Құқық қорғау институттарын күшейтуге полиция қызметкерлерінің үлесі зор

Түркістан қаласында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, сала қызметкерлерін халыққа жақындату тұрғысында елеулі жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Осы ретте Түркістан қалалық Полиция басқармасының бастамасымен шаһардың түкпір-түкпірінде аталмыш мақсатты көздеген келелі кездесулер ұйымдастырылып келеді. Ол жөнінде біздің ақпараттық портал тұрақты түрде ақпараттар ұсынып келеді. Осы мәселе аясын кеңірек қамту тұрғысында Түркістан қаласындағы және өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етпекпіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауының бесінші бағытын құқық қорғау институттарын күшейту  хақында айтқан болатын. Осы тұрғыдан Түркістан қаласының аумағында кешенді шаралар қолға алынып, нақты жұмыстар жүргізілуде. Анықтап айтқанда киелі өңірде қылмысты азайту жолында ішкі істер саласына мемлекет тарапынан көптеген міндеттер жүктеліп, тиісінше жағдай да жасалынып жатыр.

Тұтас өңір жөнінен  қылмыстық ахуал тұрақты. Осы жылы 2000-нан астам құқықбұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 пайызға төмендеген. Оның ішінде ауыр қылмыстың тіркелімі 44,7 пайызға азайып отыр. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуы 90 пайызды құрады. Жалпы, қылмыстың алдын алу, болдырмауда біздің жеке құрам тәулік бойы қызметте. Полиция қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқаруға жұмыс жасап жатыр. Соның нәтижесінде Түркістан республика көлемінде қылмысы ең аз облыс қатарында деп айтуға толық негіз бар.

Қылмысты ашудан бұрын алдын алу тиімді екені баршаға белгілі. Жеке құрам қызметкерлері ұрлық қылмыстарының алдын алуда десек те кей жағдайларда қылмыстар азайып жатса, тіпті кейбірі өсіп кететін жағдайлар орын алып отырады. Мәселен, 2021 жылы пәтер ұрлығы бойынша 131 жәйт болса, ағымдағы жылы 198 болған. Ал, ашылуы 72,7 пайызға жоғарылаған. Тонау қылмысы өткен жылдың 4 айында 19 болса, 2022 жылдың осы кезеңінде 16 дерек тіркелген. Ашылуы 100 пайызды құрап отыр.

Сонымен қатар, заңсыз көші-қонға қарсы күрес бойынша біршама жұмыстар атқарылды. 2022 жылдың басынан бері Түркістан облысында жалпы 7784 шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар қабылдаушы тараптардың хабарламалары негізінде есепке қойылған. Бұл өткен жылғы осы мерзімге қарағанда 3,5 пайызға жоғары болса, 2021 жылдың тиісті кезеңінде – 7515 тұлға есепке алынған. Есепке алынған шетелдіктердің басым көпшілігі немесе 6764-і Өзбекстаннан, 275-і Ресейден және 302-і Қырғызстаннан келген. Күнделікті және жүйелі түрде атқарылған жұмыс нәтижесінде 2022 жылдың 4 айында республиканың көші-қон заңдылығын бұзған жалпы – 3919 (2021 жылы – 2658) шетелдіктер мен ҚР-сы азаматтары анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 771 (399) шетелдік азамат болып отыр.

Аталған құқықбұзушылардың 1495-ы (871) ескертілген, 1897-не (1443) әкімшілік айыппұлдар салынды, 138 (69) шетелдік әкімшілік қамауға алынды. Өзге елдердің 124 (75) азаматы ел аумағынан аластатылды. Сонымен қатар, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған – 56 (2021 жылы-33) және шетелдіктерді заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен – 367 (238) Қазақстан Республикасының азаматтары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Енді бір дүние полиция теңгерімінде 600-ден астам бірлік көлік құралы бар. Қамтамасыз етілуі 59,24 пайыз. ҚР Ішкі істер министрлігімен бекітілген 2022 жылғы штаттық нормаға сәйкес, көлік құралдарының 415 бірлігі жетіспейді. 2022 жылы «Аманат» партиясының «Өзгерістер жолы: Әркімге лайықты өмір!» жол картасы бойынша 22 бірлік «Chevrolet Nexia» маркалы жаңа автокөліктер сатып алынды. Көліктерге бояу, рәсімдеу, балансқа алу жұмыстары жүргізіліп, учаскелік полиция инспекторларына бекітілуде. Сонымен қатар, жұмысты жоғары деңгейде атқарып, халыққа сапалы қызмет көрсету үшін соңғы үлгідегі компьютерлік құрал-жабдықтар, планшеттер, бейнежетондарды жаңартып отыру жұмыстары да атқарылуда.

Келесі бір түйткілді мәселе мал ұрлығына тосқауыл қою, үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік апаттарын болдырмау мәселесі полиция назарынан тыс қалған емес. Яғни, «Ауылшаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» деректер базасын өзектендіру, тасымалданатын малға ветеринариялық құжатты тапсыру тәртібі, стационарлық ветеринариялық бекеттерді құру мәселесін қарау, сонымен қатар «ҚР ІІМ-нің ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасының Түркістан аумағында іске асырылу бойынша жұмыстар кең көлемде атқарылады.

2022 жылы облыста 72 (2021 жылы 130) мал ұрлығы тіркеліп, қылмыстың тіркелуі 44,6 пайызға төмендеді. Ал, 72 мал ұрлығының 27-сі қора-жайдан болса, 45 дерегі жайылымнан ұрланған. Жалпы, алғанда тұрғындардың 360 бас малы ұрының қолына түскен. Осы жылда 1700-ден астам мал тиелген жүк көліктері тексерілді. Соның нәтижесінде 336 үй жануары құжаттары болмағаны және сырғаланбағаны бойынша анықталып, бұл жәйт ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабымен тіркелді. Бүгінде жинақталған іс құжаттар заңды шешім қабылдану үшін ветеринария инспекциясына жолданды. Осы тұста мал ұрлығын азайту мен болдырмаудағы ұсыныстарды айта кеткен оң болмақ. Нақтылап айтқанда мал ұрлықтарын ашуға септігін тигізетін техникалар (бейнебақылау) санын арттыру, малдардың қараусыз жайылу мәселесін бірлесіп шешу. Халықпен кездесулерде айтылған сын-ескертпелер бойынша жұмыс жасау, «үшжақты келісім-шарт» жобасын одан ары жандандырып, жалғастыру, мал тасымалдаушы, сатушы басқа да осы іске қатысы бар тұлғалардың тасымалдау тәртібінің талаптарының орындалуын тексеру. Осы сынды қауіпсіздік шараларын күшейтуіміз керек. Осы талаптар толықтай орындалған жағдайда, мал ұрлығының азайған үстіне азаятыны өтірік емес.

Сонымен бірге Түркістан облысының барлық аумағында орнатылған жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары тәртіп сақшыларына қылмыстарды ашуға және түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі. Бүгінгі күні қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облысында 1333 бейнебақылау камералары орнатылған. Оның 952-сі жедел басқару орталығына қосылған. Ал, Түркістан қаласында 836 бейнебақылау камералары бар. Оның 500-ден астамы «Сергек» камералары.

Атаулы бейнебақылау камералары жедел жағдайды жақсартып қана қоймай, ішкі істер органдары қызметкерлерінің тәртібін, заңдылығын және жұмыс сапасын нығайтты деп толықтай атап айта кеткен жөн. Бұл өз кезегінде полиция қызметкерлерінің тікелей қатысуынсыз да қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және жол қозғалысы ережелерін сақтауға өз септігін тигізуде.