Сәкен Абсаматов: Бала құқығы туралы конвенция

Кез келген ата-ана өз баласының тәрбиесіне мейлінше мән береді. Үлкенін кішісіне жауапты етуге тырысады. Балалар арасында болып тұратын ұрыс-керісті әділ шешкісі келеді, бірақ көбіне кішісіне бүйрегі бұратыны жасырын емес.

Жалпы балалардың құқығы заңмен қорғалады. Мұндағы басты бағдар – бала құқығы туралы конвенция. Бұл адамзат баласының туған кезінен 18 жасқа толғанға дейінгі құқығы мен бостандығын бекітетін халықаралық құқықтық акт. Конвенцияда балалардың кім екендігі түсіндіріледі, сондай-ақ олардың барлық құқығы мен үкіметтің міндеттемесі көрсетіледі. Бала құқығын қорғау конвенциясы 1989 жылы 20 қарашада қабылданды. Конвенцияның 54-бабында өктемдік көрсетуден қорғау, отбасы өмірінің тыныштығын сақтау, пікірін еркін білдіру көрсетілген.

Қазақстан осы заңнамаға сәйкес 2002 жылы 8 тамызда «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңын қабылдады. Балалар құқығын қорғау ережесі де бар. Оларға ерекше қамқорлық керек. Балалар да сыйлау, қол тигізбеу, абыройын сақтау сияқты құқыққа ие. Онымен қоса психологиялық қысым немесе жәбірлеу деген де бар. Психологиялық немесе эмоционалды жәбірлеуге үнемі немесе кей кездері балаға сөзбен немесе басқа әдістер арқылы жәбір көрсету, ата-ананың қорқытып-үркітуі, кемсітуі, жақсы көрмейтінін не жақтырмайтынын білдіруі мысал бола алады. Мұның салдарынан бала ересек адамға немесе өзіне деген сенімінен айырылады. Физикалық, психологиялық жәбірлеу мәселесіне бейжай қарауға болмайды. Осы орайда оқырманға конвенция жайлы қысқаша мәлімет бере кеткенді жөн көріп отырмыз: Конвенцияға кіретін құқықтың бәрі барлық балаға бірдей тарайды. Құжатқа қол қойғаннан кейін балаларды кемсітуден қорғауға және олардың құқығын жүзеге асыруға жәрдемдесу үшін белсенді шаралар қолдануды мемлекет өз міндетіне алады. Мемлекет әрбір баланың амансау өсіп, жан-жақты дамуын қамтамасыз етеді.

Бала өмірге келе салысымен тіркеуге алынып, өзіне есім мен азаматтық алуға, өз отбасында ата-анасымен бірге өмір сүруге құқылы. Бала мектепте кінәлі болғанда да оны ешкімнің ұрып жазалауға, кемсітіп қорлауға құқығы жоқ. Бала тынығуға және мәдени демалуға құқылы. Әрбір баланың ой-пікір, ар-ождан және дін еркіндігіне құқығы бар. Бала өзі қалаған спорт түрімен шұғылдануға құқылы, өз денсаулығын сақтауға, емделуге, әрі өз ойын еркін айтуға құқылы. Сондықтан осы міндеттемені әр ата-ана жадында ұстап, бала тәриесіне барынша көңіл бөліп, мамандармен жиі ақылдасып тұрғаны абзал.

Сәкен АБСАМАТОВ,
Түркістан облысы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы