Астанада ер адам кокаин сатумен айналысқан

Астанада азық-түлік жеткізушінің атын жамылған ер адам кокаин сатумен айналысты. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Арнайы операция барысында бұрын сотталған Астананың 23 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол азық-түлік жеткізуші курьер ретінде қаланы аралап, есірткіні жасырын жерлерге тығу арқылы сатқан. Ал тұтынушылардың тапсырысын интернет арқылы қабылдап жүрген.

Тінту кезінде одан кокаин тәркіленді. Автокөлігі мен пәтерінен есірткінің іздері бар электрон таразылар, қаптамаға арналған полиэтилен пакеттер, сонымен қатар кокаин, мефедрон және марихуана есірткі заттары табылды. Барлығы 100-ден астам бір реттік есірткі заты тәркіленді, — деді полицейлер.

Күдікті өз кінәсін мойындап отыр. Қазіргі кезде қылмыстық кодекстің 297-бабы, 3-бөлігі (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде заңсыз алу, сақтау, тасымалдау немесе өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Есірткі сатушы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның сыбайластары анықталып жатыр.

Айта кетейік, осы қылмыс үшін 10 жылдан 15 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.