Мұхит Тұрғараев: Әрбір азаматқа тегін құқықтық көмек көрсетіледі

Облыстық әдiлет департаменті мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтiк-құқықтық актiлерге мониторинг жүргізумен қатар, әділет органдарынан және өзге де мемлекеттік органдардан, сондай-ақ, нотариустардан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою жөніндегі функцияларды жүзеге асырады. Азаматтық хал актiлердi, коммерциялық емес ұйымдарға жататын заңды тұлғаларды және филиалдар мен өкілдіктерді тіркеп, құқықтық көмек пен заңгерлік қызмет көрсету, сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету, зияткерлік меншiк құқықтарын қорғау сынды міндеттерді іске асырумен шұғылданады.

Ажырасу едәуір азайған

Облыстық әділет департаменті тарапынан 2022 жылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтің 11 түрі бойынша жалпы саны 2939 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Мемлекет басшысы 2022 жылы 20 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік және мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын. Аталмыш заң авторлық құқықты қорғаудың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ өнеркәсіптік меншік объектілерін қорғауды күшейтуге бағытталған салалық заңдардың нормаларына өзгерістер енгізуді көздейді. Осыған орай зияткерлік меншік құқықтарды қорғау бөлімі өткен жылы 300-ге жуық құқықтық насихат жұмыстарын жүргізіп, жеке кәсіпкерлер және сауда орындарында авторлық құқықты қорғау мен тауар таңбаларының тіркелуін түсіндіру мақсатында кездесулер ұйымдастырды.

«Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» 1995 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, қазіргі таңда саяси партиялар мен діни бірлестіктерді қоспағанда, заңды тұлғаны, оның өкілдігін, олардың құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды, сондай-ақ, қызметінің тоқтатылуына байланысты мемлекеттік тіркеу жұмыстары «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы берілген электрондық өтініш негізінде жүргізіледі. Жалпы, өткен жылы облыс көлемінде 121 заңды тұлға, олардың 46 филиалы мен өкілдіктері, ал, 109 заңды тұлғаның 24 филиалы мен өкілдіктері қайта тіркеуден өтті.

Азаматтық хал актілерін тіркеу жұмыстарына келсек, былтыр облыс бойынша 81627 акт тіркелген. Өткен жылы 58949 сәби дүние есігін ашып, 9618 адам дүниеден озған. Ал, 11986 жұп некесін қиса, неке бұзу көрсеткіші 651-ді құрады. 2021 жылмен салыстырғанда неке бұзу саны едәуір азайған.

134 борышкердің мүлкі тәркіленді

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалы тарапынан 2022 жылы жылжымайтын мүлікті тіркеу саласы бойынша 163552 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 56583-і, яғни 48,2 пайызы электронды түрде орындалған.

Бүгінгі таңда Түркістан облысында 197 нотариус, 172 адвокат, 201 заң кеңесшісі қызмет атқарады. Нотариаттық іс-әрекеттердің заңдылығына және нотариаттық іс жүргізу ережелерінің сақталуына қатысты 8 мәрте тексеру жүргізіліп, әр түрлі негіздер бойынша 1 нотариустың және 3 адвокаттың лицензиялары тоқтатылды. Облыстағы барлық аудан, қалалар бүгінде адвокатттық қызметпен қамтылған. «Е-заң көмегі» ақпараттық жүйесі бойынша Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2020-2024 жылдарға арналған Даму жоспарына сәйкес 119 адвокат мемлекеттік кепілдік берген заң көмегін көрсетеді. Былтыр республика бойынша 170 мыңға жуық азамат заң көмегін алса, халықтың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында 2000-нан аса іс-шаралар ұйымдастырылды.

Түркістан облысы бойынша 15 мемлекеттік сот орындаушы, 151 жеке сот орындаушылары жұмыс істейді. 2022 жылы алимент өндіру бойынша 24 203 атқарушылық құжат орындауға жіберілсе, оның 4337-і аяқталып, қалған 19 866 құжат қазіргі таңда орындалу үстінде. Алимент төлеуден жалтарған және басқа да атқарушылық өндірістері бойынша 361 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 134 борышкердің мүлкі тәркіленді.

Түркістан облысының жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының тәртіптік комиссиясы тарапынан былтыр 134 жеке сот орындаушының жұмысына жоспарлы тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 102 жеке сот орындаушының тәртіптік жауапкершілігі қаралып, 1 сот орындаушы лицензиясынан айырылды. Ал, ҚР Әділет министрлігі Сот актілерін орындау департаментіне 1 жеке сот орындаушысын лицензиясынан айыру туралы ұсыныс енгізіліп, нәтижесінде бұл іс қазір сотта қаралуда.

Сондай-ақ, былтыр сот үкімімен мүлік тәркілеу бойынша 253 атқару өндірісі орындауға түсті. Мемлекет пайдасына тәркіленген негізгі айғақты заттар ретінде автокөліктер, автокөлік дөңгелектері, жанар-жағармай, мотокөліктер, алкоголь және темекі өнімдері, теледидарлар, компьютерлер және оның құрылғылары, терминал аппараттары, ұялы телефондар, қайықтар және қайық моторлары, балықтар, сексеуіл және жыңғыл ағаштары Қазақстан Республикасы Үкіметінің №404 қаулысы негізінде жергілікті атқарушы органға және Түркістан облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне айғақ заттар ретінде өткізіліп, 1 706 670 теңге және 300 АҚШ доллары мемлекет пайдасына тәркіленді.

Еске сала кетейік, әділет органдарына қатысты мәселелер және адвокаттардың, нотариустардың, жеке сот орындаушылардың іс-әрекеттеріне қатысты барлық құқықтық сұрақтар бойынша азаматтар Әділет министрлігінің Құқықтық ақпараттық қызметіне 119 нөмірі бойынша хабарласа алады.

Мұхит Тұрғараев,
Түркістан облысы Әділет департаментінің басшысы