Димаш Құдайберген финалда кіммен дуэт айтады?

Димаш пен Алпамыстың Францияға сапарын да жақсылыққа жорыдық. Оны Арыстанбек Мұхамедиұлының «Димаш маусым айындағы жеке концертінде Лара Фабианмен бірге ән айтады» деген сөзі де растай түскендей болып еді. Алайда Алпамыстың «Егемен Қазақстан» газетіне «Димаш финалда қытайлық әншімен бірге ән айтады» деп сұхбат беруі Димаштың жанкүйерлерінің үмітін үзгендей болды.

Жақында әлеуметтік желілерде қытай қыздарының «Димаш финалда өзінің қытайлық боссы – Димашқа байқау аясында қолдау көрсетіп келе жатқан «ВG Talent» продюсерлік компаниясының бас директорларының бірі – Лауре Чангпен бірге ән айтпақшы. Онда Димаш финалда 1-орын ала алмайды. Димаш Лауремен бірге ән айтпасыншы» деген мазмұндағы жазбалары пайда болды. Финал жақындағалы тіптен көбейіп барады. Олар Димаштың одан да қазақстандық бір әншімен ән айтуын сұрайды.

Сонымен Лауре Чанг деген кім? Қытай қыздары Димаштың онымен бірге ән айтқанын неге қаламайды?

Лауре Чанг 1982 жылы Шанхайда дүниеге келген. Кәсіби әнші. «Хунан ТВ» арнасынан көрсетілетін «Супер әнші бикеш» телебайқауының 2006 жылғы 3-маусымының жеңімпазы. Басқа да жүлделері жетерлік. Өзі ән шығарады, әнге сөз де жазады. Түрлі жанрда және бірнеше тілде ән салады. 2013 жылы «Мен – әншімін» тележобасына қатысып, 8 кезеңге дейін жеткен. Сосын кезінде Лара Фабианмен бірге дуэт те айтқан екен. Қысқасы, өте талантты әнші.

Ендеше, қытай қыздары одан неге шошиды?

Қытай менталитетін және қытай тілін жақсы білетін танысымның ақпараттарына сүйенсем, оның мынадай себептері бар екен:

1. Ең басты себеп – Лауре, орысша айтқанда, өте «эпатажная» көрінеді (киім киісі жағынан). Соған орай «қытайлық Леди Гага» деген лақап аты да бар екен. Ал дәстүрлерді берік ұстанатын қытай халқына бұл ұнамайды-мыс.
(2013 жылы «Мен – әншімін» тележобасының гала-концертінде Лауре қонақ ретінде қатысып ән айтқан. Артынша сахнаға модель қыздар шығады. Үстерінде – Лауренің өзі ойлап тапқан киім үлгілері.)

2. Лауре – біздің Димаш сияқты жетістіктеріне табанды еңбегімен жеткен әнші. Өз-өзіне өте сенімді. Ешкімге жалтақтамайды. Ешкімнің көмегіне зәру емес. Өз бетінше жұмыс істей алады. Мансапқұмар. Бүгінде білдей бір продюсерлік компанияның бас директорларының бірі болып отырғаны да – өз еңбегінің арқасы. Алайда әлдекімдерге Лауренің осы іскерлігі ұнамайтын секілді.

3. Лауре – еуропашыл, батыс стилінде ән салатын әнші. Ал патриот қытайлар мұндайды ешқашан қабылдай алмайды.

4. Сосын, рас-өтірігін білмеймін, Лауренің бойында ұйғыр қаны бар көрінеді. Қытайлар сол себепті де оны жақтырмайды-мыс.

Салымыз суға кетпей тұра тұрсын. Лауремен дуэттің мынадай пайдалы жақтары да бар екен:

1. Қытай қыздарының да, Лауренің әндерін тыңдап көрген таныстарымның да айтуынша, сөзсіз, Лауре – тамаша әнші. Бұған көз жеткізу мақсатында өзім де әншінің бірнеше аудиожазбаларын тыңдап, оркестрдің сүйемелдеуімен ән айтқан бейнеклиптерін қарап шықтым. Ұнады. Сахнада өзін өте еркін ұстайтын әнші екен. Өз-өзіне сенімділігі байқалып-ақ тұр.

2. Димаш елімізде жүргенде де «ең сымбатты қазақстандық әнші жігіттердің» қатарында болатын. Қытайға барған соң стилі, имиджі мүлдем өзгеріп, сымбаты тіптен айшықтала түсті. Көптеген ВК қолданушылары: «Бұл орайда, әрине, Димаштың боссы – Лауре Чангтың үлесі өте зор. Яғни Лауре Димашты қалайда қай жағынан да «жұлдыз» етуге тырысады. Димаштың жеңімпаз атануы – оның да қазіргі басты мақсаты. Әлдекімдер айтып жүргендей, ол Димаш арқылы финалда өзін-өзі жарналамауды көздемейтіні анық», – деседі.

«Онда неге Димаш басқа қытай әншілерімен ән айтпайды екен? Мәселен, Хан Хонг?» (Димаш 8-кезеңде орындаған «Таң атты» дейтін тамаша әннің авторы және орындаушысы). Сөйтсек, «Мен – әншімін» тележобасының шарты бойынша, қатысушылардың финалда тележоба жеңімпаздарымен бірге дуэт айтуына болмайды екен. Ал Хан Хонг – «Мен – әншімін» байқауының 2015 жылғы жеңімпазы (сол жылы қазір Димашпен бірге финалға өткен Ли Джиан атты әнші 2-орынды жеңіп алған).
«Хан Хонгтан да басқа әншілер бар шығар?».

Әрине, бар. Бірақ… Тележобаның 2014 жылғы маусымында Шила Амзах есімді малайзиялық әнші көрермендердің ерекше ықыласына бөленіпті. Жеңістен үміткер болыпты. Алайда финалда Шиламен бірге дуэт айтқан қытай әншісі әнді әдейі (осылай жазып жүр) бұзып айтып, Шиланың ойдағыдай өнер көрсетуіне кедергі келтіріпті. Соның кесірінен Шила небары 3-орынға ие болыпты. Басқа қытайлық әншінің Димашқа да солай «қастандық жасамасына» кім кепіл? Ал Лауре Чанг, керісінше, Димаштың тамаша өнер көрсетуі үшін барын салатын болады. Сол себепті дәл қазіргі уақытта Димашқа дуэт айту үшін өз боссынан артық әнші жоқ.

Айтпақшы Димаштың финалда Лара Фабианмен бірге ән айтуын құптамайтын да пікір бар. Себеп – өткенде Францияда қытай полисменінің өлтірілуі. Яғни қытайлар қазір француздарға өшігулі. Әйтсе де, Лараның француздарға түк қатысы жоқ. Бар болғаны – французтілді әнші. Шындығында, ол – Канада азаматшасы. Шыққан тегі – бельгия-итальяндық.

«Иә… Қызықтың бәрі алда секілді…» демеймін. Мен үшін қызық емес, Димаштың жеңісі маңызды. Алла жар болсын! Алға, Димаш!

Сосын, жоғарыда айтып өткен танысымның айтуынша, тележобаның өткен маусымдарында ешбір әнші қанша жерден жан-жақтан қызығушылық тудырғанымен, дәл Димаш сияқты фейерверк жасамапты. Оның өз сөзін келтірсем, «бүкіл әлем Димаштың «Патша әнші» атануын күтіп отыр, солай болатынына сеніп те отыр». Ендеше, үмітіміз үзілмесін! Біз де жақсылыққа сенейік!

Дереккөзzhasorken.kz