауып алып, әлгі әнге сөз жазғыздық», — дейді автордың өзі.

Ән авторының айтуынша, сөзін жазғанда ашық айтуға болмайтынын да ескеруге тура келген. Сондықтан олар ән мәтінін 1969 жылғы қатты қыс болған желтоқсанды меңзеп жазған.

Кейін авторлар Алматыға келіп, әнді Қазақ радиосының студиясында жазып алады. Бірақ эфирден беруге рұқсат ала алмаған. Ән халыққа алғашында тек Азаттық радиосы арқылы жеткен.

«Мың бір түн» — Диана Исмаилова

Ерке Есмахан 2019 жылы композитор Диана Исмаиловаға «Мың бір түн» әнін жаздырады. Сөйтіп бірден туындыға әсерлі бейнебаян түсірді. Бұл клип шынайы оқиға желісінде түсірілген. Ерке Есмахан бір сұхбатында: «Атырау облысында Шалқар деген азамат наурыз айында жұмыс бабымен басқа бір жанды құтқарамын деп өзі ажал құшты. Мені батырлығы, қайсарлығы тәнті етіп, оның жақында шаңырақ көтерейін деп жүргені, жалпы бұл оқиға жаныма қатты батты. Клип түсірмес бұрын оның анасынан және сүйіктісінен рұқсат алдым», — дейді.

Бейнебаянға арқау болған қайғылы оқиға 2019 жылғы 21 наурыз күні болды. Сағат 21.52-де «102» пультіне белгісіз адам хабарласып, орталық көпірден бір адамның суға секіргенін хабарлаған. Оқиға орнына бірінші жеткен патрульдік полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев ойланбастан мұздай суға секірген. Сержант әйелді құтқарғанымен, өзі ағысқа төтеп бере алмай, суға кетіп, көз жұмды.

«Таптым-ау сені» — Қазыбек Құрайыш

Кейінгі жылдары қосылған ғашықтардың әнұранына айналған бұл ән, көпшілік ойлағандай, автордың сүйіктісіне арналмаған.

Хит әннің шығу тарихы қызық. Бұл туынды Қазыбектің туған әпкесінің теңін табуымен байланысты болып шықты. Қазыбектің көпке дейін тұрмысқа шықпай қалған әпкесі болыпты. Ағайын-туыс, дос-жаран — бәрі одан «Қашан күйеуге шығасың?» деп сұрай берсе керек. Әрқайсының сұрағына жауап беруден қажып, көңіліне алған әпкесі сыр бөлісерге адам таппайды. Бір күні жылап отырып, Қазыбекке мұңын шағады.

Біршама уақыт өткен соң бір күні Қазыбекке әпкесі телефон шалады. Сонда жарқын дауыспен: «Қазекен-ау, таптым ғой, теңімді таптым», — депті қуана.

Әпкесімен бірге қатты қуанған Қазыбектің шабыты оянып, сол жерде әні мен сөзі қатар келеді. Ән қазір шетелдерде де хитке айналды.

«Жан сырым» — Құрмаш Махан

Кейінгі жылдары Құрмаш Маханның әндерін жас әншілер де орындап жүр. Автордың айтуынша, бұл ән оның жас кезіндегі ғашығына арналған. Тіпті оның «Аяулым», «Аңсарым», «Кездесу мен қоштасу» және өзге алты әні осы қызға арналған екен.

«Қазақтың қарапайым қызы, біздің Жамбыл облысының тумасына арналды. Біз 1995-2000 жыл аралығында бірге болдық, жүрдік. Сол аралықта талай ән жазылды. Мысалы, «Жан сырымды» туған күніне жаздым. Дәл сол күні әнге вальс биледік. Енді нақты түрін түстеп, атын әйгілеудің қажеті жоқ шығар. Оның өз бала-шағасы бар, менің өз отбасым бар, — деді әнші бір сұхбатында.

***

Тағы оқыңыз:

Õzen, Shotal, Uya. Қазақстанда қандай лейблдар бар?